Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнаулы өкілі Дэвид О’Салливан 28 наурызда Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында Ресейге санкция салуды қолдамайтын елдер санкцияны айналып өтетін құрал болмауға тиіс деп мәлімдеді.
Ол Украинаға басып кірген Ресейге санкцияның 10 пакеті салынғанын айтты.
Біздің міндетіміз – санкцияны тиімді жүзеге асыру. Кей елдердің сауда айналымын сараптай келе, оның бұрын-соңды болмаған деңгейде өскенін байқадық. Қырғызстан – сондай мемлекеттердің бірі, бірақ жалғыз емес. Біріккен Араб Әмірліктеріне, Түркияға бардым. Қазақстан, Өзбекстан, Грузия мен Арменияға да барғалы отырмын, – деді Дэвид О’Салливан.
Бұған дейін Еуропаның қайта құру және даму банкі былтыр Қырғызстанның, Қазақстан мен Арменияның Батыс елдерінен импорты мен Ресейге экспорты едәуір өскенін хабарлаған. Сараптамаға қарағанда, Ресей бұл елдерді экономикалық санкцияны айналып өту үшін пайдаланып отырған болуы мүмкін.
The Economist журналы әлемдегі "Путиннің достары" дейтін тізімін жасаған. Тізімде Қазақстан төртінші орында тұрған.
Қазақстан билігі Ресейдің Украинаға басқыншылығын ресми түрде қолдамаған, бірақ Мәскеудің әрекетін айыптамады да. Әрі Ресей үкіметімен ынтымақтастықты Батыс санкциясы тәртібін бұзбай жалғастыра беретінін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР