Accessibility links

Ұрпақсыз қалғысы келмейтін өзбек әйелдері перзентханаға бармай, үйінде босанады


Әндіжан көшесінде ойнап жүрген қыз балалар. 18 мамыр 2005 жыл.
Әндіжан көшесінде ойнап жүрген қыз балалар. 18 мамыр 2005 жыл.

Бала туу мүмкіндігін шектеуге құпия нұсқау берілгені жайында айтылып жүрген әңгімелер өзбек әйелдерінің үрейін ұлғайтып отыр. Дәрігерлер ондай нұсқау барын жоққа шығарады. Адам құқын қорғаушылар елде әйелдерді қолдан бедеу жасау оқиғалары аз емес дейді.


МИНИСТРЛІКТІҢ ҚАУЛЫСЫ

Өзбекстанның денсаулық сақтау саласының ресмилері елде әйелдерді бала туу қабілетінен айыратын жасырын науқан жүргізіліп жатқаны туралы жұрт аузында жүрген әңгімелерді теріске шығарып отыр. Бірақ Азаттықтың тілшісі Фарангиз Нажибулланың хабарына қарағанда, бұл шектеу тәсілі өзбек әйелдеріне қолданылып келеді.

Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігі өткен аптада әйелдердің бала тууын шектеу үшін олардың жатыр түтігін алып тастау жөнінде қандай да бір нұсқау болғанын жоққа шығарды. Ресми органның өкілдері жүктіліктің алдын алатын хирургиялық операцияның өз еркімен келген өзбек әйелдеріне ғана жасалатынына сендіруге тырысты.

Алайда, Азаттық радиосына сұхбат берген әйелдер мен құқық қорғаушы топ өкілдері министрлік қызметкерлерінің сөзіне сенбейді. Ресмилер мұны халықты тыныштандыру мақсатында айтқан, әйтпесе бұл медициналық алаяқтық кең етек алған дейді олар.

Жергілікті денсаулық сақтау мамандарының бірі әйелдерге денсаулық, әлеуметтік және экономикалық жағдайларына орай жатыр түтікшесін байлату жөнінде кеңестер беріледі деген.

Бұл даулы мәселе Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің ақпан айының ортасында шығарған қаулысынан кейін күшейіп кетті. Ол қаулыда жатыр түтікшесін байлату- бала көтеруге қарсы қауіпсіз және нәтижелі қорғаныс ретінде түсіндіріліп, ондай әдіске келісім берген әйелдерге ауруханаларда хирургиялық операциялар жасау туралы аймақтық денсаулық сақтау мамандарына нұсқау берілген.

Министрліктің қаулысында сондай-ақ жатырды жартылай алып тастайтын медициналық процедураларды әйелдің келісімімен тек тәжірибелі дәрігерлер тегін жасауы керек делінген.

Бұл қаулыдан екі аптадан кейін ferghana.ru сайтында адам құқын қорғаушы сарапшылар Денсаулық сақтау министрлігі әрбір дәрігерге айына екі әйелді құпия түрде жатырынан айыру туралы тапсырма берген деп мәлімдеді.

Сайттың жазуынша, бұл бастама Орталық Азиядағы халқы ең көп Өзбекстанның 28 миллион тұрғынын кедейлік шегіне жеткізбеу үшін жасалған.

Құқық қорғаушы белсенділер Өзбекстан 1999-2003 жылдары халық санын шектеу науқанымен әйелдерді бала сүю қабілетінен біржолата айыратын тәсілдерді мәжбүрлі түрде қолданған деп айыптап, кейбір әйелдер сол кезде жатыр түтікшесін байлатуға өздерінің келісім бергендері үшін бүгінде қатты өкінетіндерін айтады.

Наурыздың 10-ы күні ferghana.ru сайтына шыққан мақалаға берген жауабында Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі елде хирургиялық жолмен ерікті түрде жатыр түтікшесін байлату немесе бала болу мүмкіндігін шектеу және басқа да жүктіліктен қорғану тәсілдері денсаулығы нашар әйелдерге ғана жасалып жатыр деген уәж айтқан.

ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАР

Бірақ Азаттықтың өзбек қызметіне берген сұқбатында Ташкент облысының денсаулық сақтау маманы кейбір әлеуметтік осал топтардағы әйелдерге бала туу қабілетінен айыратын тәсілді қолдану жайлы кеңестер берілетінін айтып берді:

«Онда көптеген әйелдердің 4-5 баласы бар. Және олар денсаулығына немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты жүкті бола алмайды», - деді өз аты-жөнін атағысы келмеген әлгі маман.

Оның сөзіне қарағанда, ресмилер әйелдерге жүктілікке қалай жол бермеу керектігін және бала көтеруден қорғанудың түрлі жолдары бар екенін айтады. Оның ішінде хирургиялық операция арқылы әйелдің бойына бала бітірмейтін тәсілді ұсынамыз деген ол.

«Ешкім де бала санын азайтуға тырысып жатқан жоқ. Олар ауру әйелдер мен 17-19 жас шамасындағы жас қыздар бала тумауы керек дейді. Ал әр баланы арасына үш жылдай уақыт салып көтерген абзал. Және 35 жастан асқан әйелдерге бала көтерудің керекгі жоқ. Тек осындай топтағы әйелдер ғана назарға алынған», - дейді денсаулық саласының ресми өкілі.

Сонымен қатар денсаулық сақтау мамандары Ташкент облысындағы әйелдердің 57 пайызы жүктілікті қиындататын қан аздық және басқа да ауруларға шалдыққандарын алға тартады. Денсаулық сақтау маманы сондай-ақ тым ерте тұрмысқа шығып, ерте жастан бала тууды дұрыс емес дейді.

17-19 жастағы қыздар екіқабат болудың орнына сабақ оқу керек дейді ол. Ресмилердің айтуынша, өткен жылы облыста 15 жаста жүкті болып қалған 20 жасөспірім қыз тіркеліпті. Мамандар жас әйелдерге 20 мен 30 жас аралығында бала көтерген дұрыс дейді.

ҮРЕЙ

Ташкентте орналасқан сарапшылар тобының өкілі Сухроб Исмойлов дәрігерлер әйелдерді алдап, бала туу қабілетінен айырып жатыр деуге негіз бар дейді.

«Біз әйелдерді бала тумауға қысастық жасау арқылы мәжбүрлеуде деп айтып отырған жоқпыз. Алайда кейбір жерлерде мұндай хирургиялық операциялар жасау үшін әйелдерге өтірік айтып, оларды алдап апарып жатыр. Біздің деректеріміз бойынша, Қарақалпақстан автономиялы республикасы, Ташкент қаласы сияқты кейбір аумақтарда жергілікті денсаулық сақтау басшылығы өз қаулыларын шығарып, олар жатыр түтікшелерін тазалау шараларын жасап жатыр. Мұндай қаулы бойынша денсаулық саласының мамандарына айына ерікті болған кемінде екі әйелге операция жасап, жатыр түтікшелерін байлау жөнінде нұсқау берілген».

Сол сияқты Хорезм облысындағы адам құқын қорғаушы «Нажот» тобының басшысы Хаитбой Якубовке өз аймағындағы әйелдер дәрігерлердің денсаулығына байланысты жатыр түтікшесін алдырту қажет дегеніне сеніп қалғандарын айтқан:

«Біз Хиуа ауданындағы 17 әйелмен сөйлестік. Олардың кейбірі жатыр түтікшелерін алдыртқан. Қалғандары сондай операциядан өткендердің туыстары. Ол әйелдер медициналық мекемелерге барғанында, оларға: “сенің бойыңда қауіпті гинекологиялық ауру бар, оны асқындырмас үшін біз операция жасауымыз керек” деп айтқан. Осылай қаншама әйел мұндай операциядан өткен».

Осылайша алданып қалып, операция жасатқан әйелдер енді шағымдана да алмай отыр дейді құқық қорғаушы белсенді Якубов:

«Онда тіпті жергілікті денсаулық сақтау басшыларына шағымданып барған адамдар болған. Билік біраз әйелдің сотқа қайрылуына кедергі жасады».

Туған әпкесі бала туу қабілетінен айрылғанын айтқан хорезмдік жас келіншек елде бала тууды шектеу шаралары әйелдердің қалауынан тыс, оларға айтпастан жасалып жатыр деді.

«Хорезмде 35-тен асқан әйелге босанғаннан кейін мәжбүрлі түрде спираль салдыртып жатыр. Кей кездері дәрігерлер қайтадан жүкті болмауы үшін әйелдердің жатыр түтікшесін байлап тастайды. Дәрігерлер аудандарды аралап, әйелдерді міндетті тексеруге жіберіп жатыр. “Біз сіздің жатырыңызды тегін жауып береміз” дейді олар».

Адам құқын қорғаушы топтардың айтуынша, дәрігерлердің бала туу қабілетін шектейтін шараларынан қорғанған көптеген өзбекстандық әйелдер бүгінде үйлерінде босануды жөн санап отыр.
XS
SM
MD
LG