Accessibility links

АҚШ консулы Ресейде қамалған The Wall Street Journal журналисі Эван Гершковичпен кездесе алмаған


Эван Гершковичті Мәскеудегі сот залынан әкетіп бара жатқан сәт.
Эван Гершковичті Мәскеудегі сот залынан әкетіп бара жатқан сәт.

АҚШ билігі тыңшылық жасады деген айыппен қамауға алынған The Wall Street Journal басылымының Мәскеудегі тілшісі Эван Гершковичті босатуға бар күш-жігерін салып отыр. Бірақ АҚШ-тың Ресейдегі елшілігінің қызметкерлеріне Гершковичпен кездесуге әлі күнге дейін рұқсат берілмеген. Бұл жөнінде АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби мәлімдеді.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрлігі қамаудағы журналиспен Америка дипломаттарының кездесуіне рұқсат берілгенін хабарлаған.

Абақтыдағы Гершковичке дүйсенбіде адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшесі Алексей Мельников пен қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Георгий Волков барған.

Мельниковтің сөзінше, журналист карантин камерасында отыр, қандай да бір шағымдары жоқ. Гершковичке абақтының ішкі тәртібі мен хат жазу реті түсіндірілген.

Гершкович Екатеринбургте қамауға алынғаны 30 наурызда белгілі болған. Сол күні Мәскеу соты журналисті абақтыға қамаған. 1986 жылдан бері Ресейде АҚШ журналисі бұлайша қамалған емес.

Ресей билігі Гершкович "АҚШ-тың тапсырысымен әскери-өндірістік кешен кәсіпорындарының бірі туралы мәлімет жинаған" деп есептейді. Нақты қандай айып тағып отырғаны әзірге белгісіз. Қамаудағы Гершковичтің бұл жөнінде айтатындай мүмкіндігі жоқ. The Wall Street Journal редакциясы мен АҚШ билігі журналист тыңшылық жасады деген айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарып, оны кінәсіз деп отыр.

АҚШ бұған дейін өз азаматтарына қауіпсіздік мақсатында Ресейден кетіп қалуды ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG