Accessibility links

"Утилалымға жол жоқ" тобының мүшелері Facebook аккаунттарының бұғатталғанын хабарлады


Қазақстанда шетел көліктері үшін алынатын утилалымға қарсы шығып жүрген Facebook-тағы "Утилалымға жол жоқ" тобының мүшелері платформадағы аккаунттарынан айырылып қалғанын мәлімдеді. Олар мұны үкімет қысымының салдары деп атады.

"Утилалымға жол жоқ" тобының белсенділері жыл басында петиция жариялап, үкіметтен жеңіл көліктерге утилалымды 100 мың теңгеге дейін түсіруді, басқа көліктерге нөл ставка жасауды, ауыл шаруашылық техникаларға утилалымды мүлде алып тастауды талап еткен. Олардың сөзінше, утилалым салдарынан көлік бағасы қымбат болып отыр. Петицияға 50 мыңнан астам адам қол қойғаннан кейін құжат мамырда үкімет қарауына берілген.

Шілде айында өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилизация алымына қарсы петиция талаптарын орындаудан ресми түрде бас тартты. Министрлік петицияда көрсетілген уәждерді негізсіз ден таныған.

Ал "Утилалымға жол жоқ" тобының мүшелері кампанияларын жалғастыратынын мәлімдеген.

Енді олар Facebook-тағы топтың бірнеше әкімшісі кейінгі аптада қайта тіркеліп немесе аккаунттарын қайта қалпына келтіруге мәжбүр болғанын айтып шағынды. Олардың сөзінше, Facebook аталған топқа хабарламаларының мазмұнына байланысты бірнеше рет ескерту жіберген.

Топ әкімшісі Владимир Ким 28 тамызда өзі мен төрт әріптесі "авторлық құқықты бұзды" деп айыпталып, Facebook-тағы аккаунттарына кіре алмай қалғанын айтады.

"Қазақстанда Facebook әншейін биліктің тапсырысын орындап отыр" деп жазды осы айда жаңа аккаунт ашқан Ким.

Meta-ға қарайтын Facebook пен Instagram желілері түсініктеме бермеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Азаттық тілшісіне аталған топ мүшелерінің аккаунттарының жойылуына немесе шектелуіне министрліктің қатысы барын жоққа шығарды.

Қазақстан мен Facebook арасында үкімет "зиянкес" деп таныған контенттерді жоюға мүмкіндік беретін арнайы келісім бар. Келісім бойынша Қазақстан билігі Facebook-тің ішкі мазмұнды есеп беру жүйесіне де қол жеткізген.

Бірнеше жыл бұрын Астана әлеуметтік желінің миллиондаған жергілікті қолданушысын бұғаттайтынын айтып, сес көрсеткеннен кейін 2021 жылы Қазақстан мен Meta келісімге қол жеткізді.

XS
SM
MD
LG