Желтоқсанның 25-іне жастармен кездескен Өзбекстан сенатының төрайымы Танзила Нарбаева Өзбек жері ешкімнің отары болмайды деп мәлімдеді. Өткен аптада Ресейдің "Әділетті Ресей - Шындық үшін" партиясының тең төрағасы Захар Прилепин өзбек жері мен бұрынғы СССР аумағын Ресейге қосып алу керек деген болатын.
"Өзбекстанды өйтеміз-бүйтеміз" дегендерді интернетте көріп отырған боларсыздар. өзбек жері ешкімнің отары болмайды. Мұны мен айтпай-ақ білесіздер" деген Танзила Нарбаеваның сөзін Gazeta.uz басылымы жариялады.
Прилепин "Украинамен соғыста жеңген соң Ресейдің Еуразия аумағында пайдалы әрекет етуіне, соның ішіне бұрынғы СССР жерін қайтарып алуына ешкім тыйым сала алмайды. Бұл сөзім қалжың емес. Біз бұл мәселені көтереміз" деген болатын.
Бұл мәлімдеме Өзбекстан қоғамында ашу-ыза туғызған.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ташкентттегі елшісін шақырып алып, түсініктеме сұраған. Ресей елшісі Прилепин сөзі "Ресей басшылығының ресми ұстанымы емес" деп жауап берген.
Жұма күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ағартушылыққа арналған республикалық кеңес отырысында "бұрын өз мақсат-мүддесін дипломатия мен саясат арқылы қорғап келген әлемнің құдыретті күштері енді ашық қысым, жанжал арқылы қорғауға көшкеніне куә болып отырмыз" деген еді.
Кейінгі жылдары Ресей саясаткерлері бұрынғы СССР республикаларына қарата арандатушылық мәлімдемелерді жиілеткені байқалған. Былтыр Мәскеу қалалық дума депутаты Сергей Савостьянов Балтық жағалауы елдерін, Польша, Молдова мен Қазақстанды "денацификациялац және демилитаризациялау" керек деген болатын.
Қараша айында Ресйдің билікшіл сарапшысы Дмитрий Дробницкий Қазақстанды "Украинадан кейінгі проблема" деген және "Қазақстанда орыс көп, сондықтан нацистік процесс басталуы мүмкін" деп Кремльдің Украинаға басып кіру үшін желеу еткен сөздерін қайталаған.
ПІКІРЛЕР