Accessibility links

АҚШ Иранмен байланысы бар Сирияның қарулы топтарына әуеден соққы жасады


 АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин
АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин

Америка Құрама Штаттары Сирияның оңтүстік-шығысына, Иракпен шекараға орналасқан және Иранмен байланысы бар қарулы топтарға әуеден екі соққы жасады. Мұны АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин мәлімдеді деп хабарлайды "Америка дауысы".

Reuters агенттігі Остиннен дәйексөз келтірген. Онда Иранның Ислам сақшылары корпусының нысандары мен онымен байланысы бар қарулы топтарға соққы жасалғаны айтылған. Ол топтар Ефрат алқабындағы Меядин және Әбу-Камал елдімекендеріне орналасқан. АҚШ мұны Сирия мен Ирактағы өз әскеріне жасалған шабуылға жауап деп санайды.

Бұл ақпаратқа қарағанда, Дейр-эз-Зор провинциясындағы Әбу-Камал қаласында Ислам сақшылары корпусының жаттығу орталығы бар. Әуе соққысының нәтижесі мен салдары айтылмаған.

Остин әуеден соққы беру жөнінде АҚШ президенті Джо Байден бұйрық бергенін айтты.

Кейінгі бірнеше аптада Америка мен коалиция әскеріне Ирак пен Сирияда кемі 40 рет шабуыл жасалған. Оны Иран қолдайтын қарулы топтар жасаған. АҚШ-тың кемі 45 жауынгері жараланған.

7 қазанда Палестинаның ХАМАС радикалды тобы (АҚШ пен Еуропа одағы террор ұйым деп таныған) Израильге шабуыл жасап, 1200-ден астам адамды өлтіріп, 200-ден астам адамды кепілге әкеткен соң Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісе түскен. Оған жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа соғыс жариялаған. Иран мен оны жақтаушылар Израильдің ХАМАС-қа жариялаған соғысына жауапкершілікті АҚШ та мойнына алуға тиіс деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG