Accessibility links

"Бәсекеге түспейтін" Ресей және Мәскеу мен Пекиннің "сынақ аймағы". Қытай+Орталық Азия саммиті не шешпек?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы құжатқа қол қойғаннан кейін қол алысып тұр. Сиань, Қытай, 17 мамыр, 2023 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы құжатқа қол қойғаннан кейін қол алысып тұр. Сиань, Қытай, 17 мамыр, 2023 жыл

Қытайдың Орталық Азиядағы мүддесі қандай? Аймақ елдері Пекинмен серіктестікке қаншалық мүдделі? 18-19 мамыр күндері Сиань қаласында өтетін "Қытай – Орталық Азия" саммитінде не талқыланбақ? Ресей мен Қытай арасында аймақтағы ықпал үшін талас бар ма? Қытаймен тығыз қарым-қатынастан Қазақстан не ұтады, неден ұтылады? Азаттық бұл туралы Сингапурдағы Наньян технология университеті жанындағы Раджаратнам атындағы халықаралық зерттеу мектебінің аға ғылыми қызметкері, Лондондағы Қорғаныс зерттеулері біріккен корольдік институтының зерттеушісі Рафаэлло Пантуччимен сөйлесті.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ+ҚЫТАЙ САММИТІНДЕ НЕ ТАЛҚЫЛАНБАҚ?

– Сианьдағы Орталық Азия елдерінің Қытаймен саммиті алты ел басшылары тұңғыш рет жүзбе-жүз бас қосатын кездесу болмақ. Қытай сыртқы істер министрінің ресми өкілі саммит "Қытай мен Орталық Азия елдері қарым-қатынасының жаңа жоспарын әзірлеп, тараптар арасында ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне жол ашады" деді. Сонымен қатар саммитте президенттер Қытай мен Орталық Азия қарым-қатынасын дамыту, барлық саладағы әріптестік пен халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылап, маңызды саяси құжатқа бірлесіп қол қояды. Қазіргі геосаяси жағдайда саммиттің өту уақыты туралы не айта аласыз? Жиынның күн тәртібінде не болуы мүмкін?

Лондондағы Қорғаныс зерттеулері Біріккен корольдік институтының зерттеушісі Рафаэлло Пантуччи
Лондондағы Қорғаныс зерттеулері Біріккен корольдік институтының зерттеушісі Рафаэлло Пантуччи

– Орталық Азия мен Қытай серіктестігі көп жыл жалғасып келеді. Мұндай жоғары деңгейдегі кездесулер онлайн форматта өткен. Орталық Азия+Қытай – түбегейлі жаңа формат емес. Бірақ бұл жолғы кездесу бұрынғымен салыстырғанда біршама жоғары деңгейде өтетіні де рас.

Меніңше, Қытай үшін Орталық Азия − әлемнің тартымды бөлігі, өйткені ол Қытайдың ең сезімтал аймақтарының бірі – Шыңжаңмен шекаралас әрі онымен тығыз байланысты. Қытайдың Орталық Азиямен сыртқы қарым-қатынасы қашан да оның ішкі қауіпсіздік мүддесімен байланысты болды, оны маңызды ете түсетін де – сол.

Сонымен қатар Орталық Азия − Пекин өзінің сыртқы саясаттағы тәсілдерін дәстүрлі түрде сынақтан өткізіп жүрген аймақ. Халықаралық және көпжақты Шанхай ынтымақтастық ұйымы Қытайдың өзі белгілейтін қауіпсіздік мәселеріне басымдық береді, бастапқыда ұйым Орталық Азияны назарға алса, қазір ауқымы кеңейді.

"Бір белдеу – бір жол" бастамасы Орталық Азиядан бастау алды, кейін басқа аймақтарға таралды. [Әріптестіктің] басқа да мысалдары бар. Бұл саммитті осы контекст пен Пекиннің коронавируспен күрес саясаты аяқталғаннан кейінгі Қытай мен Орталық Азия қарым-қатынасы аясында қарастырар едім. Қытайдың ковидпен күресі аяқталған соң, Пекин Орталық Азияны маңызды серіктес деп қарастырғаны анық. Қытай төрағасы Си Цзиньпин пандемиядан соң алғашқы сапарын Қазақстанға жасаған. Арасында Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы басқа форматты көрдік. Орталық Азия − Қытайға ұнайтын және серіктестікке қолайлы аймақ.

Бұдан бөлек, Қытай қазір сыртқы қарым-қатынаста Батыс қатыспайтын балама форумдар мен форматтарды құрып, дамытуға тырысып жүр. Қытай осылайша "бізбен жоғары деңгейде серіктестікті дамытқысы келетін ел көп" дегенді көрсеткісі келеді.

– Си Цзиньпин Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды Наурыз мерекесімен құттықтап жолдаған хатында Қытайдың Орталық Азиямен қарым-қатынасты жаңа серпінмен дамыту бойынша "үлкен жоспары" бар екенін, оның жай-жапсары Сианьда өтетін саммитте айтылатынын мәлімдеген еді. Си Цзиньпин осыған ұқсас хатты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевқа да жолдады. Бұл қандай жаңа жоспар? Ол нені қамтуы мүмкін?

– Егер бұл саммитте ірі келісімшарттарға қол қойылмаса және жаңа немесе бұрыннан келе жатқан жобаларды ілгерілету туралы айтылмаса, бұл таңғаларлық дүние болар еді. Орталық Азия+Қытай форматы алда жалғаса беретін форумға айналады десе, таңғалмаймын.

Мұнымен бірге Қазақстанның Қытай азаматтарына визасыз режим енгізу мәселесі де қызық. Қырғызстан да осыған ұқсас режим енгізуді жоспарлап отыр. Бұл – расында да, қызық сигнал, Қытай осылайша "қарым-қатынасымыз екіжақты, Пекин аймаққа қалай мүдделі болса, аймақ та Қытайға солай мүдделі" дегенді жеткізгісі келеді.

Сондай-ақ пандемия кезінде аймақтың Пекинмен сауда және экономикалық қарым-қатынасы қатты құлдырағанын айта кеткен жөн. Қытайдың коронавирусты нөлге жеткізуге талпыну саясаты салдарынан шекарадан тауар өткізу қиындады. Инвестиция тіпті құлдырады, ол былтыр ғана өсе бастады. Бұл көрсеткіштер қатты ілгері баспады, бірақ біртіндеп өсіп келеді. Сондықтан саммит кезінде бұл жайлы жағымды дүниелер айту оңай болмақ.

Шындығына келгенде, Қытай − аймақ үшін табиғи экономикалық серіктес. Қытайдың кейінгі 20 жыл ішінде Орталық Азиямен қарым-қатынасына үңілсек, экономикалық дағдарыс пен пандемиядан басқа кезеңде үнемі өсім болғанын байқаймыз. Сондықтан бұл – Қытай мен Орталық Азия қарым-қатынасындағы жағымды нәрсе, саммитте мұны да естуіміз мүмкін.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙДІҢ "ҚЫСЫМЫ" ЖӘНЕ "БАТЫСТЫҢ АШУЫ"

– Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммиттен бұрын Қытайдың CCTV арнасына сұхбат беріп, Қытаймен стратегиялық серіктестікті нығайтып, қарым-қатынасты жақсарту керегін айтты. Қазақстан әрдайым шикізат беруші болды. Қытаймен "қарым-қатынасты тереңдету және жақсарту" Пекин елдегі мұнай, металл мен басқа да кен орындарына көбірек қол жеткізеді дегенді білдіре ме?

– Меніңше, ол Қазақстан тауарының Қытай нарығына кеңірек шыға алуы, трансшекаралық сауданы жеңілдету тәрізді бағытты меңзеді.

Шикізатқа келер болсақ, бұл бағытта тығыз қарым-қатынас орнап қойған, ол алда да күшейе берері анық. Қытай уранды сатып алып, қайта өңдеп, өңдеу кәсіпорындарын дамытып жатыр. Сондықтан, меніңше, бұл бағытта Қытай белсенділігі артады, Қазақстан – бұл үшін қолайлы ел.

Бұл жерде мұнай, газ ресурстары туралы сөз болып отыр. "ҚазМұнайГаз" мұны қатаң бақылауда ұстап отыр. Қытай – маңызды ойыншы, бірақ бұл салада ол жалғыз емес. Қашаған немесе Қарашығанақ ірі жобаларын Батыс мұнай компаниялары басқарып отыр. Оларды шеттетіп, CNPC-ді кіргізейік деген әңгіме болып жатқан жоқ.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы қол қойылған құжат алмасып тұр. Сиань, Қытай, 17 мамыр, 2023 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы қол қойылған құжат алмасып тұр. Сиань, Қытай, 17 мамыр, 2023 жыл

Меніңше, қарым-қатынасты нығайту пайдалы қазбаларды да қамтуы мүмкін, бірақ одан да ауқымды болуы ықтимал. Шын мәнінде, Тоқаев Қазақстан Қытайдың үлкен нарығына көбірек шыға алса дегенді көздеген тәрізді. Бұл – көп ақша табуға болатын бай нарық. Ол екі жақтың да пайдасын қарастыратын тәрізді.

Сондай-ақ ол, меніңше, Қытайдың өндіріс орындары Қазақстанға көбірек көшіп, жұмыс орындары құрылғанын қалайды. Сондықтан бұл ретте мәселе тек жерасты байлығын көбірек өндіріп, оны Қытайға сатуға ғана барып тірелмейді.

– Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатудан Қазақстан не ұтады, неден ұтылады?

– Бір серіктеске қатты тәуелді болып қалу қаупі әрқашан бар. Қазақстан энергияны әртүрлі елдерге сатады. Бірақ бір ғана серіктеске тәуелді болудың қаупі сол – бұл ел қиын жағдайға тап болса, оның салқыны сізге де тиеді. Қарым-қатынасты әртараптандыру – Астананың ғана емес, аймақтың басындағы мәселе, Қазақстанды Батыс санкция салған елдер қоршап тұр. Ал бұл әртараптандыру міндетін қиындата түседі, себебі амал-шарғы жасау мүмкіндігі азаяды.

Батыстың Қытаймен және Ресеймен тіресуі күшейген сайын осы аймақ арқылы санкцияларды айналып өту сияқты жайттар Батысты ашуландыра түсері анық. Бұл аптада осының бастамасын көргендей болдық.

Аймақ елдері "жоқ, олай емес, бәрімен доспыз" деп сендіруге шебер-ақ. Бірақ Қытай мен Ресей қысым көрсетіп жатқанда мұндай саясат ұстану қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан бұл әдіс жұмыс істеп тұрғанда ғана нәтижелі. Бірақ жұмыс істемей қалғанда аймақ қиын жағдайға тап болады.

Екінші жағынан, Қазақстанның 2022 жылдың қаңтарында ахуалды тұрақтандыру үшін Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрауға мәжбүр болғаны − әлсіздіктің, осалдықтың көрінісі. Бұл мәселе Ресейдің қолдауымен шешілді. Меніңше, бұл алаңдатады, мұны сүзгіден өткізіп ойлану қажет.

– АҚШ пен Еуроодақ Қазақстанға екінші реттік санкция қаупі туралы ескерту жасады. Сарапшылар Пекин осы саммитті, осы ахуалды Батыс елдерінің қысымынан қорғау кепілдіктерін талқылау үшін пайдаланады дейді. Бұл жайында не дейсіз?

– Батыс санкция енгіземіз деп шешсе, Қытайдың мұны тежеуге мүмкіндігі аз. Қытай Орталық Азияға не ұсына алады? Ол аймаққа "Санкцияларды ойлап, алаңдамаңдар, өйткені біз Батысқа санкция салуға жол бермейміз" дей ала ма? Олар мұны жасай алмайды.

Сондықтан олар мұны "жақсы ұсыныстарымыз бар" деген риторика үшін пайдалануы мүмкін. Қытай мұны саммитте де ұсынуы ықтимал, бірақ Батыс санкция саламыз десе, оны тоқтату үшін не істей алатынын білмеймін.

Жетекшісі ұсталған "Нағыз Атажұрт" ұйымы митинг өткізе алмады

Жетекшісі ұсталған "Нағыз Атажұрт" ұйымы митинг өткізе алмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

"РЕСЕЙ КЕТІП, ҚЫТАЙ КЕЛДІ ДЕГЕН ӘҢГІМЕ – ӘСІРЕЛЕУ"

– Былтыр күзде Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанаға келгенде "Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды" деді. Бұл Ресейге қарата айтылды ма?

– Ол Украина туралы да дәл осыны айтты. Бірақ Украинаға келгенде бірдеңе жасауға талпынды ма? Бұл да – Қытай риторикасы. Олар мұны үнемі айтып жүреді. Олар елдің егемендігін, аумақтық тұтастығын қалайды. Бірақ Ресей алда-жалда әрекетке көшсе, Қытай мұны тежей қояды деу қиын. Алайда бұл ретте Ресей қандай да бір әрекетке барады деп ойламаймын, себебі олар Қытайдың шамына тигісі келмейді. Ресей бұл Қытайға проблема тудыратынын біледі, сондықтан оған бармайды. Украинаға келгенде жағдай басқаша.

– Сарапшылар "Украинадағы соғыспен әуре болып жатқан Ресейдің аймақтағы рөлі төмендеп келеді, Пекин осы бос кеңістікті толтыруға тырысып жатыр" деп есептейді. Сонымен қатар "Ресейдің аймақтағы ықпалы әлі де күшті, Орталық Азия басшыларының Мәскеуде 9 мамыр күнгі парадқа баруы осыны көрсетеді" деген пікір де бар. Бұл туралы не дейсіз? Бұл саммит Ресей-Қытай арасындағы саяси динамикаға қалай әсер етеді? Қытай мен Ресейдің аймақтағы ықпалы жайлы не дейсіз?

– Меніңше, "Ресейдің кетуінен туатын бос кеңістік пен Қытайдың оны толтыруы" туралы нарратив − әсірелеу. Ресей кейінгі кезде Орталық Азиядағы бес елді өз жағында ұстауға күш салды. Бес ел басшыларының Мәскеудегі парадқа баруы бұл әдіс белгілі бір дәрежеде жұмыс істейтінін көрсетті.

Сауда инвестициясының көлеміне көз жүгіртсеңіз, Ресеймен арадағы бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп жатыр. Бәлкім, бұл санкциялардан жалтарудан немесе тікелей тасымалдамай, бағытты өзгерткеннен болған шығар. Бірақ экономикалық байланыс та белгілі бір дәрежеде күшейді. Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанға ақша аударымы жылдан-жылға өсіп жатыр, яғни еңбек мигранттары саны артып келеді. Ресейдің ықпалы әлі де күшті.

Меніңше, Ресей Қытайдың Орталық Азиядағы болашағына баяғыда көз жеткізген және оған салыстырмалы түрде байыппен қарайды. Олардың қытығына тиюі мүмкін дүниелер бар, бірақ тараптардың ешқайсысы Орталық Азиядағы проблема ушыққанын, Қытай мен Ресейдің Батысқа қарсы геосаяси әріптестігіне зиян келгенін қаламайды. Бұл ретте олар Орталық Азияда араздасуға мүдделі емес.

Егер екі ірі серіктес – Қытай мен Ресей өзара тірессе, бұдан Орталық Азияның өзі ұтылады. Өйткені екі үлкен ел қатар әрекет етпей, бір-біріне қарсы жұмыс істесе, оларға [Орталық Азия үкіметтеріне] жол тауып, баланс ұстану қиын болмақ.

Орталық Азия елдерінің басшылары Си Цзиньпин Мәскеуге барғанына алаңдаған болуы мүмкін. [Ресей мен Қытайдың] бірлескен коммюникесінде "Орталық Азиядағы саясатты үйлестіреміз" деген сөйлем болды. Меніңше, Ресей кетіп, Қытай келді деген әңгіме − әсірелеу. Бұл екі ел қатар жұмыс істей алды.

– Яғни, сіздіңше, Ресей мен Қытай аймақта ықпалға таласушы бәсекелес емес, одақтастар ма?

– Меніңше, олар бәсекелес емес, олар қуана қатар жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз ықпалының ауқымын түсінеді. Ресейді кеңірек ықпал қызықтырса, Қытай тікелей қызығатын дүниелеріне назар бұрған.

Аймақтағы қауіпсіздік саласындағы серіктестікке үңілсеңіз, Қытай өз мақсатына сай келетін нақты нәрселерге, мысалы, терроризммен күреске мән береді. Олар бұдан ауқымды тұрақсыздық мәселесіне алаңдамайды, ондай жағдай бола қалса, әрекет етпейді. Ал Мәскеу өзін аймақты тыныштандырушы көреді.

ҚЫТАЙ "БӨЛІП АЛ ДА, БИЛЕЙ БЕР" САЯСАТЫН ҰСТАНУЫ МҮМКІН БЕ?

– Украинада соғыс басталғалы Қытай Ресейді айналып өтетін дәліз арқылы тауар тасымалдай бастады. Қытай аймақ арқылы тауар тасымалын арттыра ма? Ол үшін инфрақұрылымға инвестиция сала ма?

– Олар мұны Қырғызстанда бастап кеткен сыңайлы. Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстанды жалғайтын теміржол салынбақ, мұның қисыны бар, кейін оны Каспий теңізіне дейін жалғаса, ол Орта дәліздің бір бөлігіне айналады. Қытай Орта дәліздің кейбір жобаларын қолдауға мүдделі дегенді естідім, бірақ бұл – бір күнде іске асатын шаруа емес.

Қытай әрқашан аймақтағы байланысты дамытуға мүдделі болды. Қазір Пекин Қытай мен Қазақстан арқылы Ресейге, одан ары Беларусь арқылы Еуропаға баратын дәлізге мүдделі деп есептемеймін. Санкция мен соғысқа байланысты бұл дәліздің [пайдасы] күмәнді. Сондықтан Қытай Орта дәлізді кеңейту мен дамытуды ойластыра бастайды.

– Сарапшылар Ресей "бөліп ал да, билей бер" саясатын ұстанады дейді. Қытай Орталық Азияда дәл сондай саясат ұстануы мүмкін бе?

– Меніңше, мұны Ресей де, Қытай да істейді. [Қытай] Еуропада осы тәсілді ұстанады. Дегенмен Қытайдың ойынша, Орталық Азияның айырмасы, аймақтың өзі осыны сұрап отыр. Олар бұл қарым-қатынастың тізгіні өз қолында деп есептейді, себебі "Қытай Орталық Азияны емес, керісінше, Орталық Азия Қытайды керексінеді" деп түсінеді.

Белгілі бір дәрежеде бұл – рас нәрсе. Шекара арқылы алыс-беріс сауда Орталық Азия үшін өте маңызды, бірақ Қытайдың жалпы саудасында соншалық маңызды емес. Қытайдың көп жағынан позициясы анағұрлым күшті. Бұл оларға келіссөзде басымдық береді. Сондықтан Қытайға "бөліп алып, билеу" қаншалық қажет екенін білмеймін. Дегенмен Пекин бұл тәсілді әлемнің басқа аймақтарында қолданады.

– Сарапшылардың пайымдауынша, Украинадағы соғыстан кейін Ресей аймақтағы қауіпсіздік кепілгері бола алмайды. Егер аймақ қауіпсіздік кепілгері ретінде Ресейге сүйене алмаса, оның орнын басуы мүмкін басқа ойыншылар бар ма?

– Қытай аймаққа өз күштерін орналастырады деп ойламаймын. Меніңше, мұндай жағдайда Қытай ахуалға қарай "арты не болатынын күтейік" дейді. Олар өз мүддесін, елшіліктері мен ірі компанияларын қорғап, қажет болса, қауіпсіз жерге көшіреді.

Олар [Пекин] ахуалды тұрақтандыру үшін Халық-азаттық армиясын (Қытай армиясының атауы – ред.) әкелуге міндеттіміз деп есептемейді. Батыс та бұған барады деп ойламаймын. Сол себепті алда-жалда дүрбелең я проблема бола қалса, бұған араласатын және елге кіретін ең ықтимал ойыншы Ресей болмақ.

Бірақ, екінші жағынан, аймаққа неліктен әлі күнге дейін сыртқы қауіпсіздік кепілгері қажет? Бұл елдер – оң-солын білмейтін балалар емес. Қырғызстан мен Тәжікстанның жағдайын түсінемін, бірақ өз арасында қақтығыс болды, яғни олардың да армиясы бар. Сондықтан, меніңше, бұдан гөрі ең үлкен мәселе – елдегі институттардың дәрменсіздігі, қауқарсыздығы. Сырттан кепілгер іздегенше, осы мәселені шешу керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG