ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ЗАРДАБЫ
Құрғақшылық әсіресе, Батыс Қазақстан өңіріндегі фермерлерге қатты тиді. Ондағы кейбір аудандарда сәуір айынан бері көктен тамшы да тамбаған. Ал шілденің шіліңгірінде ауа температурасы тіпті +50 градусқа дейін жеткен. Көптеген шаруашылықтардың егіс алқаптары түгелімен күйіп, тақырға отырып қалды.
– Былтырғы жағдайдан кейін биыл астықты аз ектім. 100 гектар жерге жаздық бидай себілді. Бірақ бәрі де жанып кетті. Астық та жоқ, шөп те жоқ, – дейді фермер Орынғаным Сабирова.
Былтырғы құрғақшылықтың салдарынан несиелерін төлей алмай, қарызға белшесінен батқан көп шаруалар биылғы ауа райы қолайлы болатын шығар деген үмітпен тағы да қарыз есебінен астық еккен болатын. Екі жыл қатарынан тиген құрғақшылық шаруалардың жұмысын мүлде тұралатып тастады.
– Биыл адамға да, малға да қиын болайын деп тұр. Бір түсінбейтінім, астық егу, ору кезінде жанар-жағар майдың бағасы күрт қымбаттап кетеді. Науқан басталған кезде баға күн сайын өседі. Мәселен, жыл басында бір литр жанармайдың бағасы 55 теңге болса, науқан басталса, 100 теңгеге дейін қымбаттайды. Ал жанар-жағар майдан соң барлық нәрсенің бағасы қымбаттайды, – дейді фермер Орынғаным Сабирова.
Қазақстан фермерлер одағының президенті Әуезхан Дарынов Батыс Қазақстан өңірінде 200 мыңнан астам фермерге банкрот болу қаупі төніп тұрғанын айтады. Оларға мемлекет тарапынан жәрдем көрсетілмесе, іс насырға шабуы мүмкін деп ескертеді ол:
– Бүгінде бір гектардан 1-2 центнерден өнім алып жатқандары бар. Егіндері мүлде жоқ деуге болады. Тіпті ендігі жылға тұқым да ала алмай жатыр. Үкімет тарапынан үлкен көмек керек бұл кісілерге.
ДИҚАН ЖӘРДЕМ КҮТЕДІ, ҮКІМЕТ ӘЗІР ҮНСІЗ
Мамандардың айтуынша, құрғақшылықтың салдары тек Батыс Қазақстан ғана емес, Қазақстанның солтүстік, орталық өңірлерінде де қатты білініп отыр.
Сейсенбі күні Қостанай аймағына келген Қазақстан президенті мұндағы астықтың жағдайын көріп танысты.
«Диқандар бірінші кезекке жеке бастарының тыныштығын емес, заманауи агротехнологияларды енгізу мен жаңа техникаға ие болу мәселесін ойлаулары тиіс. Биылғы жылдың басты сабағы осы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 25-і күні Қостанайдағы сапары кезінде.
Дегенмен кейбір мамандар мәселені тек шаруалардың өздеріне бұрып қоюмен шектелуге болмайтынын айтады. Себебі, бұл мәселені шешу қарапайым фермерлердің қолынан келмейтіндіктен бұған үкімет араласуы керек.
«Ауыл шаруашылығы министрлігіне екі-үш апта бұрын ұсыныс жасағанбыз. Сақтандыру компанияларына төлеген ақшаның 50 пайызын емес, 100 пайызын төлеуін сұрадық. Әзірге, жауап жоқ. Бұған қоса, шаруалардың несие мерзімін ұзарту керек. Кеше теледидарда президентке 16 центнер өнім алынған алқапты көрсетіп жатыр. Іздеп тапқан ғой шамасы. «Шаруалардың өздері дұрыс сеппеген», «технологияға қарамаған» деген әңгіме туғызып жатыр. Ол дұрыс әңгіме емес. Бұл мәселеге үкімет тезірек кіріспесе жағдай мүлде ушығатын түрі бар», – деді фермерлер одағының жетекшісі Әуезхан Дарынов.
Былтыр Қазақстан 21 миллион тонна астық жинаған болатын. Мамандар биыл бұл мөлшердің екі есеге қысқаратынын айтып отыр. Сәйкесінше, сыртқа шығаратын экспорт көлемін де азайтуы тиіс дейді.
Әйтсе де әлем бойынша астық қоры мол болғандықтан биылғы құрғақшылықтың халықаралық нарықтағы астық бағасына бәлендей әсері болмайды деген болжам айтады сарапшылар.