Accessibility links

Жетімдерге қимаған жертөле дауы


Әмина қажының тәрбиесіндегі Елмұраттың сол қолында Аллаһ деген жазу бар.
Әмина қажының тәрбиесіндегі Елмұраттың сол қолында Аллаһ деген жазу бар.

Жетім және тәрбиелеушісі жоқ балаларды қамқорына алған «Парзант» қайырымдылық қорының басшысы Әмина Әжібаева соттың шешімімен «Дорожник» шағын ауданындағы балалардың баспанасы болған жертөледен айырылғалы жатқанын хабарлады.

Аталған жертөле 1996 жылдан бері ата-анасынан айырылған балалардың баспанасы болып келді. Әмина қажының айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын қазақстандық бір кәсіпкер Алматының сыртында орналасқан Абай ауылындағы үш қабатты зәулім үйді сыйға тартқан. Сол күннен бері бұл жертөледе бірде-бір бала тұрмайды.
- Жертөленің балаларды тәрбиелейтін үй болғаны рас. Бірақ, біз осыдан бірнеше жыл бұрын қаланың сыртына көшіп кеттік. Қазір бұл жерді біз қайырылымдық қордың заттарын сақтайтын қойма ретінде пайдаланамыз. Мен көшедегі қаңғыбас немесе ата-анасы тастап кеткен баланы асырауға алатын болсам, ең алдымен оны осы жертөлеге алып келіп, денсаулығын бастан-аяқ тексертемін. Кім біледі, бала ауру болса, ол басқаларға да жұғуы мүмкін ғой. Осыдан біраз уақыт бұрын көшеден бір баланы тауып алып, оны осы жерге алып келгенімде, одан қышыма ауруын жұқтырып алғанмын. Сондықтан да бұл жертөле біз үшін өте керек, - деді ол.
Жертөлеге байланысты дау үстіміздегі жылдың тамыз айынан басталған екен. Оның жоғары қабаттарындағы пәтерлерде тұратын тұрғындың кейбірі наразылық білдіріп, тиісті мекемелерге шағымданған. Әмина Әжібаеваның сөзіне қарағанда, өзі асырап, тәрбиелеп отырған балаларды мектепке дайындау үшін осы тұрғын үйдің алдына базарға сататын мал алып келген. Үстіңгі қабатта тұратын көрші әйелдің бірі «сендердің жертөледе тұратындарың былай тұрсын, енді біздің үйіміздің алдын мал қораға айналдырайын дедіңдер ме?» деп дау шығарған. Ол кісі мұнымен тоқтамай, «менің Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет істейтін туысқандарым бар, соларға айтып, бұл жерден сендердің көздеріңді құртқызамын», - деп қоққан-лоққы жасаған екен.
Әмина қажы жертөлені алғаш рет тазалағанда, ол жақтан 18 КАМАЗҒА жүк боларлық қоқыс шыққанын айтты.
Әмина Әжібаева айтқан көршінің де пікірін білмек болып, оның пәтеріне барғанымызда, бізге есікті ешкім ашқан жоқ. Үстіміздегі жылдың 14-ші тамызы күні қайырылымдық қорына қарайтын жертөлені тексеруге Алматы қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастығы Ш.Тазабекова мен Жетісу ауданына қарасты эпидемиологиялық бөлімнің маманы Ф.Күзембаева келген. Сонымен қатар, олар аталған қордың басшысына Алматы қаласының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тапсырмасымен келгендерін жеткізген.
Бұл мәселе бойынша ҰҚК-не хабарласқанымызда, ол жақтан қандай да бір мәлімет алудың мүмкіндігі болмады.

Әмина Әжібаеваның сөзіне сүйенетін болсақ, қалалық және аудандық мекемелерден келген тексерушілер дауға айналып отырған жертөлеге байланысты екі түрлі акті толтырған.

- Бұл актілердің екеуінің де заңнамалық күші бар. Бірақ, олардың қайсысын негізге алу керек екені түсініксіз, - деді Әмина қажы.
Сонымен қатар, аталған актілерде көрсетілген кемшіліктерге байланысты Жетісу ауданына қарасты мемлекеттік санитарлық дәрігер қайырымдылық қордың басшысы Әмина Әжібаеваны жауапкершілікке тартып, оған 23 мың 600 теңге айыппұл салған.
- Бұл ақша менің балаларым үшін 15 күнге жетерлік тамақ болар еді. Басқа амалым болмаған соң, айыппұлды төледім. Ең басында, осы жертөлені алып, оның ішін тазалағанда, «Камаз» жүк көлігін толтырып, 18 рет қоқыс шығарып едік. Сол уақытта осы үйдің тұрғындары мен жекеменшік пәтерлер кооперативі алғыс айтып, оны 2017 жылға дейін пайдалануға рұқсат берген болатын, - деді Әмина Әжібаева.
Алматы қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жұмыстарымен шектелмей, «Парзант» қайырымдылық қорының үстінен сотқа арыз түсіреді. Бұл істі қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, санитарлық талаптардың бұзылғанын ескеріп, «Парзант» қайырымдылық қорына «Дорожник» шағын ауданындағы жертөлені босату туралы шешім шығарады.
"Парзант" қайырылымдық қорындағы балалардың барлығы бес уақыт намазын қаза қылмай оқиды.
40 баланың «шешесі» Әмина қажы көпқабатты үйдің астындағы жертөлені санитарлық талаптарды бұзғандығы үшін емес, оған белгісіз біреулердің көзі түсіп отырғандықтан алып қойып жатқандығын айтты. Ол санитарлық-эпидемиологиялық мекеменің ескертулерінен соң, жертөлені бастан аяқ күрделі жөндеуден өткізіпті. Әмина Әжібаеваның ендігі үміті қалалық сотта. Он жылдан астам уақыт жетім балаларды асырап, олардың тәрбиесіне ендігі қалған өмірін арнап отырған қайырымдылық қордың басшысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шығарған шешіміне байланысты апелляциялық шағым түсірмекші.

Соңғы 12 жылдың ішінде Әмина Әжібаеваның қолында 100-ден аса бала тәрбиеленіпті. Олардың көбісі ержетіп, үлкен өмірге аяқ басса, кейбірі өздерінің туысқандарымен қайта табысқан.

"Парзант" қайырымдылық қорының қамқорлығындағы балалар туралы видеоны қараңыз:

XS
SM
MD
LG