Өзбекстанды 27 жыл бойы үздіксіз басқарған тұңғыш президент Ислам Каримов 2016 жылғы қыркүйекте қайтыс болған соң оның орнына президент болып сайланған Шавкат Мирзияев биліктің халық алдындағы жауапкершілігі туралы жиі сөз қозғай бастаған. Елде кейбіреулер оның сөзіне сеніп қалған тәрізді. "Узнефтегаз" газ құю стансасының жұмысшылары мекеме басшылығына шағымдарн жеткізіп, еңбекақыны даулап талап қойған.
Бұрын "UzOilGas" деп аталып келген бұл мекеме ақпан айында ребрендинг жасап, атауын ағылшыншадан өзбекшеге өзгерткен еді.
БАСШЫЛЫҚҚА ТАЛАП
Озодлик радиосы (Азаттықтың Өзбек қызметі) тілшісі 20 сәуірде Ташкентте болған "Узнефтегаз" компаниясының басшылығы мен қызметкерлері арасындағы кездесуге қатысқан кей жұмысшылармен тілдесті.
Компания атауы өзгергеннен кейін жұмысшылардың көбі "жаңарған компания жалақыны уақтылы бере бастайды" деп үміттенген. Бірақ, олардың үміті ақталмаған тәрізді. Басшыларымен кездесуде көтерілген мәселелердің бірі жалақы туралы болған. Жұмысшылардың айтуынша, компанияның аты өзгергелі бері олар айлықтарын толық алмаған.
- Еңбекақы алмағаныма екі ай болды. Есепшіге барып едім, бір миллион сумға жақындап қалған айлығымды (125 АҚШ доллары) берудің орнына олар маған 300 мың сум ғана берді, - деді Азаттық радиосына жұмысшылардың бірі..
Кейін ол ұжымда өзі сияқты жарым-жартылай ғана жалақы алып жүргендер көп екенін біліпті. "Узбекнефтегаздың" басқа біраз қызметкері еңбекақыларын толық алмағандарын айтты.
Өзге жұртпен бірге ол да 20 сәуірде басшылықтың қатысуымен өткен кездесуге барыпты.
"Зал кісіге толы болды. Еңбекақыларын алмағандар, ешқандай өтемақысыз жұмыстан шығарылмағандар қатысты", - дейді ол.
"Узбекнефтегаз" жұмысшыларының тағы бір шағымы – компания атауын өзгерткелі көп адамның еш себепсіз жұмыстан шығарылғаны туралы болды. Компания жұмысшысының айтуынша, жиналысқа "Узбекнефтегаз" директоры Батыр Тураев және тағы екі басшы қатысқан. Осы кездесу кезінде түсірілді деген екі видео бар.
Бір видоеда қызбалана сөйлеп тұрған ер адам сегіз баласы барын, жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтады.
"Маған неге өтемақы бермеді? Енді балаларымды қалай асыраймын?" - дейді ол.
Залдағы жұрт оған қолдау білдіріп жатыр. Тағы бір видеода "Узбекнефтегаздың" басшысы Тураевқа ұқсайтын адам жұмысшыларды сабырға шақырып жатыр.
"ҰҚК-ГЕ ХАБАРЛАЙМЫЗ ДЕП ҚОРҚЫТТЫ"
Ташкентте өткен кездесуде жұмысшылар "Узбекнефтегаз" компаниясы басшылығына арыз-шағымдарын жеткізе алғанымен, олардың талап-тілектері орындалғаны жайлы мәлімет жоқ. Бірақ, Каримовтың тұсындағыдай шағым айтқан жұмысшылардың қудалауға түскені туралы да ешқандай дерек жоқ.
Жиналысқа қатысқан жұмысшылардың бірінің сөзінше, ол кездесуге дейін "Узбекнефтегаз" басшыларына барып, еңбекақысын төлеуді талап еткен. "Компания өкілдері ұлттық қауіпсіздік қызметінің "қара тізіміне" енгіземіз деп қорқытты" дейді ол.
Басшылық қауіпсіздік күштерінің көмегімен үрей шақыратын ескі дәстүрге жүгініп отыр.
Оның сөзінше, басшылар басқа жұмысшыларды да жуасыту мақсатымен оларға: "ҰҚҚ сендер жайлы сұрап кетті" деп қорқытпақ болған.
Бірақ, "Узбекнефтегаздағы" еңбек дауына Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің араласқаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. "Басшылық қауіпсіздік күштерінің көмегімен үрей шақыратын ескі дәстүрге жүгініп отыр" дейді кей жұмысшылар.
Ташкенттегі кездесуден соң Батыр Тураев "Узбекнефтегаз" басшысы қызметінен кетіпті деген әңгіме тарады. Азаттықтың Өзбек қызметі "Узбекнефтегаз" компаниясымен хабарласқанда, "Батыр Тураев ешқайда кеткен жоқ, ол күнде жұмысқа келіп жүр" деген жауап алды.
Бұрын Zeromax деп аталып, Швейцарияда орналасқан бұл компания UzGazOil-дың газ құю стансасына иелік еткен. Zeromax – Өзбекстанның мұнай-газ саласында келісім-шарт жасасқан жалғыз шетелдік компания болған. Кей болжамдарға қарағанда, бұл компания сол кездегі президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримовамен байланысы болуы мүмкін. Ол кезде Каримованың өзі көбіне Швейцарияда тұратын. Кейін Zeromax-тың басына бұлт үйіріліп, 2010 жылы оның UzGazOil газ құю стансасындағы акциялары өзбек үкіметіне сатылды. 2012 жылы Zeromax-тың бұрынғы қызметкері Батыр Тураев UzGazOil компаниясының бас директоры болып тағайындалған еді.
Қазір "Узбекнефтегаз" жұмысшыларының кейбірі Өзбекстан үкіметінің ресми веб-сайтына жазған шағымына жауап күтіп жүргендерін айтады.
"Мәселені ашық көтеру – Мирзияевтың жүргізіп отырған саясатымен толық сәйкес келеді" дейді олар. Президент биылғы жылды "Халықпен диалог жылы" деп жариялап, ресми тұлғаларға халықтың көкейкесті мәселелерін шешіп отыруға тапсырма берген.