Accessibility links

Беларусьтегі жағдай қытай жұмысшыларының төзімін тауысты


Добруш қаласынан Гомель қаласына дейін наразылық шеруіне шыққан қытай жұмысшылары. Беларусь, 2 шілде 2015 жыл.
Добруш қаласынан Гомель қаласына дейін наразылық шеруіне шыққан қытай жұмысшылары. Беларусь, 2 шілде 2015 жыл.

Беларусьте екі жүзге жуық қытай мигранттарының наразылық танытуы постсоветтік елде жұмыс істеп жатқан олардың әлеуметтік жағдайы аса ауыр екенін аңғартты.

Катсярина тұратын Добруш қаласы Беларусьтің оңтүстік-шығысындағы бір кездегі тыныш шаһарлардың бірі еді. Бірақ осыдан екі жыл бұрын билік картон фабрикасын салу туралы шешім қабылдаған соң қалаға қытай жұмысшылары толып кетті.

– Олар еңбекке өте тиянақты, таңғы сағат бес жарымнан жұмысқа кетіп бара жатады, - дейді құрылыс жүріп жатқан көшеге жақын тұратын Катсярина.

НАРАЗЫЛЫҚ

Беларусьтің автократ президенті Александр Лукашенко жиырма жылдан аса уақыт елді қатаң тәртіппен билеп-төстеп келеді. Адам құқығы өрескел бұзатын мемлекетке Батыс тарапынан санкциялар салынған соң, оның орнын толтыру үшін билік қытай инвесторларының көңілін аулауға тырысты.

Биліктің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта Беларусьте Қытай қаржыландыратын құрылыстарда 4200-ден аса қытай азаматы жұмыс істеп жүр. Соның мыңға жуығы күнкөріс қамымен небәрі 18 мың тұрғыны бар шағын әрі тыныш Добруш қаласына келген.

Беларусь Минск түбінен үлкен индустриялық парк салу үшін тағы 6663 қытай жұмысшысына виза берген. Бұл паркті екі елдің бірлескен кәсіпорны салмақшы. Президент Лукашенконың сүйікті жобасына айналған, құны 5 миллиард долларды құрайтын өндірістік орталық 80 шаршы километрге дейін созылмақ. Бұл Еуропада қытайлар тұрғызатын ең ірі өндірістік парк болады деседі.

Бірақ, беларусь билігі қытай жұмысшыларының жағдайын жасай алмай отырған тәрізді.

МИНСКІГЕ ЖАЯУ ЖОРЫҚ

Шілденің 2-сі күні еңбекақы алмағандарын айтып, бойын ашу-ыза кернеген 200-ге жуық қытай жұмысшысы Добруш көшесіне шеруге шықты. Олар көршілес Гомель қаласына дейін жаяу-жалпы барып, одан ары қарай 300 километр қашықтықтағы Минскіге, қытай елшісіне жолығу үшін жаяу аттанбақшы болды.

Президент Лукашенко кез-келген наразылықты қатаң басып-жаншып тастайтын Беларусь үшін бұл қарсылық акциясы таңсық болды.

Жергілікті БАҚ әуелгіде қытай елшілігінің қызметкерлері жұмысшылармен сөйлесіп, оларды автобуспен тыныш қана Добрушке қайтуға көндірді деп хабарлады. Бірақ Азаттық тілшілерінің қолына қытай жұмысшыларының беларус милициясымен жұлысып жатқан сәті түсірілген видеожазба түсті.

Беларусьтегі қытай жұмысшыларының наразылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:19 0:00

Қытай жұмысшылары Азаттыққа болған жағдайды айтып берді. Олардың сөзінше, картон фабрикасының құрылысын салу туралы келісімшартқа отырған қытайлық «Xuan Yuan Industrial Development Co.» компаниясы беларусь милициясын шақырып, жұмысшылар Беларусь билігіне қарсы бас көтеріп жатыр деп хабарлаған.

– Бізді тоқтатып, Добрушке қайтаруының себебі осы, - деді Азаттық тілшісімен аудармашы арқылы тілдескен жұмысшылардың бірі.

Олардың айтуынша, жұмыс беруші үш айлық жалақының екі айға тиесілі сомасын ғана төлепті.

ОН САҒАТТЫҚ ЖҰМЫС КҮНІ

Қытайлықтардың көбі мұндағы жұмыс жағдайының өте ауыр екенін, Қытайға қайтқысы келетіндерін айтады. Олар құрылыста күніне 10 сағаттан, демалыссыз 7 күн бойы жұмыс істейтіндерін, түскі асқа 15 минут ғана уақыт берілетінін айтып берді. Жұмысшылар құрылыс алаңына салынған қарабайыр жатақханада тұрады, үш қабатты төсекте ұйықтайды, тамақты он жұмысшыға арналған тар бөлмеде әзірлейді екен.

– Біз құл сияқты жұмыс істейміз. Бұрын Қытайдан басқа елде жұмыс істеп көрген емеспін. Бұдан соң шетелге шығып жұмыс істемеспін, - дейді құрылысшылардың бірі.

Добруште қытай компаниясы салып жатқан картон фабрикасының құрылысы. 10 шілде 2015 жыл.
Добруште қытай компаниясы салып жатқан картон фабрикасының құрылысы. 10 шілде 2015 жыл.

Қытай жұмысшыларының кейбірі Азаттық тілшісіне қытайлық мердігер өздерінің төлқұжаттарын жинап алғанын және ұялы байланыс телефонына жергілікті байланыс операторының SIM картасын орнатуға тыйым салғанын жеткізді.

– Біз сұхбат та бере алмаймыз, әйтпесе бастығымыз бізді құмырсқа сияқты таптап тастайды, - деді олардың бірі.

Добруштағы қытайлардың көбі ауылдық жерден келген және жұмысқа орналасу үшін қытай агенттігіне 200-2000 доллар аралығында ақша төлеген. Ал олардың жалақысы Беларусьтағы орташа жалақы (600 доллар) мөлшерінен екі-үш есе көп болғанына қарамастан, бұл сома оларға Қытайда уәде еткен жалақы мөлшерінен әлдеқайда аз.

Мигранттарға секеммен қараса да, Добруш тұрғындары қытайлардың наразылық акциясын қолдады. Жалақысыз еңбек етудің қандай екенін жақсы білетін көптеген белорустар қытай жұмысшыларының әділетті талабын құптайды.

– Олар дұрыс істеді, мен толық қолдаймын. Біздің де жалақымызды кешіктіреді, оған көніп келеміз. Үш ай бойы бермеу деген сұмдық қой. Бұл – шектен шығу, - дейді Добруш тұрғыны, Гомель қаласында құрылыста істейтін Владимир.

Добруштың көптеген тұрғындары тәрізді Александр қытайлардың күні бойы ұзақ уақыт тынымсыз еңбек ететіндігіне таңдана әрі шошына қарайды.

– Кейде түнде құрылыс алаңынан қасынан өтемін, сонда олардың жұмыс істеп жатқанын көремін. Прожектор жағып қояды да, жүк көліктері ары-бері жүріп жатады, - дейді ол.

Катсярина да шетелдік жаңа көршілеріне аяушылықпен қарайды. Бірде ол өз бақшасынан қытай жұмысшыларының шие ұрлап жатқанын байқап қалған, бірақ әйел оларды кешіріпті.

– Оларды аяймын, жұмыстары өте ауыр, дейді ол.

Азаттықтың Беларусь қызметі мен Клэр Биггтің мақаласы ағылшыннан аударылды.

XS
SM
MD
LG