Accessibility links

ІІМ: Талдықорғандағы зорлау оқиғасынан кейін облыстық полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылды


Атығай Арыстанов Жетісу облысы полиция департаменті басшысы қызметінен босатылды
Атығай Арыстанов Жетісу облысы полиция департаменті басшысы қызметінен босатылды

Талдықорған полициясының бастығы "әйел зорлады" деп күдікке ілінген соң Жетісу облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов қызметінен босатылды. Бұл туралы 16 қарашада ІІМ хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, Арыстановтың бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке ескерту жасалса, кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабек пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов те қызметтен кетті.

"Жетісу облыстық полиция департаменті бастығының міндетін енді полиция генерал-майоры Арман Саданов атқаратын болады. Бұған дейін ол ішкі істер министрлігіне қарасты өзіндік қауіпсіздік департаментін басқарған" дейді ведомство.

ІІМ хабарлауынша, кейінгі күндері қоғамда едәуір резонанс тудырған Талдықорғандағы оқиғадан соң ішкі істер министрі Ержан Сәденов арнайы топпен Жетісу облысына барып, кездесу өткізген. Сол кездесуде Арыстанов пен орынбасарларын қызметтен босатқан.

"Әйел зорлады" деп айыпталған Талдықорған қаласы полициясының бастығы Марат Күштібаев 15 қарашада екі айға қамалды. Күштібаев талдықорғандық 27 жастағы әйелді зорлады деген күдікке ілініп, ұсталған.

Марат Күштібаев өкілдері мен туыстары бұл жағдайға байланысты қандай да бір пікір білдірмеді.

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев оқиғаға байланысты "Ұят жағдай, оны мойындау керек. Бірақ әр адамның жүрегіне, қанына сіңген ойын біле алмаймыз. Тексерістен талай өтті. Жаңа келген қызметкер емес. Бірақ осындай іс істеп қойды. Жауапкершілігін тергеу анықтайды, іс сотқа жіберіледі" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG