Accessibility links

Шымкент соты президент сайлауындағы тәуелсіз байқаушының шағымын қанағаттандырмады


Жарқынбек Сейтінбектің шағымы бойынша өтіп жатқан Шымкент қалалық қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. Шымкент, 13 маусым, 2023 жыл
Жарқынбек Сейтінбектің шағымы бойынша өтіп жатқан Шымкент қалалық қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. Шымкент, 13 маусым, 2023 жыл

13 маусымда Шымкент қалалық қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2022 жылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында тәуелсіз байқаушы болған жергілікті белсенді Жарқынбек Сейтінбектің шағымын қарап, қанағаттандырмай тастады.

Жарқынбек Сейтінбек "байқаушының жұмысына кедергі жасады" деп 227-сайлау учаскесінің төрайымы Гүлнұр Құрманбекованың үстінен сотқа шағым түсірген. Сот Гүлнұр Құрманбекованың іс-әрекетінде қылмыс жоқ деген тұжырымға тоқтады.

Істі судья Жанат Мүсірәлі жүргізді. №80 орта мектеп директорының орынбасары, айыпталушы Гүлнұр Құрманбекова сот отырысы кезінде баспасөз өкілдерінің фотоға, видеоға түсіруіне қарсы болды. Судья іс ашық қаралатынын, Гүлнұр Құрманбекованы фотоға, видеоға түсіруге болмайтынын ескертті.

Жарқынбек Сейтінбек кезектен тыс президент сайлауында тәуелсіз байқаушы болған. Оның сөзінше, сайлау учаскесінде байқаушыларға арналған орында тұрып сайлау процесін видеоға түсірген. Оған сайлау комиссиясының төрайымы Құрманбекова қарсылық білдірген.

Жарқынбек Сейтінбек "учаске төрайымы дауыс санау кезіндегі заңсыз әрекеттерін жасыру үшін байқаушы жұмысына кедергі жасады" деп есептейді. Құрманбекова белсендінің айыптауына келіспей, "сайлау учаскесінде ешқандай заңбұзушылық болмады" дейді.

Белсенді Жарқынбек Сейтінбек сот қаулысына келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

2022 жылы 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен. Сайлау учаскелерінде тәуелсіз байқаушыларға түрлі кедергі келтірілгені, дауыс санау процесі ашық болмағаны туралы сын жиі айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG