АЛДА БҰДАН ДА ТЫҒЫЗ ОДАҚТАСУ ТҰР
Қазақстан, Ресей мен Беларусь кедендік одақ аясында өз аумағында жалпыға ортақ кеден тарифін енгізді. Жақын болашақта осы мемлекеттер арасында бұдан да терең деңгейдегі одақ құру көзделген – яғни 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап ортақ экономикалық кеңістік жұмыс істей бастайды, деп жазады «Эйша таймс онлайн».
Кедендік одаққа бірігу туралы келіссөздер көп уақыт бойы жүргізіліп келді де осы жөніндегі шартқа қол қою нәтижесінде іс жүзіне асты. Ол келісім-шартқа өткен жылдың қараша айында Беларусь астанасы Минскіде үш мемлекет президентінің кездесуі барысында қол қойылған болатын.
Мұндай бірігу жөніндегі шешім 2007 жылы Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа (ЕврАзЭС) мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі барысында қабылданған еді. Қырғызстан мен Тәжікстан да бұл топқа мүше болып саналады.
Қазақстан басшылығының айтуынша, аталған кедендік одаққа ену сауда айналымын өсіреді, инвестициялық ахуалды жақсартады әрі басқа да артықшылық әкелмек-мыс. Мұндай артықшылықтар, деп сендіреді ол басшылық өкілдері, кедендік одақ аясында жұмыс күші мен капиталдың еркін қозғалысы нәтижесінде пайда болмақ.
Алайда, кейбір сарапшылар «Қазақстан бұл одақтан пайда түсіреді» деген Назарбаев командасы шенеуніктерінің оптимистік сөздеріне кереғар пікір білдіруде. Олар кедендік бөгетті алып тастау жергілікті нарыққа импорттық тауардың ағылып келіп, отандық өндірушілердің тұғырын әлсіретіп жіберуі мүмкін, деп отыр. Сонымен қатар, бұл құбылыс ақшаның құнсыздануын өршітуі ықтимал.
БҰЛ ЖАҢАРТЫЛҒАН СОВЕТ ОДАҒЫНА ҚАЙТА ОРАЛУ МА?
«Мен Қазақстан кәсіпорындары ресейлік кәсіпкерлер тарабынан келетін бұрынғыдан да күшті қысымға төтеп беру үшін даярлық шараларын қолдануы керек деп ойлаймын, – дейді сарапшы Досым Сатпаев. – Ресейдің зор табиғи байлық қоры, оның салыстырмалы түрде айтқанда жақсы дамыған өнеркәсібі әрі бәсекелесуге қабілетті өнімдері келер үш не төрт жыл ішінде Қазақстан нарығында артықшылыққа ие болуы ықтимал».
Сатпаевтың сөзіне қарағанда, көлемі ықшамырақ Қазақстан экономикасының ауыл шаруашылығы өнімдері мен сүт өнімдері сапа, дизайн және маркетинг параметрі бойынша Ресей мен Беларустің осындай өнімдерінен артта қалады.
«Бүгінгі күйіндегі әрі бұл түрдегі интеграция процестеріне біз даяр емеспіз», деп атап көрсетеді Сатпаев.
Әлеуметтанушы маман Ғазиз Насыров та Досым Сатпаевтың пікіріне қосылып отыр. Насыровтың айтуынша, үш ел басшылары одақ құру әрекетін Еуропа одағынан үлгі алу ретінде көрсетпек болса да, шындығында мұндай салыстыру орынсыз. Себебі, бұрынғы совет республикалары экономикалық дамудың төменгі сатысында тұр. Осы себептен аталған одақ аясында одаққа мүше бай мемлекеттер одақтағы кедей елдерді қаржыландыруға қауқарсыз болып табылады.
«Мен кедендік одақтың біздің елдерді гүлдендіруге алып келеріне күмәндімін, – дейді Насыров. – Еуропада ортақ одаққа бірігер алдында ондағы мемлекеттер ұзақ жылдар дербес дамып, экономикалық гүлденудің белгілі бір деңгейіне қол жеткізді. Бұл ортақ құндылық салтанаты үшін Еуропа одағына мүше мемлекеттердің бір одаққа бірігу кезінде аталған елдер экономикасы дамуының әркелкілігін сәтті еңсеруді қамтамасыз етті».
Сарапшы әрі журналист Эдуард Полетаев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елінің ірірек әрі күштірек көршісі Ресей тәрізді мемлекетпен кедендік одақ жасасу туралы шешім қабылдауында белгілі астар бар дейді. Оның айтуынша, ол астар экономикалық мұратпен қатар, саяси мұратты да көздейді.
«Бұл ең алдымен саяси іс-әрекет болып табылады», – деген пікір білдіреді ол.
Совет Одағы күйреген 1991 жылдан бері Назарбаев табанды түрде Мәскеумен тығыз байланыс ұстап келеді. Полетаевтың сөзіне қарағанда, оның стратегиясы елдің солтүстігінде ұйысып қоныс тепкен орыстардың этникалық тобына ықпал етуді де көздейді. Яғни, Назарбаев жаңа тәуелсіз мемлекет Қазақстанда өз болашағы бар екенін орыстардың айқын сезінуі үшін, жан-дәрменімен қимылдап келеді.
ТАБАНДЫ ТИРАНДАРДЫҢ ОДАҒЫ СӘТТІ БОЛА МА?
Полетаевтың айтуынша, кедендік одақты құрудың бір оң нәтижесі болады. Ол нәтиже мәнісі мынадай: егер одақ құрылмаған жағдайда елден шетелге көшіп кетуге даяр адамдар, одақ құрылғаннан кейін ол райынан қайтады. Себебі, дейді ол, өмір сүру деңгейі одаққа мүше мемлекеттер арасында өзара теңелуге бағыт алатын болады.
Досым Сатпаев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы советтік көрші елдермен байланысты нығайтуда ерекше белсенділік танытып отырғанын тілге тиек етеді. Ал басқа аталған мемлекеттер басшылары мұндай қадамға баруға салқын қарап келеді.
«Назарбаев өзін ТМД аясындағы интеграциялық процестің дем берушісімін деп санайды. Ол кедендік одаққа өз іс-әрекетінің нәтижесі деп қарап, оған өз баласындай көңіл бөліп отыр», – деген тұжырым жасайды сарапшы.
Орталық Азияның ең бай әрі ең табысты экономикасын, яғни Қазақстанды өзінің ықпал ету әрі басым болу аумағына тарту Мәскеудің геосаяси мүддесіне сай болатыны өз-өзінен түсінікті нәрсе, деп жазады «Эйша таймс онлайн».
Қырғызстан 1998 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып енген болатын. Сонымен қатар, кедендік одаққа мүше боп ену де ол үшін бірқатар артықшылық бермек. Қазақстан мен Ресей бұл Орталық Азиядағы аумағы ықшам, халқының саны аз мемлекеттің басты сауда әріптесі және инвесторлары болып табылады.
«Қырғызстан таяу уақытта кедендік одаққа қосылады. Ол одаққа одан кейін Тәжікстан да енбекші, – деп түсіндіреді Досым Сатпаев. – Сол кезде, Мәскеудің аймақтағы өзінің басым мәртебесін қалпына келтіріп жатқандығы жайлы сөздің жаны бар екендігі айқындалады».