15 мамырда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапарымен барып, көпжақты қатынастарды дамытудың перспективалық бағыттарын талқылау үшін Еуропа одағының жоғары лауазымды өкілдерімен келіссөз жүргізген. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Бұған дейін Батыс ақпарат құралдары Еуропа одағының жаңа санкциясына Қазақстан да ілігуі мүмкін деген болжамдар жариялаған.
Бүгін Еуропа одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі – Еурокомиссияның вице-президенті Жозеп Боррель Twitter-дегі парақшасында екі тарап байланыс, энергетика, маңызды шикізаттарды өндіру мен пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты тереңдету мәселесін талқылағанын жазған. Ол "Ресей соғысының салдары мен санкцияны айналып өту мәселесі жөнінде де ой-пікір бөлістік" деп жазды.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта санкция туралы сөз болмаған, "дипломаттар Астана мен Брюссельдің көпқырлы қарым-қатынастарының кең ауқымын қарастырды" деп сипаттаған.
Мұрат Нұртілеу биыл сәуір айында сыртқы істер министрі болып тағайындалғалы алғаш сапарға шығып отыр. Қазақстан министрі Еуропа одағының жоғарғы өкілі Жозеп Боррель мен Еуропа кеңесі төрағасының сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Саймону Мордюге Қазақстан мен Еуроодақ ынтымақтастығын нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградалары – бірінші және екінші дәрежелі "Достық" ордендерін табыс еткен.
Қазір Еуропа одағы талқылап отырған санкцияның 11-пакетінде Ресейге үшінші елдер арқылы кіретін тыйым салынған тауарлар тізімін ұлғайту мәселесі қарастырылуы мүмкін. Осы айда Politico басылымы Қазақстан мен Өзбекстан секілді Орталық Азия елдері жаңа санкцияға алғашқылардың бірі болып ілігуі мүмкін деген болжам айтқан. 10 мамырда Reuters жаңалықтар агенттігі дипломатиялық дереккөздерге сүйене отырып, Еуропа одағы санкцияны айналып өту үшін Ресейге көмектескен Қытай, Иран, Қазақстан және Өзбекстанның "ондаған" компаниясына санкция әзірлеп отыр деп хабарлаған.
Сәуір айының соңында Еуропа одағының, Ұлыбританияның, АҚШ-тың санкция саясатына жауапты жоғары лауазымды шенеуніктері Қазақстан мен Орталық Азияның өзге де елдеріне келіп кеткен. Соның бірі – АҚШ қаржы министрінің орынбасары Элизабет Розенберг Қазақстан санкцияға жақындап келе жатқанын ескерткен.
ПІКІРЛЕР