Accessibility links

Гурбангулы Бердімұхаммедов өзіне алтыннан ескерткіш қойды


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында тұрған адамдар. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында тұрған адамдар. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.

Түркіменстан астанасында тұрғын үйлерді жаппай сүру науқаны жүріп жатқан тұста жаңа архитектуралық нысан бой көтерді. Ашғабатта 25 мамыр – қала күні, президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтың алып ескерткіші ашылды.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтың бастамасымен Ашғабатты ақ мәрмәр қалаға айналдыру жоспары аясында бас-аяғы бірнеше айдың ішінде қалада мыңдаған үй жермен-жексен болды. Үйінен айырылғандарға ешқандай өтемақы да төленбеген.

АЛТЫНМЕН АПТАЛҒАН «АРКАДАГ»

Түркімен шенеуніктері мен мемлекеттік ақпарат құралдары «Арқадағ» («Қамқоршы») деп ат қойған президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтың құрметіне тұрғызылған биіктігі 21 метрлік алып ескерткіштен үкімет ақшаны аямаған сыңайлы.

Ескерткіштің 15 метрлік тұғыры ақ мәрмәрдан қаланған, ал ахалтеке сәйгүлігіне мінген президенттің мүсіні 24 карат алтынмен апталған.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов бейнеленген ескерткіш-мүсін. Ашғабат, 6 наурыз 2012 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов бейнеленген ескерткіш-мүсін. Ашғабат, 6 наурыз 2012 жыл.

Бұл – Гурбангулы Бердімұхаммедовтың құрметіне тұрғызылған ескерткіштердің ішіндегі әзірге ең үлкені.

Түркіменстанда президенттің көзі тірісінде оған арнап жаппай ескерткіш қою дәстүрі «Түркіменбашы» – Сапармұрат Ниязовтың кезінен басталған.

Ол билік құрған тұста елдің түкпір-түкпірінде көшелерге, зауыттар мен шаруа қожалықтарына оның есімі берілген, тіпті Каспий теңізіндегі Красноводск порты Түркіменбашы қаласы атанған.

САПАРМҰРАТТЫҢ САРА ЖОЛЫМЕН

Гурбангулы Бердімұхаммедов бұл жағынан бұрынғы президентті әлі басып оза қойған жоқ. Қазіргі президенттің ең үлкен ескерткішінің биіктігі бар-жоғы алты-ақ метр ғана.

"Түркіменбашы" Сапармұрат Ниязовтың ескерткіші.
"Түркіменбашы" Сапармұрат Ниязовтың ескерткіші.

Ал биіктігі 75 метр болатын «Бейтараптық аркасының» төбесіне орнатылған Сапармұрат Ниязовтың әйгілі алтын мүсінінің бойы – 12 метр. Оның үстіне Түркіменбашының ескерткіші үнемі бетін күнге беріп айналып тұрады.

Дегенмен, «Арқадағтың» кеше ашылған мүсіні – оған болашақта тұрғызылатын көп ескерткіштің басы ғана деген болжам бар.

Алдағы айда – маусымның 29-ы күні Түркіменстан президентінің туған күні келе жатыр. Ашғабаттағы жаңадан бой түзеп жатқан бақ та сол тұста ашылмақ. Демек, алда әлі талай қызық бар.

Мұхаммед Тахирдің материалын ағылшыннан аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG