Алматы қалалық жол полициясы басқармасының өкілдері жолда жүру ережелерін бұзғаны үшін қолданылатын шаралардың қатайтылуы жүргізушілердің жауапкершілігін арттырғанын айтып отыр.
- Нәтижесінде жол-көлік оқиғалары өткен айлармен салыстырғанда азайды. Жолда жүру ережелерін бұзатын жүргізушілер саны да кеміді. Бұған дейін жүргізушілерге жолда жүру тәртібінің қатайғандығы жөнінде есте сақтау қағаздары таратылған болатын, - дейді Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Арман Жусанбай.
Алайда Тәуелсіз автомобиль одағы төрағасының орынбасары Григорий Кременецкий аталған түзетулердің бір айдан бері жүргізушілердің қалтасын қаққаннан басқа, жолдағы қауіпті жағдайды еш өзгертпегендігін тілге тиек етеді:
Алайда Тәуелсіз автомобиль одағы төрағасының орынбасары Григорий Кременецкий аталған түзетулердің бір айдан бері жүргізушілердің қалтасын қаққаннан басқа, жолдағы қауіпті жағдайды еш өзгертпегендігін тілге тиек етеді:
- Бір айдан бері не өзгерді? Жол полициясы белсенділік танытып, азаматтарға көп мөлшердегі айыппұл салына бастады. Қайткен күнде де көбейіп бара жатқан, дайындығы жоқ жүргізушілер үшін біреу жауап беруі тиіс қой. Өздерінің кінәларын жуып-шаю мақсатында олар енді айыппұл мөлшерін көбейтті.
Жаңа заңнан жол жағдайын сипаттауға, талдауға мүмкіндік беретін мемлекеттік есептеу жүйесі туралы баптың алынып тасталғанына сұхбаттасымыздың көңілі толмайды екен:
- Жол полициясы үшін жолда болып жатқан оқиғаларды шынайы көрсететін мемлекеттік статистика тиімсіз. Енді олар тек іштей мекемелік есеп қана жүргізетін болады. Ал мемлекеттік есепсіз жол-көлік оқиғаларының себеп-салдарын сараптау мүмкін емес.
Алматы қаласының тұрғыны Күләш Сәрсембекованың пікірінше, жаңадан қолданысқа енген заң ережелері ең әуелі жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру үшін керек:
- Дегенмен де кейбір әлеуметтік топтар алдында жаңартылған заңның өзі қауқарсыз екеніне көзің жетеді. Өзі өтсе болды, ал «жолдың үстінде кім келе жатыр», «жол жиегінде кім тұр», «мен біреудің өміріне қауіп-төндірем-ау» деген ой оларда жоқ. Тіпті, сондай жол-көлік апаты болған жағдайда да олар оның бәрін ақшамен шешетіне сенеді, компьютерден де солай өтеді. Ал нәтижесінде жазықсыз жандар жапа шегіп жатады.
26 жастағы жүргізуші Мұрат Оралғазинның айтуынша, жол-көлік оқиғаларының себептері әртүрлі болуы мүмкін. Енгізілген өзгерістер жүргізушілердің жауапкершілігін арттырғанымен апаттың өзге себептерімен күресуге қауқарсыз. Сондай-ақ, ол бұл өзгерістер жемқорлықты тыюдың орнына, керісінше оны өршіте түседі деп пайымдайды:
- Ең жаманы сол болып отыр. Мысалы, қазір ең төменгі айыппұл - қауіпсіздік белбеуін тақпағаның үшін төленетін 5840 теңге. Бұл жол полициясының қалтасына түсетін ақша көлемін де жоғарылатып тұрған секілді. Енді олар бұрынғыдай 2-3 мың теңгені менсінбейтін болды.
Статистикалық көрсеткіш бойынша, Қазақстанда соңғы он жыл көлемінде жол-көлік апатынан 28 мың адам көз жұмған. Мамандардың салыстыруынша, бұл ТМД көлемінде ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда 3 млн 200 мыңнан астам көлік бар.