Accessibility links

Оқу бағасы өсті


Қоғамдық қорлардың зерттеуінше, Қазақстанда биыл оқу бағасы тағы көтеріліпті. Мамандар оны негізсіз деп тауып отыр. Олар оқудың бағасы өссе де, оқудың сапасы сол қалпында қалып отыр дейді.

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Жарас Әділбеков оқу бағасының қымбаттауы жөнінде былай дейді:

- Қазір ақшаның құны кетіп бара жатыр. Соны көрген оқу орындары оқу бағасын аямай шарықтатып та жатыр. Оны төлеуге кейбіреулерінің жағдайы бар, кейбіреулерінің жағдайы келмейді. Сондықтан, шын мәнінде, оқығысы келетін азаматтар қалып жатыр оқымай.

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қоры Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында зерттеу жүргізіп, биыл оқу бағасының 5 пайыздан 30 пайызға дейін қымбаттағанына көз жеткізіпті.

- Әртүрлі мамандықтардың бағалары әртүрлі деңгейде өскен. Олардың басым бөлігі жекеменшік оқу орындары болғандықтан, бұл есептердің қайдан қалай шыққанын біле алмадық. Бізге себебін түсіндіруге тырысқан кейбір оқу орындары мұны ақшаның құнсыздануымен, жөндеу жұмыстарының қымбатқа түскендігімен, жабдықтар құнының өсуімен түсіндіреді, - дейді қоғамдық қордың төрайымы Бақытжан Төреғожина.

Т.Рысқұлов атындағы Қазақ ұлттық экономикалық университетінің жауапты хатшысы Есенғазы Құдайбердиев оқу бағасының өсуін әдеткі құбылысқа телиді.

- Оқу бағасы инфляцияны ескергенде міндетті түрде өседі ғой. Бізде биылғы баға 180 мыңнан 400 мың теңгеге дейін болып отыр. Былтыр 163 мың мен 315 мың теңге аралығында болған. Коммуналдық төлемнің өсуі бар. Соның есебінен өсіп отыр ғой.

Әйтсе де бұл жерде мәселе оқудың бағасында емес, оқудың сапасында. Себебі, қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының көбісі төлеген ақшаның құнын ақтамай отыр дейді мамандар.

- Бізде оқудың бағасы бір жерде төмен, бір жерде жоғары. Сапалы білім ешқашан арзан болмайды. Меніңше, алтынды алғысы келген адам оған сәйкесінше ақша төлеуге дайын. Біз қазір зерттеу жүргізу барысында Қазақстанда жоғары білімнің құнын есептеуге тырысып жатырмыз, мүмкін ол 20 мың доллар болуы керек шығар. Есесіне, оған шын мәнінде оқығысы келетін балалар баратын болады.

«Арзанның құны татымас» дегендей, сарапшыларды арзан білім нәтижесінде өсіп шығатын сапасыз мамандар алаңдатып отыр. Егер жұмыс күшіне сұраныс артып отырған Қазақстан нарығын сапасыз мамандар легі толтыратын болса, ұлттық қауіпсіздікке төнген нағыз қауіп қатер деп біліңіз дейді олар. Саясаттанушы Әсет Тұрдығұлов өкінішке орай, оқу бағасы жоғары болғанмен сапасы төмен күйде қалып келеді, - дейді.

- Көпке топырақ шашқым келмейді. Бірақ, Қазақстанда ЖОО-да берілетін білімнің сапасы қандай екендігі бүгінгі күні бәріне аян. Бір кезде Марченконың «бізде ЖОО дипломды жасап шығаратын фабрикаға айналдырды» деген сөзі шын мәнінде рас қой. Бізде ЖОО-да қалай сессия басталады, түрлі жолдармен сауда жасау басталады. Ал сауда жүрген жерде қандай білім болатынын өзіңіз бағалай беріңіз.

«Ар.Рух.Хақ» ұйымының төрайымы Бақытжан Төреғожина бұл мәселені шешудің бір жолы бар деп есептейді.

- Бюджет есебінен жоғары білімді тегін қамтамасыз ететін мемлекеттер бар. Бұл бай мемлекеттер. Сондай-ақ, кей елдерде тек ақылы білім беретін жүйе ғана бар. Меніңше, бұл жерде екі жаққа да тиімді бағыт ұстану керек сияқты. Гарвардтағыдай ақша төлеп оқығысы келген адам оқысын, ал оған мүмкіндігі жоқ, бірақ қабілетті, талантты балаларға білімге жол әрдайым ашық болуы керек. Олардың білім алуына мемлекеттің өзі немесе қандай да бір қорлар, демеушілер көмектессін. Егер ниет болса, бұлардың барлығын шешуге болады.

Статистикалық есептеу бойынша, Қазақстанда 160-тан астам жоғары оқу орындары бар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG