Accessibility links

Жүздеген ресейлік Финляндиядағы босқындар лагерін паналап отыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Территориясы шағын Финляндияда соңғы бір жылдың ішінде Ресейден қашып барған 200-ден аса Иегово куәгері діни баспана сұраған. Ресейдің жоғары соты 2017 жылы "экстремистік ұйым" деп таныған қауым мүшелері "қылмыстық қудалауға ұшыраймыз" деп қауіптеніп, елден қашып жатыр.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Финляндияның оңтүстігінде орналасқан босқындар лагеріне барып, ресейлік Иегово куәгерлерінің тұрмысымен танысып қайтты. Тілшімен әңгімеде олар Ресейден не үшін қашқандарын, ендігі үміт-күдіктері жайлы айтады.

Финляндиядағы ең ірі босқындар лагері елдің оңтүстік-батысындағы Коннунсуо қаласында орналасқан. Қазір Финляндияда діни баспана сұрап, Ресейден қашып барған 200-ден аса Иегово куәгері бар. Олардың жартысына жуығы – 80-дей адам Коннунсуо қаласындағы босқындар лагерінде тұрып жатыр.

Бұл - 2011 жылы босқындарды уақытша паналататын лагерьге айналған бұрынғы түрме. Кезінде түрме іргесіндегі шағын ауылда мекеме қызметкерлері тұрған. Қазір ол жердегі екі пәтерлі етіп бөлінген үйге отбасылы босқындарды төрт отбасыдан бөліп орналастырған. Ал жалғызбасты ер адамдар бұрынғы түрме камераларында төрт адамнан тұрады.

Иегово куәгерлерінің бәрі дерлік ол жаққа отбасы, бала-шағасымен қашып барған. Олардың діни түсінігінде дәстүрлі, тіпті консервативті отбасылық құндылықтар әспеттеледі. Ағаштан салынған үйдің жартысында екі отбасы тұрады. Екінші қабатта әр отбасыға жеке бөлме берген, ал бірінші қабаттағы шағын кіре беріс бөлме, ас үйді және әжетханасы бірге жуынатын бөлмені ортақ пайдаланады.

Ресейліктер үшін өзге шенген визаларына қарағанда Финляндия визасын алу оңайырақ

"Отбасылар үшін өте жақсы жағдай жасалған" дейді Финляндияға бір жылдай бұрын Ресейдің Сортавала қаласынан аяғы ауыр келіншегімен қашып барған Сергей Котельников. Баласы сол жақта дүниеге келген, сондықтан тегін баспана мен лагерь асханасында тегін тамақтанудан бөлек, Котельниковтер отбасы айына шағын жәрдемақы - ересек адамға 75 еуродан және балаға 200 еуро алады.

Қарашай-Черкесиядан барған Ален мен Юлия Товмасяндардың баласы екі жастан асыпты, сондықтан оған небәрі 50 еуро жәрдемақы төлейді, яғни бұл отбасы айына жиыны 200 еуродан сәл көбірек жәрдемақы алады. "Негізі, жетеді, ең бастысы, баспана үшін төлемейміз ғой" дейді Ален.

ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Босқындарды тұрмыс жағдайынан гөрі болашағы көбірек алаңдатады. Кейінгі бір жарым жылдың ішінде Ресейден барған Иегово куәгерлерінен ешкім әзірге, баспана алмаған. Жұрт қазір көші-қон қызметі өткізетін сұхбаттан өтіп жатыр екен. Алғашқы сұхбатқа әдетте бірнеше айдан кейін шақырады. Кей адамдардың көші-қон қызметінің шешімін күтіп әрі-сәрі күйде отырғандарына бір жылдай болған. Жергілікті билік баспана беруден бас тартқан отбасылар да бар. Бірақ өзге босқындардан ерекшелігі - Иегово куәгерлерін депортацияламай отыр. Олардың уақытты созуға - тегін адвокаттың көмегіне жүгініп, көші-қон қызметі шешіміне қатысты шағымданып, сот шешімін күту мүмкіндігі бар.

"Біздің мәселемізді жоғары жақтағылар шешпей отырғандай көрінеді. Өзге негізде баспана сұрап жатқандар бар. Оларды сұхбатқа тез - бір айдың ішінде шақырып, баспана беруге негіз жоқ деп тапса, тез депортациялайды, ал бізді қозғамай отыр" дейді Юлия Товмасян.

"Бәлкім, Финляндия Иегово куәгерлері сияқты негізде баспана сұрайтын босқындар қаптайды деп қорқып отырған шығар. Бір жағынан, бізге баспана бермеуге негіздері жоқ, өйткені қудалауға ұшырағанымыз анық - дәлелдері бар, ал бір жағынан, әдейі уақыт созып отырған болуы мүмкін, өйткені жұрт ағыла бастайды деп қорқып отырған шығар" деп топшылайды оның күйеуі.

Ресейде 170 мыңға жуық Иегово куәгері бар және діни көзқарасы үшін шетелге аз бөлігі ғана қашып барған

Шынымен, Ресейде 170 мыңға жуық Иегово куәгері тұрады әрі діни көзқарасы үшін шетелге - көбінесе АҚШ, Германия және Финляндияға әзірге, аз бөлігі ғана қашып барған. Бірақ ерлі-зайыпты Товмасяндардың пікірінше, Ресейде қалғандардың бірлі-жарымы ғана өзге елдерден баспана сұрай алады, өйткені көбі ешқашан шетелде боліп көрмеген, тіпті кейбірінің шетелдік төлқұжаттары да жоқ.

Бірақ діни сенімінен ешкім әлі бас тартпаған. Адамдар шағын топ болып жиналып, жиындарын астыртын пәтерлерде өткізіп жүр. Финляндияның көші-қон қызметі өкілдері Ресейде бүкіл ұйымды емес, баспана сұраушылардың жеке өзін қудалау фактілері болуы тиіс деп талап етеді.

"Меніңше, бізде қудалауды қалай ұйымдастыратынын көші-қон қызметкерлері онша түсінбейтін тәрізді. Қазір қауымның кез-келген мүшесін қылмыстық жауапқа тартуға мүмкіндік беретін заң бар деген уәжге иланбайды. Олар бұл жаппай қудалау емес дейді. Бірақ әзірге ғана солай ғой" дейді Товмасян.

"Біз оларға Конституцияның ар-ұждан және діни еркіндікке кепілдік беретін 28 бабын бұзып қудалап отыр дейміз. Олар "Ресей сотына неге жүгінбейсіздер?" деп сұрайды. Оларға "Бізді қамап жатыр, өйткені елдің ең жоғарғы соты бізді экстремист деп таныған. Бұл Африкада да емес, Еуропаның қақ төрінде әрі 21 ғасырда болып жатыр" деп түсіндіреміз. Олар мұны мүлде түсіне алмай дал болады" дейді Сергей Котельников.

2018 жылғы мамырдың 16-сына қараған түні орынборлық Иегово куәгері Даниил Крапотин көпке дейін ұйықтай алмаған. Кешкісін ол Шуяда тұратын дін өкілдерінің үйін тінткені турлы жаңалықты оқып, оның отбасына да тықыр тақап қалғандай сезімде болып, мазасы қашқан. Таңғы сағат 7-лер шамасында Даниил көше жақтан шыққан шудан оянып кеткен. Екінші қабаттың терезесінен қараса, үйінің ауласына Росгвардияның шлем киген қарулы қызметкерлері баса-көктеп кіріп келе жатыр екен. Даниилдің әйелі Алина жағынан туыс болып келетін қарт әйелдің есікті ашқаны сол екен, полицейлер оны жерге жығып, басына автомат ұңғысын тіреген.

"Бұл тінту екен, бірақ олар оны нағыз штурммен бастады" деп еске алады Алина Крапотина. – Олар үшін біздің шын мәнінде кім екеніміздің айырмасы жоқ екенін, біз терроршыларға теңестірілген жандар екенімізді тек сол кезде барып ұқтым".

Босқындар тұрып жатқан үй
Босқындар тұрып жатқан үй

Полиция қызметкерлері электронды құрылғыларды, кітаптарды алып кеткен, балалар бөлмесін қабырғада ілулі тұрған фотосуретті жұлып алған.

"Балалар жиын өтетін залдың сахнасы жанында тұрып суретке түскен болатын. Әлгі суретте құдайдың – Иеговоның есімі жазылған. – Олар үшін біздің Иегово куәгерлері екенімізді дәлелдеуге осының өзі жеткілікті ілік болды", – дейді Даниил. Олардың қарт туысын ұстап әкеткен, бірақ ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, қолына қылмыстық іс қозғау туралы қаулы ұстатып оны көп ұзамай босатқан. Отбасы бірнеше күн достарының саяжайында түнеген, ал 20 мамыр күні Ресеймен шекара маңындағы Иматрада орналасқан фин полициясы бөлімшесіне берілген.

Шлем киген қарулы қызметкерлер үйімізге баса-көктеп кірді. Қарт әйелді жерге жығып, басына автомат ұңғысын тіреді. Біз терроршыларға теңестірілген жандар екенімізді тек сол кезде барып ұқтым

Крапотиндер аяқ асты кетпеген, жыл басынан бері қашуға дайындалған. 2017 жылғы желтоқсанда олардың тағы бір туысы - Иегово куәгерін қарапайым жай киінген адамдар көшеде ұстап алып, жеке меншік көлікке сүйреп отырғызып полиция бөлімшесіне апарған. Ол жерде шешіндіріп, тінткен. "Тінту үшін көшеден куәлер ертіп әкелген. Әлгі кісілер "Сонда кім көрінгенді осылай ұстайсыңдар ма?" деп сұрағанда, полицейлер "жоға, бұлар ДАИШ (Ресейде тыйым салынған террорлық ұйым – ред.) өкілдері ғой" деп жауап беріпті. Туысымыз "ДАИШ-қа ешқандай қатысымыз жоқ" деген екен, олар "Сендер Иегово куәгерлерісіңдер ғой, екеуінің ешқандай айырмасы жоқ" депті. Әлгі оқиғадан кейін елден кету керектігін түсіндік" дейді Даниил.

Көп ұзамай отбасы Финляндия визасын алып, поезға билет сатып алған. Төлқұжаттарын үйде емес, өзге жерде сақтаған. Елден 22 мамыр күні кетуды жоспарлаған. Кейінірек тергеушінің қолында "мамыр-шілде айлары аралығында 12 Иегово куәгері Орынбор мен Орынбор облысынан кетуді жоспарлап отыр" деген ақпарат болғаны мәлім болды. Босқындар полиция әлгі ақпарды телефон әңгімелерін жасырын тыңдап немесе хат-хабарларын бұзып ашып қолға түсіргеніне сенімді. Бұдан бөлек, қауымның кемі бір мүшесі полицияның құпия жансызы болғаны анық деп санайды.

Өйткені қауым жиындарының бірінен жазып алынған видео іс материалдарына тіркелген болып шықты. Орынбордан қашып үлгермеген бірнеше қауым мүшесі қазір әлгі іс бойынша қамауда отыр. Бірақ полиция тінтуден кейін Крапотиндерді қамауға алмаған, сондықтан олар төлқұжаттарын сақтап қалған. Бұған қоса, сақтанып пойызға алған билеттерін де өткізбестен Финляндияға өзге жолмен асығыс шығып кеткен. Шекарада оларды ешкім тоқтатпаған. Енді Даниил "шекарада бөгеуге бұйрық берілгендердің тізімін беріп үлгермеген я болмаса бізді бөгегісі келмеген болар деп топшылайды.

Ас үй бөлмесі
Ас үй бөлмесі

"Ресейде қалған Иегово куәгерлерінің көбі енді үйінен таңғы сағат 5-те кетіп қалып, 7-ден кейін ғана оралады. Неге екенін білесіз бе? Өйткені олар тінтуді әдетте дәл осы мезгілде жұрт төсектен тұрмай жүргізеді" дейді Алина Крапотина.

Ресей соты Иегово куәгерлерін бірден экстремистік ұйым деп таныған жоқ. Билікпен арада әлдебір проблемалар үнемі шығып тұратын. Мысалы, ұйымның конгрестерін (аймақтық діндарлардың мыңдаған адам жиналатын жиындары) талай өткіздірмей қойған. Бір күні жергілікті билік Мәскеу облысындағы осындай жиын өтуі тиіс болған алаңға бірнеше тонна малдың тезегін төгіп тастаған. Бірақ оны жауын шайып әкетіп, конгресс бәрібір өткен.

Жағдай 2000 жылдардың ортасында ушыға бастады. 2004 жылы Мәскеуде Иегово куәгерлерінің жергілікті бөлімшесі жойылды. Оны он жылға жуық созылған сот процесінен кейін жауып тастады.

Жағдай 2000 жылдардың ортасына қарай ушыға бастады. 2004 жылы Мәскеуде Иегово куәгерлерінің жергілікті бөлімшесі жойылды. Оны он жылға жуық созылған сот процесінен кейін жауып тастады. 2009 жылдан бастап билік "иеговошыларды" бір схемамен жабуға кірісті. Мысалы, сарапшылар ұйымның әлдебір кітаптарын экстремистік мазмұнда деген ұйғарым шығара береді, сосын полиция жергілікті ұйым кеңсесінен тыйым салынған кітапшалар мен журналдарды тауып алып, аймақтық ұйымды жауып тастайды. 2017 жылы сәуірде жоғарғы сот Ресейдегі бүкіл Иегово куәгерлері ұйымын экстремистік аймақ бөлімшелерімен қоса экстремистік ұйым деп таныды.

"Мұның схемасы қарапайым болатын – кейде кеңсемізге тіпті есіктің ілмегін кесіп кіріп, кітаптарды өздері жасырын әкеліп тастайды. Кейін куәлер шақырып, тінту жүргізеді де әлгі кітаптарды тауып алады. Осылай бір рет, екі рет, бесінші, оныншы рет әдейі тастайды да, филиалға экстремистік әрекеттеріңізді тоқтатпай отырсыздар деп ескертеді. Іле-шала тағы бір ілік табады, сонымен бүкіл ұйымға тыйым салады" дейді Крапотин. Оның әйелі "Тыйым салынған кітаптарды шынымен сақтамайтынбыз, әлгі тізімді қарап шығып, тізімге енгендерін алып тастап отыратынбыз. Сондықтан оларды өздері жасырын әкеліп тастайтын болды" деп мәлімдейді.

Ресей соттарының шешіміне сәйкес, экстремистік әдебиет тізіміне Иегово куәгерлері ұйымының ондаған кітапша, кітап-журналдары енген. Ұйым әлгі кітаптарды зерттеген сарапшылар онша білікті емес, сондықтан ұйымды экстремистік деп тануға негіздері болмаған деп санайды. "Керек болса, олар Ожегов сөздігін де экстремистік деп тани салады" дейді Даниил Крапотин.

Кеңсемізге кітаптарды өздері жасырын әкеліп тастайды. Кейін куәлер шақырып, тінту жүргізеді де әлгі кітаптарды тауып алады. Осылайша филиалға экстремистік әрекеттеріңізді тоқтатпай отырсыздар деп ескертеді.

2017 жылы 17 тамызда Ресейдің Выборг қалалық соты Інжіл кітабының Иегово куәгерлері орыс тіліне аударған ("Жаңа дүниенің тәржімасы" деп аталады) нұсқасын да экстремистік материал деп тапқан. Дәстүрлі христиан конфессиясының өкілдері оны "бұрмаланған" деп сынайды, бірақ Інжіл тарихынан ауытқымағанын мойындайды. Ал сарапшылар әлгі мәтіннен экстремистік белгілер тапқан. Сот шешімдерінің бірінде "Сарапшылар зорлық-зомбылыққа шақыру белгілерін таппады, бірақ кітапта оқырманның христиан дініне деген сенімін кетіруі мүмкін ақпарат бар" деп жазылған.

Шын мәнінде, қазіргі заң кез-келген Иегово куәгерін экстремист ретінде соттауға мүмкіндік береді. Бұл үшін кез-келген желеуді ілік етуге болады, мысалы, Крапотиндер үйінен алып кеткен балалардың фотосуреті. Қазір жиыны 20 шақты адам тергеуге іліккен, әзірге бір де бір үкім шыққан жоқ, бірақ оларды қамауда ұстау мерзімін ұдайы ұзартады.

Иегово куәгерлерінің кей дәстүрлері мен наным-сенімдері гуманитарлық тұрғыдан шынымен күмәнді көрінуі мүмкін. Мысалы, өздеріне де, балаларына да қан құюға тыйым салынған (бірақ 1980 жылдан бері ағза органдарын ауыстыру "әр адамның өз еркінде" деп жарияланған). Бұдан бөлек, қауымға қатысы жоқ адамдармен жақын араласуды құптамайды.

Иегово куәгерлерін балаларына дін таңдауда еркіндік бермейді деп сынайды. Ұйымға мүшелік ету адамның психикасына жағымсыз әсер етуі мүмкін деген ұйғарым жасалған зерттеулер бар. АҚШ-та кей Иегово куәгерлерін педофилияға қатысты және адам зорлады деген айыптаған. Кей зерттеушілердің пікірінше, ұйым мұндай оқиғаларды біле тұра жасыруға тырысады. Куәгерлер уағыздарымен жұрттың мазасын алатындай көрінуі мүмкін. Бірақ ұйымның "бірден ықылас танытпаған адамдарды үгіттеуге уақыт кетірмеңдер" деген деген ресми кеңесі бар.

Қазіргі заң кез-келген Иегово куәгерін экстремист ретінде соттауға мүмкіндік береді. Бұл үшін кез-келген желеуді ілік етуге болады

Финляндиядан пана сұраған Иегово куәгерлері Азаттыққа Ресей билігі тарапынан ұйымды қудалауға мұның бәрі ешқашан негіз болып көрген емес, бізді христиандықты "дұрыс түсінбейді" деп қудалап отыр деп мәлімдейді (шын мәнінде, 1990 жылдардың аяғында Мәскеудегі Иегово куәгерлеріне қатысты алғашқы сот процесі кезінде мұндай айыптар тағылған болатын). Есесіне ресми түрде экстремистік ұйым деп тану жұрттың "Иегово куәгерлері - тоталитарлық секта", "мүшелері діни экстазға түсіп, гипноздың әсерімен меншігіндегі дүние-мүлкінен бас тартады, оргияларға қатысады", "ақырзаман орнайды деп өз-өздеріне жаппай қол салады" деген пікірлеріне май құя түсті.

Крапотиндер, Товмасяндар отбасы және Котельников мұны бір ауыздан жоққа шығарады.

"Жұрт ештеңенің байыбына бармастан бәрімізді секта мүшелері деп ойлайды. Жаңалық тарататын хабарларда бізді есірігі қозған адамдар сияқты жиналып алып бір түрлі оғаш билейтін жандар етіп көрсетеді, бірақ мұның бәрі өтірік, ондай ештеңе жоқ" дейді Ален Товмасян. "Жұрт пәтерімізді алдап тартып алады деп ойлайды. Бірақ бұл барып тұрған өтірік!" дейді Алина Крапотина. "Біз үгіт-насихат пен адамдардың өсек-аяңға сенгіштігінің құрбаны болдық" деп түйіндейді Даниил Крапотин.

Товмасяндар отбасы Ресейден Коннунсуо лагеріндегі өзге Иегово куәгерлердің бәрінен бұрын қашқан. Бірақ биліктің қысымынан ғана емес, жұрттың өсегінен қашып барған. Ален ұйымға 2008 жылы Мәскеуде кірген (Иегово куәгерлері жоралғысымен шоқынған). Бірақ бірер жылдан кейін әйелінің туған қаласы - Қарашай-Черкесияның Нальчик қаласына жақын маңдағы Нарткалаға кетуге мәжбүр болған.

"Әке-шешем менің көзқарастарымды қабылдамады, шын мәнінде, мені үйден қуып жіберді. Анам "барып жүргенің - секта", "енді пәтерімізді тартып алады", "гипноздап тастайды" дейтін. Жұмыс істеп, отбасымды асырадым, ұлды болдым, бірақ ол кісіні еш нәрсе иландыра алмады, "сендерді пайдаланып жүр" деген сөзінен танбай қойды, - деп еске алады.

Товмасян Мәскеудің авиация-технологиялық институтын бітіргеннен кейін әке-шешесінің базардағы азық-түлік дүкенінде жұмыс істеген, кейін дүкен директорының орынбасары болған, бірақ Нарткалаға көшіп барғаннан кейін құрылыс саласында жұмыс істеген.

Олар биліктің қысымынан ғана емес, жұрттың өсегінен де қашқан

Иегово куәгерлерінің жиындары ол жақта да өтіп жүрген, бірақ Нарткалада өмір сүру оңай болмаған. "Бұл көбінесе мұсылмандар тұратын Қарашай Черкесия республикасы ғой. Христиандарды жек көреді, бірақ православие дінін ұстанатындар аз, олар көп көзге түспеуге тырысады. Ал біз ашық жиналамыз, уағыз айтамыз, кітаптар таратамыз, - дейді Юлия. - Бір күні жиын өтіп жатқанда бір топ мұсылман жігіт дуалдан қарғып түсіп, қауымның бірнеше мүшесін сабап кетті, біреуінің тісін сындырды. Тағы бір жолы олар терезеден кіріп, залды күзету үшін қалған адамдардың бірінің басын өрт сөндіргіш баллонмен жарып, бауырымыз өліп қала жаздаған".

Оңаша отырып әңгімелескен кезде Иегово куәгерлері діни фанаттар немесе санасы уланған адамдар сияқты әсер қалдырмайды. Олар кәдімгі адамдар сияқты, тіпті талғаммен киінген, қазіргі орыс тілінде жақсы сөйлейді. "Біз тыныш өмірді жақтаймыз, ал бізді әп-сәтте экстремист етіп шығарды, енді кез-келгеніміз түрмеге түсуіміз мүмкін. Кетуден өзге шарамыз қалды ма біздің?" дейді олар.

ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІБІ

Қазір Финляндияда да қол қусырып отырмай жұмыс істейді. Коннунсуодағы лагерьде тұрып жатқан бірнеше Иегово куәгері бөлмелерді жуып, тазалайтын шағын клининг компания ашқан. Біреулері жергілікті Иегово куәгерлері қауымы арқылы, біреулері лагерь әкімшілігі арқылы жұмыс тапқан. Сергей Котельников веб-дизайнмен және сайттар құрастырумен айналысқысы келетінін айтады, бірақ бұл үшін тілді меңгеру керек.

"Оны бәріміз үйренуге тырысып жатырмыз, қазірдің өзінде қарапайым сөйлем құрап дүкенде сауда жасай аламыз. Ауылдық жерде тіл үйрену тіпті ыңғайлырақ екен, өйткені ештеңеге көңілің бөлінбейді. Грамматиканы меңгеру қиын болып тұр, бұл жақта бір сөздің 18 жалғауы болуы мүмкін екен" деп күледі Котельников.

Ресейлік Иегово куәгерлері аптасына екі мәрте – бейсенбі және жексенбі күндері жергілікті фин қауымының залында жиын өткізеді. Ол 12 километр жердегі Йутсено деген шағын қалада орналасқан. Сондықтан жәрдемақылары мен қосымша жұмыс істеп тапқан ақшадан автобус жалға алуға тура келеді. Олар лагерьде, оның ішінде африкалық және азиядық босқындар арасында уағыз айтады. Бұл үшін автоматты гугл-аудармашыны пайдалануға тура келеді, өйткені ресейліктердің ешқайсысы ағылшынша білмейді.

"Жаңа заңға сәйкес, экстремистік ұйым мүшелерінің балаларын тартып алуы мүмкін. Сондықтан қашудан өзге шара қалмады"

"Зерікпейсіздер ме дейсіз бе? Жоқ, керісінше, уақыт жетпейді, - дейді Крапотин. – Бір тәуірі, жалғыз емеспіз, көппіз, бір-бірімізге қонаққа барып тұрамыз, достасып, аралас-құралас болып кеттік. Уағыз айтамыз, жиындарымызға дайындаламыз, бірақ жұрттың бәрі сияқты кәдімгі адамбыз - киноға барамыз, шопингпен айналысамыз, тіпті арасында көп болмаса да ішімдік те ішеміз".

Бірақ Финляндиядағы жаңа, тыныш әрі қауіпсіз өмір туралы ешқайсысы армандаған жоқ.

"Егер мына жағдай болмағанда, елден ешқайда кетпес едік, - дейді Ален Товмасян. – Ресейде бәрі болды – жұмыс та, көлік те, достар да болды. Мына жақта бәрін қайта бастауыңа тура келеді. Ал бұл өте қиын, әсіресе жасың 30-дан асып кеткен болса". "Бізді екінің бірі – я көзқарасыңды өзгерт, я түрмеде отыр деп тығырыққа тіреді. Біз екеуін де қаламаймыз, тек сол себепті ғана кетуге мәжбүр болдық. Кеткіміз келмеп-ақ еді, бірақ келіншегімнің аяғы ауыр болып қалды. Ал жаңа заңға сәйкес, экстремистік ұйым мүшелерінің балаларын тартып алуы мүмкін. Сондықтан қашудан өзге шара қалмады" дейді Сергей Котельников.

"Осы кезге дейін ешқашан жасырынып, тығылған емеспіз, - дейді Даниил Крапотин. – 18 жыл бойы адамдардың арасында өмір сүрдік, уағыз айттық. Иегово куәгерлері екенімізді жасырған жоқпыз, жиындарымызды ешкімнен тығылмай өткіздік, коммуналдық қызмет ақысын төлеп тұрдық, үй сатып алдық, бизнеспен айналыстық, адамдарды жалдап, жұмыс істетіп, жалақысын уақытында төлеп тұрдық. Енді мұның бәрі бітті. Бұлай қудалайтындай жазығымыз не сонда?"

Ресейлік діни босқындар болашағының не болатынын білмейді әрі мына жағдайға не үшін тап болғандарын түсінбейді. Ұйымға тыйым салу кімге тиімді болды? Бұл біреудің жеке өкпе-реніші ме әлде ресми шіркеу мүддесін көздегендердің әрекеті ме, я болмаса жаңа атақ-шен алу үшін, статистика үшін үстерінен жаппай іс қозғап, оларды қолайлы нысанаға айналдырғандардың әрекеті ме? Крапотин мұның бәрі бірге іске қосылды деп санайды.

"Бұл процесті қалай ұйымдастыратынын түсінесіз бе? Бізге қарсы лас жұмысты біреулер бастап, жалған сараптама жүргізе салды. Екінші біреу жай-жапсарын тексеретін сарапшы емеспін ғой дейді де, іс қозғай салады. Енді біреуі тағы бір лас жұмысты атқарады. Үшіншісі айыптап, төртіншісі қамайды. Ал олардың бәрі еркі өзінде емес адамдар, істің байыбына ешқайсысы үңілгісі келмейді. Менің қолымда не тұр, мойнымда - ипотека, басқалары шешсін дейді. Бірақ кейін қалай тыныш ұйықтайды екен?!" дейді Даниил.

Иегово куәгерлері ұстанатын ілім олардан саяси бейтараптықты талап етеді. Яғни қауым мүшелері саяси бірлестіктер мен партияларға мүше болмайды, митингілерге қатыспайды. Енді олардың мұндай бейтарап принцип ұстану қиын сынаққа тап болды. "Финляндияда орнығып қалудан үмітіміз бар ма дейсіз бе? Біз еркін елде тұрсақ деп армандаймыз. Бір кездері Ресей сондай елге айналады деп үміттенемін" дейді Даниил Крапотин.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Сергей Добрыниннің мақаласы орысшадан ықшамдалып аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG