Accessibility links

ЕО сөзі Ресейге неге өтпейді?


Франция президенті Николя Саркози мен Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Ресей-Грузия қақтығысы бойынша келісімге қол қойған сәті. Мәскеу, 2008 жылдың тамызы.
Франция президенті Николя Саркози мен Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Ресей-Грузия қақтығысы бойынша келісімге қол қойған сәті. Мәскеу, 2008 жылдың тамызы.

2008 жылы Ресей мен Грузия арасы шиеленіскен кезде Францияның сол кездегі президенті Николя Саркози бітімгер болды. Бірақ ол келісімнің шарттарын Ресей орындаған жоқ.

Алты жылдан кейін Украина дағдарысы басталды. Осы оқиғаға араласқан Еуропа Одағы сөзі өтімді бітімгер бола алар ма екен?

Ресей мен оның бұрынғы советтік одақтасы, қазір бетін Батысқа бұрған көршісі – Украина арасындағы тартыстың әбден ушыққанына әлем үрейлене қарап отыр. Бірнеше күн келіссөз жүргізген ЕО мен Ресей басшылары дағдарысты шешуге арналған алты тарау бітім шартын дайындағандарын мәлімдеді. Ресей президенті Владимир Путин «Жағдайды біртіндеп қалпына келтіруге болады...» деді.

«РЕСЕЙГЕ ЕО-МЕН КЕЛІСКЕН ОҢАЙ»

Украина дағдарысында ЕО ара ағайын болып, жауласқан екі жақты жарастырып бере ала ма? Сену қиын. 2008 жылы тамыздың 14-і күні Франция президенті Николя Саркози мен оның ресейлік әріптесі Дмитрий Медведев те Ресей мен Грузия арасындағы әскери қақтығысты тоқтатуға келіскендерін мәлімдеген еді.

Содан бері алты жыл өтті, келісімшарт орындалмады. Грузиямен Ресейдің арасындағы шиеленіс сол беті шешілмей тұр. Сондықтан ЕО мен ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) Киев пен Мәскеудің дауын шешеді дегенге сенім аз.

2008 жылғы қақтығыс кезінде Грузияның ЕО-дағы елшісі болған, қазір Вильфрид Мартенс орталығының Еуропаны зерттеу жөніндегі ғылыми қызметкері Саломе Самадашвили Азаттыққа «Ресейліктер келіссөзді АҚШ-тан гөрі ЕО-мен жүргізгенді қалайды, себебі ЕО-мен ойнау оңай» дейді.

Кремль саясатын бұрыннан бақылап келе жатқан британдық «The Economist» басылымының бас редакторы және «Deception: Spies, Lies and How Russia Dupes The West» («Алдау: Тыңшылар, өтірік және Ресей Батысты қалай сан соқтырды») кітабының авторы Эдуард Лукас та бұған күмәнмен қарайды.

Ресей танкілері сол кездегі Ресей премьері Владимир Путин суретінің қасынан өтіп барады. Оңтүстік Осетия, Цхинвали, 20 тамыз 2008 жыл.
Ресей танкілері сол кездегі Ресей премьері Владимир Путин суретінің қасынан өтіп барады. Оңтүстік Осетия, Цхинвали, 20 тамыз 2008 жыл.

Ол «Ресей ЕО позициясын талқандаудан рекорд жасап келеді, ЕО да оған төтеп беруге тырысып отыр, бірақ қауқары шамалы. Ресей басқа елдерге қысымды күшейтіп, қауіпсіздік жөніндегі бәтуаны бұзғанда Еуропаның осалдық көрсетуіне Батыс елдерінің Мәскеуге энергетикалық тұрғыда тәуелділігі себеп болады» дейді.

Мәскеу 2008 жылғы әдісін Украина дағдарысында тағы қолданғалы отырған тәрізді. Шілденің 17-сі күні The New Republic басылымына америкалық бір шенеунік «Путин дипломатияда роуп-э-доуп әдісін қолданғанда (боксқа Мұхаммед Әли енгізген, қарсыласты титықтатуға арналған әдіс) «шешілмейтін шиеленіс» жасауды көздейді» деген.

Кейбір бақылаушылар «Украинаның шығыс аймақтарындағы шиеленіс Ресейдің наурыз айында Қырымды аннексия жасағанын ұмыттырып барады» дейді.

Бір айта кетерлігі, Саркози кезінде жалғыз өзі әрекет етсе, қазір ЕО саясатында өзгеріс, өрлеу байқалады. ЕО сыртқы істер ведомствосын құрды (ЕО сыртқы істер саясатының жетекшісі Кэтрин Эштон басқаратын бөлім – ред.) және ЕО мүшелерінің энергетика саясатын үйлестіру жолында айтарлықтай табысқа жетті.

МАҚСАТЫНА ЖЕТПЕГЕН КЕЛІССӨЗДЕР

Бірақ Саломе Самадашвили «Еуропа мен АҚШ Ресейге қарсы бірігіп әрекет ете алмай отыр» дейді. Ол Азаттыққа «Келіссөздерде экономикалық және саяси тұрғыда Ресейге нақты қауіп төндіретіндей шарттар қойылуы керек, Мәскеуді келісімшарт бойынша әрекет етуге мәжбүрлеу үшін соның өзі жеткілікті болар еді» дейді ол Азаттыққа.

2008 жылғы Ресей-Грузия соғысы мен Украинадағы қазіргі дағдарысты салыстыруға келмес. Саркози Ресей әскері Грузияның көп бөлігін басып алып, Тбилисиге қарай жылжығалы тұрған кезде келіссөздер жүргізді. Сол уақыттары Франция ЕО төрағасы еді. Саркози жоспарды өзі құрды. Лукастың айтуынша, бұл құжат Саркозидің «саяси жарнамасы» болған. Ол келісімді «мәселені шешпейтін, болашақта барлық тарапты көп әуреге салатын құжат еді» деп сипаттайды.

Келісімге қарамастан, Ресей әскері соғысқа дейінгі позициясына қайтпады, ЕО бақылау миссиясын Грузия аумағына кіргізбей қойды және Кремль Грузияның екі сепаратистік аймағының тәуелсіздігін «мойындайтынын» мәлімдеді. Осының бәріне ЕО ештеңе істей алмады.

Самадашвилидің пікірі бойынша, «уақыт өте келе басқа да дағдарыстар басталды, Ресей де, Грузия да кикілжіңді «ұмыта» бастады. Сарапшы «Грузия парламенті ЕО мен Ресей арасындағы қақтығысқа себеп болудан қашқақтады» дейді.

Киев-Могилян академиясының қызметкері Андреас Умланд «Батыстың Путинді халықаралық келісімдерді орындауға мәжбүрлей алған кезі сирек» деп жазады. Саркози араласқан келісім соның біреуі ғана.

Қырымға кірер жолды бөгеп тұрған ресейшіл жауынгерлер. Қырым, Чонгар, 7 наурыз 2014 жыл.
Қырымға кірер жолды бөгеп тұрған ресейшіл жауынгерлер. Қырым, Чонгар, 7 наурыз 2014 жыл.

Ол «1994 жылғы Украинаның аумақтық тұтастығы туралы Будапешт меморандумы, 1999 жылғы Молдованың Приднестровье аймағынан Ресей әскерін шығару туралы ЕҚЫҰ құжаты, 2008 жылғы Саркозидің Грузияның Абхазия және Оңтүстік Осетия аймағынан Ресей әскерін шығару туралы жоспары, 2014 жылғы Женева декларациясы – бәрі мағынасыз құжатқа айналды» дейді.

Украина дағдарысы ЕО-ның сыртқы саясаты үшін көп проблемалар тудырды. Егер ЕО Украинаға бақылау миссиясын жіберсе, Кремльмен арада тікелей араздық тууы мүмкін. Украинаның шығыс аймақтарына ЕҚЫҰ бақылаушылары барды, бірақ ұйым оларды Қырымға жібере алмады.

ЕО-ның ендігі ең басты міндеті – өз ішіндегі бірлікке қол жеткізу. Лукас «Украина дағдарысы сияқты өзекті мәселеге келгенде Ресей әлі күнге «бөліп ал да, билей бер» тәсілін іске асырып отыр» дейді.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG