Дональд Трамп президенттігі тұсындағы алғашқы АҚШ-Ресей ресми саммитіне дайындық барысын Азаттық америкалық ресейтану мамандарының бірі, Вашингтондағы American Enterprise институтының ресейлік зерттеуінің басшысы Леон Аронмен талқылады. Леон Арон – Азаттық радиосының қамқоршысы саналатын федералдық хабар тарату мәселелерін басқарушылар кеңесінің (BBG) мүшесі.
Владимир Путин үшін үшінші, ал Дональд Трамп үшін бірінші саммит болғалы тұрған АҚШ - Ресей ресми саммитін сан-саққа жүгіртіп жатыр. CNN бұл жағдайды "Интрига мен белгісіздікке толы саммит" деп атайды. "Хельсинкиде Трамп пен Путин келіссөзі басталғанда жұрт екеуінің Солтүстік Корея, Сирия, Иран, қарусыздану туралы тозығы жеткен келісім-шарттарды талқылағанына немесе жаңадан жаппай қарулануға бет алуға қатысты қорқынышқа емес, мүлде басқа нәрсеге көз тігетін болады. Трамптың естен тандыратын дипломатиясы, оның Ресей басшысына түсініксіз жалбақтауы, АҚШ-тың жақын одақтастарына жасаған жуырдағы шабуылы, дұшпандарына бүйрегін бұруы, АҚШ-тағы сайлауға Кремльдің килігуін тексеру үшін қозғалып, АҚШ саясатын ұйыққа тартып бара жатқан іс – саммитте дәл осылар көрінетін болады" деп жазды CNN сарапшысы Стивен Коллинсон.
Баспасөз бен сарапшылар назарына халықаралық қатынастардың аса маңызды проблемаларынан бұрын осы мәселелердің іліккені кездейсоқтық емес. Владимир Путинмен әлдебір пәтуалы келісімге қол жеткізу мүмкіндігіне америкалық мамандар мен саясаткерлердің ешқайсысы сенбейді. Бұдан үміт қылатын жалғыз президент Трамп қана деуге болады. Оның өкілі Джон Болтонның Ресей президентімен кездесуі скептиктердің күмәнін растай түскен тәрізді.
– Арон мырза, президент Путин АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Болтонмен кездесті. Ресей президенті сөзінің "бісмілләсін" екі ел арасының нашарлауына АҚШ кінәлі, Ресеймен қарым-қатынас АҚШ-тағы ішкі саяси тартыстың құрбанына айналды деп меңзеуден бастады. Яғни Владимир Путин өз бағытынан таймай отыр. Америкалық өкіл бұл сөздерді көңіліне алмай прогреске жетуге болатын қарым-қатынас салалары бар дейді. Дайындықтың бұлай басталуын қалай деп түсіндіре аласыз?
Әзірше бәрі хаттама аясында болып жатыр, ал жалпылама сөздер, бір-біріне жымиюы, кооперация туралы әлдебір бұлыңғыр мәлімдемелері – мұның бәрі дипломатияның дәстүрлі тілі
– Бұл тіпті ұрыспен барлау емес, бұл сумо балуандарының күресі сияқты нәрсе. Олар күресті бастамас бұрын бір-біріне жақындап, сес көрсетеді, қарсыласына әсер қалдыруға тырысады. Меніңше, қазір дәл сондай жағдай болып жатыр. Әрине, сумо күресінен айырмашылығы – бұл жерде дипломатиялық деңгейдегі "жекпе-жек". Джон Болтон институтта бірге істеген әріптесім, оны баяғыдан танимын, ол кісінің екі қасиеті бар – бір жағынан, шынымен кәсіби дипломат, ал екінші жағынан, комментатор, сирек қабілеттің адамы. Бәлкім, Путинмен кездескен кезде бұл қасиеттері байқалмаған шығар, бірақ елге оралып, Трампқа кездесудің жай-жапсарын баяндаған кезде оның бұл екі қасиеті қосылып, президент тиісті картина алады деп ойлаймын. Әйтеуір өзіме бір жайт аян – Джон Болтонда Путинге, путиндік Ресейге қатысты ешқандай иллюзия жоқ. Меніңше, әзірше бәрі хаттама аясында болып жатыр, ал жалпылама сөздер, бір-біріне жымиюы, кооперация туралы әлдебір бұлыңғыр мәлімдемелері – мұның бәрі дипломатияның дәстүрлі тілі ғой.
– Джон Болтонды кіммен істес болып отырғанын жақсы түсінетін реалист деп мақтап отырсыз. Бірақ Болтон Мәскеуге Ресей - АҚШ саммитін ұйымдастыру мақсатында келді, енді Мәскеуге америкалық сенаторлар делегациясы баруы тиіс, Трамп әкімшілігі Кремльден мұнай экспортын ұлғайтуды өтінеді екен деген сөз бар. Бір шеттен Владимир Путиннің қалағаны болып жатқандай көрінуі мүмкін. Әлде бұл алдамшы картина ма?
– Иә, дәл солай, яғни Путиннің қалағаны болып жатыр. Әбден жауыр болған нәрсе болса да қайталап айтайын – Ленин тым ерте, яғни АҚШ-пен дипломатиялық қарым-қатынас орнағанға дейін өліп қалды, бірақ Совет одағының, Ресейдің Сталин бастаған басшыларының бәрі үшін америкалық президентпен кездесу өткізудің өзі нәтижесі қандай болғанына қарамастан, үлкен PR-жеңіс саналған. Ресейліктер үшін бір ғана шетелдік ұлы держава бар, ол – АҚШ екенін мен айтпасам да білесіз. Ресей мен АҚШ арасында шағын территория бар, Еуропа деп аталады, бірақ барлық көзқарастар, яғни жек көрсе де, жақсы көрсе де бәрі ылғи Америкаға қарата айтылып келді. Зейнетақы реформасы, өрттер, жалпы өнімнің өсімі 1-1,5 пайыздан аспауы сияқты ішкі саяси императивтер жетегінде келе жатқан Путин үшін бұл көктен іздегені жерден табыла кеткен кездесу болып тұр. Ол үшін бұл әлдебір өтемақы, ішкі легитимизация. Әрине, Путин үшін мұның өзі үлкен ілгерілеу болмақ. Ол символикалық тұрғыдан жеңіп тұр, оған дау жоқ. Өйткені екі елдің арасы шынымен нашар, не себепті нашар екенін білесіз. Болтон, Трамп, Мэттис Америкада не десе, о деп жатсын, яғни "көп дүниеге келіспейміз, ешқандай босаңдық болмайды, қосылып қимылдауға болатын әлдебір салаларды іздейтін боламыз" дей берсін, ал Мәскеуде бұл месседж емес, "Міне, көрдіңдер ме, Ресейсіз ештеңе шешілмейді, Трамп мұны түсінеді, ал еуропалықтардың "күңкілі" кімді толғандырады дейсің" деген сарындағы месседж жарияланатын болады.
– Джон Болтон Мәскеуге келер алдында ресейлік мемлекеттік ақпарат агенттігі – ТАСС "Ресей - АҚШ қатынасы қайта түлей бастады" деген тамаша тақырыппен Ресей баспасөзіне ағылшын тілінде шолу жариялады. Америкалық саясаткерлер немесе сарапшылардан мұндай ештеңе естімейсің, ал әлгі шолуда сөздері келтірілген ресейлік саясаткерлер жуырда өтетін саммитті дәл осындай контексте қарастыруға әзір. Бұл ішкі аудиторияға арналған ойын, иллюзиялық үміт, ресейліктердің АҚШ-ты әдеттегідей түсінбеуі деп санауға бола ма, әлде олар шынымен дәме ете ала ма?
– Дәмелене алады. Мәселе бұған үміт қылу керек пе екендігінде. Айтпақшы, еуропалықтар мен Трамп үкіметіндегі көп адамдарды ресейліктердің осы "дәмесі" қатты алаңдатады. Саммитке келетін Путиннің позициясы айқын, ал Трамптың позициясы онша айқын емес. Трамптың қызба мінезді адам екенін ескерсек, саммитте Пандора жәшігі ашылып кетуі мүмкін. Меніңше, бұл бұлдыр үміт емес. Әрине, үміттерінің ақтала қою ықтималдығы онша үлкен емес, әсіресе егер Трамп өз сарапшыларының пікіріне құлақ асатын болса... Меніңше, үміт бар.
– Кремль неден үміт ете алады деп санайсыз? Теориялық тұрғыдан алғанда, ол Трампты қандай нәрселерге иліктіре алады?
– Санкцияларды толық алып тастамайды, бірақ әлдебір ілгерілеу, әлдебір босаңдық болатыны анық. Бәлкім, Путиннің "Украинаға қатысты бірдеңе ойластырамын" деген, Сирия бойынша кезекті әлдебір уәдесін алып, санкцияларға үзіліс жариялаймыз деген ресми мәлімдеме жасалатын шығар. Өкінішке қарай, меніңше, бұл саммитте Қырым туралы тіпті айтпайтын да болады. Путиннің түпкі мақсаты – жаңа Ялта екенін біліп отырмыз. Батыс Ресейдің ықпал аймағында НАТО кеңеймейді және Путин Батыс ұйымдастырды деп санайтын "түрлі-түсті революциялар" болмайды деген екі кепілдік беріп қалуы мүмкін.
– Арон мырза, өзге көптеген америкалық саясаткерлер сияқты сіз де Трамп Путиннің тұзағына түсіп қалады деп қауіптенгенсіз және әлі де қауіптенесіз. Бірақ скептиктердің Ресеймен қатынасты жақсарту үшін немесе Владимир Путиннің ығына жығылу үшін оқыс қимылға барады деген болжамдары Трамп президенттігінің бір жарым жылында ақталған жоқ. Трамп әкімшілігі санкцияларды жүйелі түрде салып келеді, президент Трамптың әрекеттерін көріп отырмыз. Сіз ол – қызба адам, сондықтан қызбалыққа салынып кетуі мүмкін деп санайсыз. Бір жағынан, Солтүстік Кореяға қатысты әрекеттеріне қарасақ, ортодокстік емес тәсіліне қарамастан, әлдебір нәтижелерді көріп отырмыз ғой.
– Бұл жағынан алғанда, ол шынымен қызық адам. Картердің президенттігінің соңғы екі жылын білемін, сондықтан мұндай президентті көрмеппін, қазір өмір сүріп жатқан адамдардың ешқайсысы көрген жоқ. Президенттің риторикасы ол жүргізіп отырған саясатпен мүлде қабыспайды, бұл саясаткерлердің бәріне тән қасиет, бірақ мына жерде мүлде қабыспайды. Бір жағынан "Ресейді G8 қайта қабылдайық" немесе "Қырым деген не тәйірі, ол жақта бәрі орысша сөйлейді" дейді. Ал сәуірде Дерипаска мен "Русалға" естен тандыратын санкция салып тастады. Түсініксіз. Қазіргі әкімшілікте ешкіммен араласпаймын, сондықтан ол жақта қандай өсек-аяң барын білмеймін, бірақ бұл шынымен мүлде түсініксіз жағдай. Иә, президенттің риторикасына қарамастан, қазір АҚШ-тың саясаты Обама кезіндегіден әлдеқайда салмақты, қатал екені рас.
– Бәлкім, президент Трамп жұрттың көбі, әсіресе қарсыластары ойлағандай соншалықты жай адам емес шығар?
Әдетте тым жақсы басталады, ал сосын жұдырықтасуға немесе жоқ дегенде, ұрсысуға дейін жетеді
– Солай шығар деп үміттенеміз. Ол телевизиялық тұлға, бизнестен шыққан адам. Бірақ жылжымайтын мүлік – бизнес емес. Бұл америкалық бизнестің классикалық түрі емес. Трамп деңгейіндегі жылжымайтын мүлік бұл бір жағынан ойын, рулетка ойыны. Бұл бизнестің бір бөлігі. Бұл – келіссөздер. Әдетте тым жақсы басталады, ал сосын жұдырықтасуға немесе жоқ дегенде, ұрсысуға дейін жетеді.
– Бұған қоса, оның айналасындағы адамдар факторы деген бар. Ол скептиктерге, "Кремльге сенбейтін скептиктерден"(мен осылай дер едім) айырылмай отыр ғой.
– Ол қызметіне енді кіріскен кездегі ең алғашқы эшелонында "ресейшіл" деп айта алмаймын, бірақ Майкл Флиннді айтпағанда, Стивен Бэнонн сияқты "Ресей-АҚШ арасы жақсарады деп сенетін оптимистер" болған.
– Бұл – Ресей өкілдерімен байланыста болғаны анықталғаннан кейін отставкаға кеткен Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі алғашқы кеңесшісі ғой.
– Трамп айналасындағы адамдарды өзі ауыстырды, демек саясатын да өзгертті.
– Трамп президенттігінің екінші жылында оның жанында Кремльді ұнатпайтынын жасырмайтын қорғаныс министрі Мэттис, мемлекеттік хатшы Помпео, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Болтон болды әрі Дональд Трамптың құбылмалы мінезіне қарамастан тұрақтап қалуының сыры неде? Трамптың Путинге өзге ешкім емес, Ресей президентін жуырда ғана аяусыз сынаған Болтонды жібергені қызық болды.
– Мұны "кадр саясаты" дейді. Президенттің кадр саясаты риторикасына шынымен қайшы.
– Джон Болтонмен кездесуінде жасаған мәлімдемелеріне қарағанда, Владимир Путин саммитке АҚШ-тың бұрынғы президенттеріне қолданып, сынақтан өткен "Бәріне Америка кінәлі, саясаткерлерің "русофобияға" шалдыққан, біз ынтымақтасуға дайынбыз, бірақ алғашқы қадамды сендер жасаңдар" деген сарындағы мәлімдемелерімен бара жатыр. Мұндай тұзаққа Трамптың түсіп қалуы мүмкін бе?
– Бұл менің парадигмаммен үйлеседі. 2012 жылдан, бәлкім, Путиннің 2007 жылғы "Мюнхендегі сөзінен" бастап ол үшін бұл "нөлдік сомадан бастап ойнауға", яғни менің ғана айтқаным болады, одан өзгеге келіспеймін деген ойынға айналған деп санаймын. Нөлдік сомадан басталатын ойын оның идеологиясы мен ішкі саяси императивтеріне жүз пайыз сәйкес келеді. Ол АҚШ-пен арадағы шиеленісті Горбачев-Шеварнадзе үлгісі бойынша босаңдатуға жол бере алмайды. Ол екі елдің арасы Брежнев пен Никсонның тұсындағыдай болса дейді. Ол кезде екі елдің басшылары кездесіп, құшақтасып, түскі ас ішіп, ақыры Америка Совет одағын мойындаған. Ал елдің, яғни СССР-дің ішінде мүлде ештеңе өзгермей, сол қалпы қалып, шығыс еуропалық империясына бұрынғысынша жабысып отырды, сосын Ауғанстанға басып кірді. Путин екі елдің арасын "жақсарту" дегенді 100 пайыз осылай түсінетініне кәміл сенімдімін.
– Бұл жағдайда "Дональд Трамп мұндай ойынға келісе қояр ма екен?" деген қызық сұрақ туады. Ким Чен Ынмен кездесу кезінде оны денуклеаризация процесін бастауға келісім беруге көндірді ғой.
– Бәлкім, бұл жолы да "солтүстіккореялық парадигма" деп атауға болатын нәрсе болатын шығар. Яғни Трамп "Алаңдамаңдар, мен бәрін дұрыс істедім, сендер жағдайды үстірт қана білесіңдер, ал мен Солтүстік Кореяны денуклеаризация процесіне көндірген механизмдер бар екенін білемін, ал Путинге келсек, Михаил Сергеевичтің (Горбачев – ред.) сөзімен айтқанда, "бәрі жақсы болады" дейді. Меніңше, Трамп осылай деп түсіндіреді.
– Ал егер "бәрі жақсы болмай" қалса ше? Ким Чен Ынның бейбіт мәлімдемелерінен саммит алдында жалтару әрекетіне Трамптың қалай ашуланғанын көрдіңіз ғой, ол бірден "саммит өтпейді, соққы беруге дайындықты бастаймыз" деген жоқ па?
Ким Чен Ынмен не болғанын Путин көрді, сондықтан абай болады
– Айтпақшы, Трамптың әзірше жалғыз дипломатиялық көзірі осы, яғни оның әрекетін алдын ала болжауға болмайтыны. Ким Чен Ынмен не болғанын Путин көрді, сондықтан абай болады. Өйткені Трамптың мінезін біледі, сондықтан Путин абай болуы керек. Егер Трамп өзін ақымақ еткенін сезсе, ол мұны кешірмейтінін болжау үшін мықты психолог болудың қажеті жоқ. Путин Трампқа берген уәделеріне өте сақ болады. Екіншіден, егер ол бірдеңе уәде етсе, меніңше, оны орындайтын болады. Трамп өзінің жеке, Путинмен бетпе-бет өтетін алғашқы саммитін өткізіп отыр, сондықтан Путин әлдебір уәде беріп, бұл жайлы жария түрде мәлімделсе, ал кейін оны орындамай қойса, меніңше, Путин үлкен тәуекелге барады. Оның "модус операнди", яғни "әрекет ету амалын" ескерсек, бұл саммит кезінде ол өте сақ болады деп ойлаймын.
– Қаупі басым болуы ықтимал мына саммит Дональд Трампқа не үшін керек болды деп ойлайсыз? Оның айналасындағы адамдардың айтуынша, кеңесшілерінің президентті райынан қайтаруға тырысқан әрекеттеріне қарамастан, ол кездесуді өткізуге бекінгенін жариялады.
– Біріншіден, Трамп кәсіпқой саясаткер емес. Сондықтан мұның жаман жақтары да, жақсы жақтары да бар. Оның Ресейге, Путинге неге "өліп-өшіп" бүйрегі бұратыны жұмбақ. Мұның бірінші себебін былай түсіндіруге болатын сияқты – Трамп "Хиллари мен Обама Путин мен Ресейді жек көрді, оларға ештеңе істей алмады, ал мен бәрін істеймін, олардан жақсымын, бәрін түсінемін. Екеуінің шамасы келмеп еді, менің шамам келеді. Олар Путинді жек көрді, ал мен онымен жақсы қарым-қатынаста боламын" деп ойлайды. Ол мына саммитке осы тұрғыдан, "Ким Чен Ынмен мәмілеге келе алмап еді, мен онымен тіл табыстым. Олар Путинмен кездесе алмады, ал мен кездестім" деп қарайтын болады. Ал әлдебір нақты себептері қандай екенін, шынымды айтсам, білмеймін. Мен үшін "күн тәртібі" жұмбақ. Өйткені ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрес, Сирия сияқты сағызша созылып, әбден жауыр болған тақырыптар... Трамп Сириядан бірдеңеге үміт қылады, бірақ Мэттис те, Болтон да ешқандай үміт күтпейді. Сирияға қатысты жанжалда Путин жеңді, бұған дау жоқ, ол жақ туралы сөйлесетін ештеңе қалған жоқ. Қарулануды бақылауға алу да солай. Путиннің наурыздың 1-і күнгі ресейлік әріптестерім "ұшатын Чернобыль" деп өте ұтымды атап кеткен сестенген сөзінен кейін Путин ішкі саяси есебіне сүйеніп қазір ешқандай қарулануды бақылауға бармайды. Сондықтан терроризмге қарсы күрес, қарулануды бақылау деген жауыр болған тақырыптарды, әрине, әлі де қаузай беруге болады, бірақ одан нақты ештеңе шықпайды.
– "Ұшатын Чернобыль" туралы еске салдыңыз, ал сәрсенбі күні Джон Болтонмен кездескен кезде президент Путин жұрттың көзін бақырайтып қойып, "Мәскеу ешкімге сес көрсетпейді" деді. Бұрынғы әріптесіңіз мұны естігенде не деп ойлады екен, ол кісі Путиннің наурыздағы мәлімдемелерін ұмыта қоймаған шығар?
– Әрине, бұған мүлде арсыздық деп қарауға болады. Айтпақшы, меніңше, бұл Никсонның, реалистеріміздің үлкен қателігі болды. Олар "жарайды, елдің ішінде не айтқаны маңызды емес, бізге не дегені маңызды" дейді. Ал тарих бәрі керісінше екенін көрсетті. Кезіндегі Сталин мен Брежнев, қазіргі Путин, Ердоған сияқты авторитарлы диктаторлардың өз елінің ішінде не айтып, не істейтіні, шетелдік басшыларға айтқан, берген уәделерінен әлдеқайда маңызды екенін көрсетіп берді. Меніңше, мұны Джон Болтон да түсінеді. Әйтеуір, оны Ресейдің "ұлылығы" мен Батыстың "опасыздығы" туралы үш сағаттық лекцияны тырп етпей тыңдаған Джон Керримен (АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы – ред.) салыстыра алмайсың. Онымен салыстырғанда, Джон Болтон оңай құтылды деп ойлаймын.
– Қысқасы, сізді дұрыс түсінсем, Кремль екі елдің қатынасы саммиттен кейін "қайта түлемек" түгілі, әлдебір серпін болады деп те дәмеленбеуі тиіс пе?
– Риторикалық сипатта болмаса, жақсарып кетпейді. Мұны тарихи тәжірибемізден білеміз. Ресей мен Батыстың арасы шынымен жақсару үшін Ресейде әлдебір ілгерілеулер – мұны либералдандыру десеңіз де еркіңіз – болуы тиіс. Мысалы, егер Путин ғайыптан тайып, Кудриннің кеңестеріне, оның ішінде Батыспен достық қатынаста болу керек деген кеңесіне құлақ аса бастаса, сыртқы саясатта әлдебір оң өзгерістер жасалады деп айтуға болады. Меніңше, бұлай болуы екіталай, тіпті ықтималдығы нөлге тең, ал елдің ішінде неге бұлай болмайтынының себептері белгілі. Мен мұны "соғыс уақытындағы президенттіктің парадигмасы" деп атаймын, қазір Путинге бұл әзірше өте оңтайлы болып тұр. Меніңше, бұл парадигманы, ішкі үгіт-насихат нарративті азайту үшін Путин ештеңе істемейтін болады. Сондықтан бұл саммиттен әлдебір әдемі мәлімдемелерден өзге ештеңе алмаймыз. Мұны Трамп та түсініп, әдемі сөздерге алданып қалмайды деп үміттенемін. Өйткені егер ол бұған шынымен сеніп, енді Ресеймен бәрі жақсы болады деп жар салатын болса, көп ұзамай Ресей тарапынан ешқандай ілгерілеу байқалмай, түңілетін болады. Дональд Трамптың жеке басына қатысты мінездемесін ескерсек, бұл өте жайсыз зардаптарға ұласуы мүмкін.
– Дегенмен президент Трамптың Владимир Путинге қатысты объективті көзқарасы туралы айтсақ, Дональд Трамп жуырда ғана "Путинге Қырымды беріп қойды. Владимир Путин Обаманы сыйламағандықтан осылай болды" деп Барак Обаманы сөккенін ұмытпайық. Жұмсарта айтқанда, бұл – үлкен гипербола, бірақ мұндай комментарийлерден кейін егер мұндай жағдай Трамп президенттігі тұсында болса, АҚШ Будапешт келісімінде берген міндеттемесін орындар еді деп болжауға болады.
Бұлардың ішінде нағыз Трамп қайсы? Мұны ісіне қарай бағалайтын боламыз
– Иә. Бірақ "Қырым – орыстың жері, өйткені ол жақта тұратындардың бәрі орысша сөйлейді" (Трамптың бұл сөзі туралы аты-жөнін атамаған дереккөздерге сілтеп BuzzFeed сайты хабарлаған болатын, Ақ үй оны я растаған, я терістеген жоқ) деген мәлімдемесін қайда қоясыз?! Бұлардың ішінде нағыз Трамп қайсы? Мұны ісіне қарай бағалайтын боламыз. Оның Ресейге іш тарта сөйлеген риторикасы мен әрекеттері мүлде қабыспайды әрі бұрынғы америкалық президенттердің ешқайсысынан байқалмаған құбылыс.
– Дегенмен Кремльдегілер Трамп санкцияны босаңсытады, Мәскеудің өз аумағынан тыс жерлердегі мүддесін мойындайды, өзге де достық пейілдегі емеуірін танытады деп дәмеленіп отыр, бұлай болуы мүмкін бе?
– Меніңше, жоқ және мұның толып жатқан себебі бар. Еуропалықтар, ең бастысы Германия, Меркель санкцияларды үлкен саяси тәуекелге бас тігіп салды. Екіншіден, арнайы прокурор Роберт Мюллердің тергеуі жүріп жатқанына екінші жылға айналғанын ұмытпаңыз. Путиннің жалаң сөздеріне бола детантқа бару, яғни Ресеймен арадағы шиеленісті реттеуге тәуекел қылу қауіпті. Америкада ішкі және сыртқы саяси императивтердің қиюласуы өте сирек болатын құбылыс, бірақ Никсонның тұсында болған, өйткені Вьетнамда соғыс болды, сондықтан детантқа жүгінді. Бұл жерде де сондай жағдай болып тұр. Сондықтан әсіресе биыл қарашада Конгрестің төменгі палатасына маңызды сайлау өтетінін, онда Трамп жеңіліп қалуы мүмкін екенін ескерсек, бұлай болмайды. Ол Ресейдің ығына жығылып, оған таңғаларлық жеңілдіктер жасауға барады деп ойламаймын.
– Ештеңеге қарамастан Кремльмен сөйлесу керек дейтін Ресей - Америка саммиті идеясын қорғаушы санаулы адамның пікірімен келісесіз бе?
– Иә, сөйлесу керек. Бірақ не туралы және кім сөйлеседі деген екі жайт бар. Меніңше, Ресей мен Америка арасында қазіргі кезеңде әлдебір саммит керек. Нағыз саммиттің болмағанына көп болды.
– Яғни Кремльді оқшаулауға қарсысыз ғой?
– Жоқ, бірақ тиісті оркестровка қажет. Айтпақшы, қазір Трамп әкімшілігі сонымен айналысып жатқан сияқты. Оқығандарыма қарағанда, президентті есепке алмағанда, әкімшіліктегілер саммиттен онша тұшымды нәтиже күтпейді. Әрине, бетпе-бет жүздесіп, сөйлесу керек, бірақ әлдебір серпінді қадамдар күтудің мәні жоқ. Мен бұл мүлде дұрыс деп санаймын. Бірақ саммиттен кейін мұндай кездесулерді тіпті мемлекеттік хатшылар деңгейінде де емес, олардың орынбасарлары деңгейінде ғана өткізу керек. Онда да Керри сияқты апта сайын шапқылай бермей, ара-тұра кездесіп тұрса жетеді. Маңызды күн тәртібі жоқ болса, президенттің екінші, үшінші саммитке баруының мәні жоқ. Бұл өзгесін былай қойғанда, оның дипломатиялық капиталын ысырап етеді.
– Сұхбатты қорыта келе, Джон Болтон "чемпионатты ұйымдастыру жағын АҚШ Ресейден үйренуі керек екен"деп бағалаған футболдан чемпионат өтіп жатқан тұста Дональд Трамп Владимир Путинге насихат сипатындағы үлкен жеңіс сыйлай ма?
– Символикалық тұрғыдан сыйлауы мүмкін, бірақ бұл қысқа мерзімді болмақ. Мұндай насихат сипатындағы отшашу әлем чемпионатынынан да "жарық" болады. Мұндай отшашу болады, бірақ кез-келген отшашу сияқты тез өшеді.
(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Юрий Жигалкин алған сұхбат орысшадан аударылды.)
ПІКІРЛЕР