Өзбекстанда мемлекеттің қатаң бақылауындағы ауылшаруашылық саласында еңбек ететін фермерлерге Совет одағы тарағалы бері билік мақта өсіруді бұйырып келген. Ал биылдан бастап президент Шавкат Мирзияевтің жарлығымен кей шаруа қожалықтарына бұрын-соңды олар ешқашан өсіріп көрмеген көкөніс түрі – ащы чили бұрышын өсіру жайлы тапсырма берілген.
Өзбекстанның оңтүстігіндегі Қашқадария уәлаятының диқандары бұрыш өсіруге мәжбүрлеудің кесірінен қиын жағдайға тап болғандарына шағым айтады. Өйткені, олардың сөзінше, жергілікті шенеуніктер диқандардың өнімін үкіметтің чили бұрышы туралы жарлығын орындау үшін жаңадан құрылған ChiliUz компаниясы арқылы сату туралы келісім-шартқа қол қоймаған.
Шахризабз ауданында тұратын, басшылықтың қудалауынан қорқып, аты-жөнін атамауды өтінген 47 жастағы фермердің айтуынша, ащы бұрыш өсірген басқа да ауылдастарымен бірге оған да жергілікті әкімшілік "өнімді сатып алатын шетелдіктерді өздерің табыңдар" деген пәрмен берген. Диқанның сөзінше, жергілікті басшылық шетелдіктер елдегі бағадан үш есе қымбат баға ұсынады деп болжаған.
"Шетелдік алушыны қалай табуды білмеймін, себебі бұрын-соңды ешқашан мұндаймен айналысып көрген емеспіз, – деді шаруа Азаттыққа берген сұхбатында. – Бізге үнемі мақта өсір деп пәрмен беріліп келген, әрі оны сатуға ешқашан рұқсат берілмеген. Мақтаны сатумен үкімет айналысатын".
"ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫ"
Шахрисабз ауданындағы фермерлердің айтуынша, маусымның 5-інде аймақ басшысы (хоким) Холбобо Бозоров, оның орынбасары Зайнидин Халилов, полиция басшысы және жергілікті прокурор қатысқан жиында оларға бұрыш өсіру жөнінде тапсырма берілген.
Фермерлердің сөзінше, оларға өнімді жинап, экспортқа шығаруға шілденің 1-іне дейін уақыт берілген.
Егер бұл талапты орындамасаңдар, жер өңдеу құқығынан айырамыз деді
"Сол бөлмеде әр диқанға жақында отырғызған чили бұрышын жылдам жинап, шетелден сатып алушы табуға тапсырма берілді, – дейді 47 жастағы фермер. – Сол жиында жергілікті кәсіпкерлерге 200 мыңнан 1 миллион АҚШ долларына дейінгі өнімді экспорттау жөнінде нұсқау берілді".
"Егер бұл талапты орындамасаңдар, жер өңдеу құқығынан айырамыз деді. Олардың айтуынша, бұл – президенттің тапсырмасы екен", – дейді фермер.
Мемлекет берген көшетті мемлекеттің 16 гектар жеріне сәуірдің 10-ында отырғызған ол жеміс шілденің ортасына дейін піспейді деп отыр.
- Мұны жарлықтың күшімен орындай алмайсың, – деді диқан Азаттыққа.
Әкімдіктің аты-жөнін атамауды өтінген экономикалық даму жөніндегі қызметкері Азаттыққа маусымның 5-інде аудан әкімшілігі басшыларының диқандармен және кәсіпкерлермен кездесіп, "чили бұрышын өсіріп, экспорттау мәселелерін" талқылағанын растады.
Оның айтуынша, Шахризабз ауданында биыл 130 гектар жерге чили бұрышы "экспортқа шығару" мақсатымен отырғызылған.
Бірақ ол фермерлерге "экспорт жайын өздерің шешіңдер" деген бұйрық берілді деген – жалған сөз дейді.
"Біз жерді диқандар арасында бөлісудің жоспарын ғана талқыладық. Бұл чили бұрышы экспорт үшін өсіріліп жатыр. Елге нақты ақша керек. Біз мұны әр фермерге түсіндірдік. Бірақ біз оларды "жерге егін салу құқығынан айырамыз" деп қорқытқан емеспіз. Фермерлерге толық бостандық берліген", – деді әкімшілік қызметкері.
"КОМАНДАЛЫҚ ЭКОНОМИКА"
Өзбекстанның мемлекет бақылауындағы ауылшаруашылық секторында шағын бау-бақшадан басқа өңделетін жер жеке меншікке берілмейді. Шахризабз ауданының 47 жастағы фермерінің айтуынша, биыл көктемде аудан әкімшілігі оған 16 гектар жердің 13 гектарына сеп деп екі айлық бұрыш көшеттерін берген.
Ол әлгі көшеттерді мемлекеттік "Өзбекстан агробанкімен" арадағы несие келісімінің негізінде алғанын айтады. Өзбек фермерлеріне қысқа мерзімдік ауылшаруашылық несиесін берудің әдеттегі тәртібі бойынша, ол банктен ешқандай ақша алмайды.
Ақша орнына "Өзбекстан агробанкі" тұқымға мемлекеттік компания қойған бағаның негізінде несие көлемін есептеп шығарады. Олар әр көшет бағасын 1250 сом (16 цент) деп есептеген.
Әдетте мұндай несие келісім-шарттарында "фермерлер алған өнімнің көпшілік бөлігін мемлекеттік компанияларға өткізуі керек" деген талап қойылады. Өнімді ел ішінде не шетелде сатумен солар айналысады.
Көкөніс өсірушілер өздері алған несие көлемінен артылған өнімді алып қалып, жергілікті базарда сатуына не өздері тұтынуына болады.
Жаңадан құрылып, фермерлерге көшет берген ChiliUz компаниясы Өзбекстанның 13 әкімшілік ауданының тоғызындағы фермерлердің өнімін жинап алмақ. Дегенмен, ChiliUz компаниясы баспасөз хатшысы Зулайхо Мусурмонова Ozbekoziqovqatxolding деп аталатын мемлекеттік жеміс-көкөніс саудасы мекемесінің еншілес кәсіпорны ретінде құрылған бұл жаңа компанияның Қашқадария аймағында егілген бұрышқа еш қатысы жоқ дейді.
- Қашқадариямен келісім-шартымыз жоқ. Басқа аймақтарға Үндістаннан көшет жеткізумен айналысып жатырмыз. Жиналған әр чили бұрышының бір килограмын 2500 сомға (33 АҚШ доллары) сатамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.
"Егер Қашқадария бізбен келісім-шарт жасасқанда, біз олардың өнімдерін де түгел сатып алар едік. Сонда фермерлер шетелен алушы іздеп әуре болмас еді" дейді Мусурмонова.
"ШЫҒЫНҒА БАТАМ"
Ал қашқадариялық диқандар енді не істерін білмей әлек. Егер алушы таба алмаса, олар көктемде "Өзбекстан агробанкінен" көшет үшін алған несиені ақша күйінде қайтарулары керек.
Шахризабз ауданыда тұратын 47 жастағы диқанның айтуынша, трактор жағармайы, тыңайтқыш, суару, гербицид шығындарын қоса есептегенде, Өзбекстанда ащы бұрыш өсіру тиімді емес.
Егер бұрышты Өзбекстандағы бағамен сатсам, шығынға батам
Оның үстіне, биыл Өзбекстанның кей аудандарында су тапшы болып, әрі Арал теңізінен келген тұзды шаң басып, көп көшет қурап қалған.
"Онда мен мұны [бұрышты] тегін бере саламын. Егер бұрышты Өзбекстандағы бағамен сатсам, шығынға батам", – деген фермер мемлекет кесірінен тақырға отыруға шақ тұрғанын айтады.
"Бұдан былай бұрыш та, мақта да өсіргім келмейді. Бұршақ өсірсем деймін, себебі оған көп су қажет емес. Су тапшылығы – үлкен мәселе. Мен үшін бұршақ тиімді", – дейді диқан.
ТИІМСІЗ ЖҮЙЕ
Совет заманынан бері Өзбекстанның тиімсіз аграрлық секторы, суару жүйесі, фермерлік машиналар, тіпті жер телімдерінің бөлінуі тек мақта өсіруге бағытталып келді.
Жылдар бойы мақта алқаптарын Арал суымен суарып келгендіктен, теңіз суы тартылып, айналаны тұзды шаң басып, ауыр экологиялық зардап әкелген. Бұдан жердің құнары кеміп, өнім көлемі азайған.
АҚШ зерттеушілері 1991 жылы 32 гектар жерді пайдаланып келген фермерлердің өңдей алатын жер көлемі он жылдың ішінде төрт гектарға дейін азайған деген қорытынды шығарған.
Тіпті қазір де мақта өсіруден мемлекетке пайда түсіру үшін үкімет бюджеттік мекеме қызметкерлерін – мемлекеттік қызметкерлерді, дәрігерлер мен мұғалімдерді, студенттерді, тіпті балаларды мақта теру жұмысына күштеп жегуді әдетке айналдырған.
Human Rights Watch ұйымы 2018 жылғы мамырдағы есебінде Өзбекстан экономикасы мәжбүрлі еңбек пен бала еңбегіне тәуелді болып тұр деген қорытынды жасаған.
Сарапшылар Өзбекстанға болашақта жақсы даму үшін ауыл шаруашылығын әртараптандырып, мақтадан басқа өнім түрлерін өсіруге кеңес беріп келеді.
Азық-түлік импортына тәуелділіктен құтылу үшін үкімет 1998 жылы кей шаруа қожалықтарында мақтаның орнына бидай сияқты дәнді дақыл өсіруге ауыса бастады.
Мақта өндіру көлемі күрт азайып, жеті жылда ол Өзбекстан экспортының 40 пайызынан 20 пайызына дейін төмендеген. Дегенмен, 2016 жылы күзде президент Ислам Каримов қайтыс болғанға дейін Өзбекстан үкіметі ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы жоспарларын жүзеге асыруға құлықсыз болып келді, себебі бұл көп инвестицияны қажет ететін әрі оның үстіне ел мақта экспортына тәуелді болып қалған.
Осы тұрғыдан қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің бұрыш өсіруге пәрмен беруі – ауыл шаруашылығын әртараптандыруға бағытталған алғашқы қадам десе болады.
Алайда, кейбіреулер жоғарыдан бұйрық беріп, төмендегі әкім-қаралар соны жаппай орындайтын бұл жүйе Өзбекстанның іске аспаған асқабақ өсіру шарасының кебін кие ме деп қорқады.
2017 жылы өзбек диқандары үкіметтің қысымымен ондаған мың тонна асқабақ өсіріп, өнімнің көбі сұраныстың аздығынан далада жатып шіріп кеткен.
(Мақала ағылшын тілінен аударылды.)
ПІКІРЛЕР