Accessibility links

Қош келдіңіз, жалғыздық


Бөкенбай шоқысы. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы.
Бөкенбай шоқысы. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы.

У-шуы, қуаныш-қайғысы мидай сапырылысқан тіршіліктен безіп, жалғыздыққа қарай қашуың Құдайдың шұғылалы сәулесінің жылуын іздеуге ұмтылысың. Құдай – адам жүрегінің сәулесі. Ол өлгенше сенімен бірге болатын жалғыздығың, қуанышың мен қайғың.


ЖАН МЕН ТӘН

Аяулым!

Сен мына дүниенің жалған екенін сездің, махаббаттың да қас-қағым сәттік елес екенін ұғып, оның нәзік сәулесінің сөніп, жылуы жоқ күлге айналатынына көзің жетті, Опасыз тіршіліктің рақымсыздығына үнсіз төздің. Қамшының сабындай шолақ өмірдің мағынасы, рухани дидарыңның айнадан күлімсіреген шындығы жалғыздығыңды есіңе түсірді.

Дүниенің бәрі сенен теріс айналып кетіп, көңіл кеңістігіңдегі аласұрған алапат ақ боран жаныңды қоярға жер таптыртпағанда жалғыз жұбаныш – жалғыздық болып жымыңдады. Құдай сені ең жақын адамыңнан айырғанда беймәлім өмір мен бүгінгі тіршіліктің арасын жалғап тұрған жалғыз жіп те – жалғыздығың қалды қасыңда.

Сенің жаның мөлдір бұлақтай кіршіксіз таза, арманың жаңа жауған ұлпа қардай әппақ еді. Азғантай ғұмырыңдағы алтыннан да қымбат уақытыңды білім қазынасын ақтарумен өткіздің, жүрегі жұмбақ Әлемнің сиқырлы сырын түсінемін деп күні-түні маза таппай, өзіңді-өзің әуре-сарсаңға салдың, күндіз күлкіңнен, түнде ұйқыңнан айырылдың. Сен білмеп пе едің, жалған тіршіліктегі ұлы күнә жұмыр басты пенденің ойынан басталған.

Ой – адам өмірінің әміршісі һәм тергеушісі. Екі аяқты ұлы тобырды бақытсыз еткен де – сол ойдың империясы. Ой – адамның Алла алдындағы алғашқы жасаған пендешілігі.

Ұлы Жаратушының адамнан басты айырмашылығы – оның пендешілігі жоқ. Адамның әлсіздігі – пендешілігінде. Пендешіліктің темір құрсауынан құтылу үшін сен жалғыздығыңа қарай қаштың. Бұл да сенің әлсіздігің.

Мен түсінемін, түсінемін. Сенің ұмтылған биіктігің – ұлылық. Ұлылық дегеніміз – өзіңе дейінгі тас талғамды бұзып. Өлу.

Ұлы адам топырақтан емес, Алланың қасіретінен жаратылған. Өз жанын қинап азаптың тозағына түсе алмаған адамнан ұлы жазушы шықпайтындығы – әлімсақтан әйгілі, бесенеден белгілі ақиқат.

Ұмытпа. «Адамдар Құдайдан да жоғары. Өйткені Құдайлар азап шеге білмейді» (Ш.Әлімбаев)

Дүниеден жаңалық іздеп құр босқа таусылып жүрсің. Қайталанбайтын тағдырдың жоқтығындай, қайталанбайтын ой, қайталанбайтын шығарма да жоқ.

«Інжілдегі ойлардың бәрін философтар баяғыда айтып тауысқан» демеп пе еді Пьер Абеляр. Әр нәрсені бір ойлап, тәніңді азапқа салма, жұлдызым! Тәніңмен қоса жаның да бірге қиналады, жарығым. Себебі «Жан – тәннің идеясы» (Спиноза). Ағысқа қарсы жүзген сенің жаның – сол тәннің құрбандығы ғана.

ӨМІР МЕН ӨЛІМ

Аяулым! Соңғы жылдары сен өлім туралы көп жазып жүрсің. Өлім болмаса, өмірдегі тірінің қадірін білмес едің. Адам қимайтын арсыз жалғанда бір-ақ опасыз дүние бар. Ол – тіршілік. Сен өлімнен қорықпа, үрейленбе. Бастаған істің аяқсыз қалғаны ғанибет. Адамның өмірі аспанға деген сағыныштан тұрмай ма? «Мәңгі аяқталмайтын істерде сенің ұлылығың жатыр» (Гете). Жүрек сезе-дүр! Сен бастаған ұлы іс те – мәңгі аяқталмайтын қиссаның қайырмасы.

Өлу – адамның азаптан құтылу. Басқа ештеңе емес. Мына жалған дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. «Мәдениеттің де ақырзаманы болады» депті Шпенглер. Біз – жаназасы шығарылған мәдениеттің жоқтаушысымыз.

«Мені де, өлім, әлдиле» дейді Мағжан. Мені де, мені де... Адам өлімді есіне алған кезде ғана Аллаға жақындай түседі. Сенің Құдайды іздеуің бекерден-бекер емес. Дүниеде Құдайдан асқан философия жоқ. Мына уы мен шуы, қуанышы мен қайғысы мидай сапырылысқан тіршіліктен безіп, жалғыздыққа қарай қашуың – Құдайдың шұғылалы сәулесінің жылуын іздеуге ұмтылысың.

Құдай – адам жүрегінің сәулесі. Ол – өлгенше сенімен бірге болатын жалғыздығың, қуанышың мен қайғың.

Құдайы бар халықтың келешегі сәулетті, өйткені жүрегінде иманы бар. Құдайын жоғалтқан халық – ібіліс, себебі олардың жанын сайтан билеген.

Біз де ібіліспіз. Біз Аллаға емес, керісінше оны өзімізге қызмет еткізгіміз келеді. Жаратушыны бауырымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда да есімізге аламыз... немесе өлім сәтінде.

Өлім адамды жұбатады. Екі аяқты мақұлығын сабасына түсіреді. Жалғыздық қайрауға керек.

Сенің жалғыздығың – Құдай. Басыңа түскен қайғыға, жаныңды ауыртқан жаманатқа қара емен боп қатып қалған күнде ғана сен бұл өмірдің қасіретін жеңесің. Ал, әзірше.., ұлы идея үшін азап шегіп, қайғының отына күю – жаныңды шоқтай қариды.

«Ақыл мен ғылым адамзат тарихында тек екінші сатыдағы қызметті атқарып келеді» деп күйінген еді Достоевский.

Сен күйінбе. Бәрібір тастай қатып қалған өмірдің жүрегін жібіте алмайсың. «Ұлылық дегеніміз – өзіңді-өзің тергеу» (Ибсен).

Есіңде сақта. «Өмірдің талаптарымен келісе алмаған адамның жаны азапқа түседі» (Бодлер). Жалпы, Бодлер айтпай-ақ білемін. Ұлылық дегеніміз – азап шегу. Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», Мағжан «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген ғақлияны ұлылықтың тонналық қасіретін бек сезгендіктен айтқан.

ҚҰДАЙ МЕН АДАМ

«Жалғыздығыңа қарай қаш» дейді Ницше. Сені жалғыздық қана құтқарып қалады. Жалғыздыққа Жаратушы да қарсы тұра алмайды. Сені алып кеткенмен, біреудің жүрегінде жалғыздығың қалады. Ең құрығында... Біреудің.

Өмірдің мағынасына терең үңілгенде ғана сен миығынан күліп қараған өлімнің жүзін көресің. Адам өлімнен қорыққандықтан ғана Алланы ойлап тапқан. Өлім – сенің Құдаймен кездесетін алғашқы сәтің. Сен сол сәтті асыға күтумен ғана өмір сүріп жатқан жоқсың ба? «Нағыз өлім өмірдің ішінде қайнап жатыр» (Чаадаев).

Бала кезімде Байронның «Еврей саздарынан» оқығанмын:

О, дариға,
О пейіштің ішінде
Жаның өлмей,
Қалса сүю күшінде,
Рас болса, қауышарсың есен-сау
Тірліктегі жүрек ынтық кісіңе.

Сапар шегіп дүниеге сол жұмбақ,
Кете барсаң бұл өмірге қол бұлғап,
Рақат қой жер қайғысын ұмытып,
Өлмес тірлік жайын ғана сөз қылмақ.

Қалса бір күн өлім шіркін төтен кеп,
Ажал – шыңырау, қазір құлап кетем деп.
Өмір – арқан, жабысасың ұшына,
Соңғы түйін қолдан шықпаса екен деп.

Өзіңді емес, өзге өмірді қимайсың,
Қимайсың да, қыршын жанды қинайсың.
О, дариға, үміт тәтті шүбәдан,
Болып мәңгі жан сәлемет, дін аман.

Мақшар күні сол сәулемен жолығып,
Мәңгі өлмейтін күн кешем деп жұбанам.

(Аударған Ғафу Қайырбеков)

Содан ойлана бастадым. Егер ғанибет өмірдің бәрі о дүниеде болса, бұл өмірге келуде не мән-мағына бар. Бәлкім, Құдайға ермек керек шығар. Білмеймін.

Білетінім – Құдай жалғыздығынан құтылуы үшін адамды ойлап тапқан. Адам жалғыздығынан құтылуы үшін Құдайды ойлап тапқан.

Вольтердің «Егер Құдай жоқ болса, оны ойлап табуға татыр еді» деуі, бәлкім, жалғыздықтың үрейлі елесінен құтылу үшін айтылған нала шығар.

Жалғыз адам Құдайдан да күшті. Бір сәтке соқа басың сорайып, жападан-жалғыз қалған кезіңді көз алдыңа елестетіп көрші. Сен Құдайдан қорықпайсың, оның жіберетін ажалы саған шолақ сайдың ғұмырындай тасығыш, жалған тіршіліктің азабынан құтылу болып қана көрінері хақ.

Зады, адамның өмірінен асқан трагедия жоқ. Кішкентай нәрестенің шыр етіп жарық дүниеге келіп, кіндігінің кесілуі – сол ұлы спектакльдің басталуы.

Қош келдіңіз, жалғыздық!
XS
SM
MD
LG