22 қыркүйекте таңертең Алматыда полиция белсенді Марат Тұрымбетовті ұстап әкетті. Бұл жөнінде белсендінің өзі Азаттыққа хабарлады.
Оның айтуынша, полиция оны үйінің маңынан алып кеткен.
"Қазір Түрксіб ауданында отырмын. Қазір хаттама толтырайын деп жатыр. Онлайн сот өтетін шығар. Балаларымды мектепке апарып келсем, үйдің маңында полиция көлігі тұр екен" деді ол.
Оның сөзінше, өзіне 19 қыркүйекте Алматы қалалық сотында "әуежайды басып алу ісі бойынша" төрт жылға сотталған белсенді Әйгерім Тілеужанның апелляциясы кезінде "митинг ұйымдастырды" деген айып тағылуы мүмкін. Айтуынша, полиция қала тұрғыны Майра Ғабдуллинаны да ұстап әкеткен. Азаттық әзірге оған хабарласа алмады.
19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде "Әуежайды басып алу ісі бойынша" сотталғандардың шағымын қарайтын Алматы қаласындағы апелляциялық сот даумен басталған. Сот отырысына келген адамдар көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген.
Полиция белсенділердің ұсталуына қатысты түсініктеме бермеді.
ПІКІРЛЕР