Accessibility links

Басшылар байлығы Қытайда тұрақсыздық тудыруы мүмкін


Қытай премьер-министрі Вэнь Цзябао. Бейжің, 14 наурыз 2012 жыл.
Қытай премьер-министрі Вэнь Цзябао. Бейжің, 14 наурыз 2012 жыл.

The Есonomist басылымы қараша айының 2-сі күні Қытайдағы саяси жетекшілердің байлықтары жайлы мақала басты.


«Әшкере болудан қауіптенген Қытай басшылары цензураны ақылға сыймайтын деңгейде дамытып жатыр. Патрульдер көшелерде үкіметке қарсылық танытатын ұрандарды аңдып жүр. Интернет цензурасының қызметкерлері күні-түні тыным таппайды. Ал полиция диссиденттерді бағып, шенеуніктер жасырын басылған кітаптардың таралып кетпеуін қадағалап отыр» деп жазады The Economist.

Қытай коммунистік партиясы осы айда он жылда бір рет ауысатын саяси жетекшілерін алмастыруға дайындалып жатыр. Сондықтан үкімет басшылары жетекшілерге қатысты әртүрлі алып-қашпа әңгімелер мен қоғамдағы наразылықты өршітпеу үшін жанталасып жүр.

КҮТПЕГЕН КҮЙРЕУ

Мақала авторының зерттеуінше, Қытай премьер-министрі Вэнь Цзябаоның қызметте отырған он жыл ішінде қисапсыз қаржы жинағаны туралы мәліметтер жарыққа шығып кетті. Коммунистік партия мұндай жанжал мен дағдарысты 1980 жылдан бері бастан кешпеген еді.

The Economist басылымы бұл мәліметтерді партияның орталық комитеті қарашаның 8-і күні басталатын билік орындарының ауысуына соңғы дайындықтарын жасап жатқанда жариялаған. Бұл съезге партияның 2 мың 200 делегаты қатысып, бірнеше күннен соң саяси бюроны жасақтауы керек еді. Вэнь Цзябао алдағы наурыз айында зейнетке шығатын жетекшілердің қатарында болатын.

Мақала авторы осы проблемаға орай басқа да америкалық басылымдардың зерттеу жүргізгенін жазады. New York Times-та қазанның 25-і күні жарияланған зерттеу мақала Вэнь Цзябаоның абыройына тағы да нұқсан келтірді. NYT бұған дейін елдің ішінде өте қарапайым тұрмыс кешетін, үнемшіл басшы ретінде танылған премьер-министрдің отбасы мүшелері 2,7 миллиард доллар байлық жиғаны туралы дәлелдер тапқан. Бұл – соңғы бір жылда Қытай саяси бюросына қатысты туған екінші жанжал.

Саяси бюро 2012 жылы наурыз айында Бо Силайға қатысты дауға іліккен еді. Бо
Бо Силай мен әйелі Гу Кайкай. 17 қаңтар 2007 жыл.
Бо Силай мен әйелі Гу Кайкай. 17 қаңтар 2007 жыл.
Силайды «отбасы мүшелерімен бірге жемқорлыққа араласты және әйелінің кісі өліміне қатысты қылмысын жасыруға тырысты» деп айыптаған. Сол даудан соң саяси бюроның бірталай басшысы қызметінен кеткен.

Биыл маусымда АҚШ-тың Bloomberg жаңалықтар қызметі Қытай билігін Ху Цзиньтаодан қабылдап алуға дайындалып жүрген Си Цзиньпиннің бизнесіне байланысты жеке зерттеуін жариялады. Зерттеу нәтижесі Си Цзиньпиннің жақын туыстарының да мол байлық жинағанын әшкере қылды. Ел ішінде көптен бері айтылып жүрген, «Қытайды бай отбасы мүшелері билеп отыр» деген қаңқу сөздер шынға айналды деп жазады The Economist.

Мақала авторының пайымдауынша, қызметінен кеткенге дейін партияның белді мүшесінің бірі болған Бо Силайды партияның өзі кінәлі деп тапқанда да байлық пен биліктің байланысып жатқаны белгілі болған.

«ҚЫТАЙДЫ ҚАРАЛАП ЖАТЫР»

Мүдделер қақтығысы анық көрініп тұрса да, New York Times та, Bloomberg те Қытай басшыларын «өздерінің отбасына қатысты бизнесте заң бұзды» деп айыптамаған.

«Бірақ бай мен кедейдің арасы қатты алшақтап, қоғамдық наразылық күшейіп келе жатқан елде басшылардың мол байлықтары қарапайым халықтың күмәнін күшейте түседі» дейді мақала авторы.

Қытай цензурасы маусым айында Bloomberg-тің веб-сайтын жапқан. Таяуда ол елде New York Times-тың ағылшынша және қытайша сайттары жабылды. Қытайдың сыртқы істер министрінің хатшысы «бұл басылымдар Қытайды қаралап, біздің қоғамда толқу туғызбақ» деп айыптады.

The Economist-тегі мақала авторының ойынша, партияның қоғамдық пікірді бақылауға алуына және қараша айында Пекинде өтетін съезде қарсы пікір білдіретін адамдарды тұншықтырып тастауына интернет кедергі келтіріп жатыр. Қытай саяси жетекшілерінің ауыс-түйісі бірінші рет әлеуметтік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бақыланатын болады. Қазір Қытайда Twitter ашылмайды. Бірақ бұл елде Twitter-ге ұқсас, өте танымал әрі ықпалды әлеуметтік желілер бар. Қытайдың интернет полициясы оларды жауып тастауға қанша тырысса да, біржола тұншықтыру оңайға соқпай тұр.

ЦЕНЗУРА

Мақала авторының айтуынша, Қытайдағы интернет цензураның күшейгені сонша тіпті микроблогтағы премьер-министрдің аты-жөніне қатысты сөздер де ашылмайды. Интернетте «премьер-министр» дегенге «клан» деген сөзді қатар
Қытай төрағасы Ху Цзиньтао. Бейжің, 5 маусым 2012 жыл.
Қытай төрағасы Ху Цзиньтао. Бейжің, 5 маусым 2012 жыл.
жазып іздесеңіз, ешқандай ақпарат ала алмайсыз.

Қытайдағы ақпарат құралдарын бақылап отыратын China Digital Times веб-сайты «Қытай цензурасы кем дегенде бір ай бойы интернетте партия конгресінің делегаты, Қытайдағы ең бай кәсіпкердің бірі Лиян Вэньнің саяси карьерасына қатысты сөз қозғауға ешқандай да мүмкіндік бермейді» деп хабарлады.

Қытай баспасөзі бұрынырақ «Лиян Вэнь – партияның орталық комитетіне қабылданатын ең бірінші жеке кәсіпкер» деген ақпараттар таратқан. Партия басшылары жеке кәсібі бар бизнесменді қатарларына асқан сақтықпен қосып жатыр. Қазір Қытайда «партия мен мен байлықтың бір-бірімен байлынысы бар» дегенді білдіретін кез келген ақпаратқа қатай тыйым салынған.

Қытайдағы цензура қараша айында Шанхайдан оңтүстікке қарай 150 шақырым жердегі Ниньбао қаласында болған наразылық шарасын да бүркемеледі. Мыңдаған тұрғын бұл өңірдегі химиялық заводты ұлғайтуға қарсылық білдірген. Бірнеше күнге созылған ереуілден кейін, қазанның 28-і күні билік завод жобасы тоқтатылғанын хабарлады.

Қазіргі саяси науқан тұсында тұрақтылыққа мұқтаж партия басшылары жаңадан пайда бола бастаған орта таппен санасуға мәжбүр болып отыр. Ниньбаодағы ереуіл орта тап өкілдерінің жалғыз наразылық шарасы емес. Шілде айында Сычуань өлкесі Шифанг қаласында мыңдаған адам мыс өңдеу заводы құрылысына қарсылық білдіріп шеруге шыққан. Сол айда Шанхайға жақын Цидонг қаласында да осындай наразылық болған. Бұл екі оқиғада да шенеуніктер халық талабын орындады.

Мұндай оқиғалар, оған қоса Шығыс Қытай теңізіндегі даулы аралға байланысты Жапониямен арада шыққан жанжал ел билігінің ахуалын қиындататыны даусыз деп жазады The Economist.
XS
SM
MD
LG