12 тамызда Қазақстанның Ақтау қаласында Каспий жағалауы елдері басшыларының бесінші саммиті өтті. Мұның алдында бірнеше мәрте себебі ресми жарияланбай кейінге сырғытылып барып өткен жиында жағалаудағы бес ел: Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түркіменстан президенттері Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды.
КОНВЕНЦИЯ НЕ БЕРЕДІ?
Конвенцияға сәйкес айдын беті көл емес, теңіз ретінде танылды. Жағалаудағы елдер су бетін ортақ пайдаланғанымен, іргелес елдер оның түбі мен пайдалы қазбалар бөлігін халықаралық құқық бойынша өзара бөліседі. Кеме қатынасы, балық аулау, ғылыми зерттеулер және су түбінен құбыр желісін тарту тараптардың келісімімен жүзеге аспақ.
Бұған дейін Каспийдің солтүстік бөлігін Әзербайжан, Ресей, Қазақстан және Түркіменстан өз арасында бөлісіп, шекарасын екіжақты келісімдер негізінде айқындап қойған. Ал теңіздің орталығы мен оңтүстігіндегі Әзербайжан, Иран және Түркіменстан арасындағы бөліс әлі реттелмеген.
Оқи отырыңыз: Саммит Иранның көршілерімен арадағы мәселелерін шеше алмады
Осындай қайшылыққа қарамастан теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Онда бұрынғы даулы мәселенің бірі – су түбінен құбыр тартуға құқық берілді. Мұны жиынның басты жаңалығы деуге болады. Бұрыннан айтылып келе жатқан жағалаудан тысқары елдердің әскери құзырына жол бермеу талабын да осы жолы заңдастырудың сәті түсті. Бір қызығы - конвенцияға қол қойыла сала бір апта уақыт өтпей жатып Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Каспий флотилиясының Астраханнан Каспийскіге көшетінін жариялап үлгерді.
ИРАНДЫ КҮПТІ ҚЫЛҒАН ҚҰЖАТ
Конвенцияға қол қойылуын жағалау елдерінің кейбірі жетістікке баласа, үлесі аз елдерде оны аяусыз сынағандар да көп болды.
Иранда әлеуметтік желіде президент Роуханиді, жалпы келіссөз жүргізушілерін «Каспийді сатып жіберді», «Иран ұтылды», «елдің мүддесі ескерілмеді» деп сынағандар көп болды. Бұған қатысты елдің сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф пен президент Хасан Роуханидың іркес-тіркес түсінік беруіне тура келді.
Ал осы елдің баспасөзінде саммит өткен күннен бері Каспий мәселесі басты тақырыпқа айналып, сейсенбіден басқа күндері газеттердің бірінші бетінен түспеді. Ондаған мақала жарық көріп, онда Каспийдің құқықтық мәртебесі бойынша Иран ұстанымы түсіндіріліп талданды немесе сыналды. Каспийді әдетте Иранда «Хазар теңізі» атайды. Осы жолы Иран баспасөзінің кейбірінде «Каспий» атауы қолданылды. Ал кейбір баспасөзде «Хазар көлі» туралы да айтылып жатты.
«АЯҚТАЛМАҒАН КЕЛІСІМ»
«Жаван» газеті өзінің саммит өтетін 12 тамыз күні шыққан санында «Каспийді бөлуден қашқақтаған жөн» деген мақала жариялады. Онда сарапшылар қазіргі қалыптасқан ахуалдың теңіз туралы келісімі бекітуге қолайлы емесін айтқан.
Ал саммит өткен күннің ертесінде бұл газет «Каспий теңізіндегі елдердің үлесі айқындалмады» деген мақала жариялады. 13 тамызда «Арман-е емруз» газеті «Каспий – болашақ Парсы шығанағы» деген мақала басып, онда президент Роуханидың түпкілікті шешім қабылдағанға дейін мәмілені жалғастыру керек деген пікірін келтірген. Сонда ғана конвенцияның жағалаудағы бес елдің теңіз ресурсын әділ игеруге мүмкіндік тудыратыны айтылған. «Еттелаъат» газеті теңізде жағалаудан тыс елдердің әскери құзыры болмайтындығына меңзеп «Каспий бөтендер үшін жабылды» деген тақырыппен мақала шығарды. «Бәхор» газеті өз мақаласында «Каспий көлінің» құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғанын хабарлаған. «Дуняй-е еқтесад» газеті конвенцияны «келісімдердің анасы» деп бағалаған. «Мардомсалари» газеті болса «Каспий конституциясының құралуы» деген тақырыппен мақала жариялады.
ВИДЕО: Каспий саммитінің ашылуы.
«Ебтекар» газеті «Каспий теңізіндегі Иран үлесінің түйткілдері» тақырыбында мақала жарияласа, «Афтаб» газетінде «Каспий теңізіндегі Иранның үлесі туралы дерексіз дақпырт» деген мақала басылды. Онда әлеуметтік желідегі Иран өзінің 50 пайыздық үлесінен айрылып қалды деген сарындағы пікірлерге жауап қайтарылған. «Еътемад» газеті «Конвенция Түркіменчай келісімі емес» деген ақталу ауанындағы тақырыппен мақала жариялады. Ирандағы Түркіменчай жерінде Ресей-Иран арасындағы соғыстан кейін 1828 жылы бітім келісіміне қол қойылып, Ресей Каспийде флот ұстап, еркін жүретін үстемдікке ие болған. Бұл туралы Фридрих Энгельстің «Түркіменчай келісімі Персияны Ресейдің вассалына айналдырды» деген сөзі бар.
«Хорасан» газеті болса, Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны «маңызды қадам» деп бағалаған. «Һәмшәхри» газеті оны «көршілердің аяқталмаған келісімі» деп атады.
КОНВЕНЦИЯДАН АСТАР ІЗДЕУ
Сейсенбі, 14 тамыз күні Иран газеттері Каспий туралы дүйсенбі күнгідей таратып жазбады. Басылымдардың осы күнгі санында Иран рухани жетекшісі аятолла Хаменеидің Американың әрекетіне орай «соғыс болмайды – келіссөзге де жол жоқ» деген мәлімдемесі жаппай жарияланып, талданып жатты.
Сәрсенбі, 15 тамыз күнгі санында «Жумһури-е ислами» газетінде Каспий келісімінде Иранның құқығы бұзылмағаны хабарланды. «Еттелаъат» газеті Иранның Ұлыбританиядағы елшісінің үкіметтің осы конвенцияға келісуі арқылы Каспий теңізін әділетсіз бөлуді тежегені туралы Twitter парақшасында шыққан пікірін жариялады. Елші Иран үкіметінің қазіргідей халықаралық санкцияға ұшыраған кезінде Каспийдегі әділетсіз бөлудің алдын алғанын қолдаудың орнына айыптау жараспайды деген. «Кейхан» газеті де әлеуметтік желідегі Иранды сынаған пікірлерді «Каспий теңізін сату туралы ғаламат дақпырт» деп атаған.
«Қанун» газеті «Бір конвенцияның көрінбейтін көп қыртысы» деген мақаласында қол қойылған құжаттың өміршеңдігіне күмән келтірген. Онда теңіз туралы халықаралық ережелердің тек қана ашық теңізге қатысты екендігі, ал көлдер туралы халықаралық ереженің жоқтығы айтылған. Мақаладағы пікірге қарағанда, Иран «түсініксіз де ынсапсыз» конвенцияның ығында кетпеуі керек. Болашақта қаралатын теңіздің түбін бөлу мәселесінде осыны ескерсе, Иран Каспийде көбірек құқыққа ие бола алады. Конвенцияның ығында кеткендіктен Иран суларына қатысты мәселе туындайды. Газет бұл мәселені «ақтаңдақ» деп атаған. Мақалада Әзербайжанға қатысты сын да айтылған. Онда Әзербайжанның Иранның Каспийдегі үлесі 11 пайыз дегеніне наразылық білдірілген. Мақалада бұл мәселе шамшылдықпен бейнеленген. Тіпті мақалада Әзербайжан республикасы атауының жалған екендігі және бұл елдің Иранға жауыға қарайтыны айтылған. Бұған қоса қазіргі тарихта Ресейдің Иранның территориялық тұтастығына нұқсан келтіргенін еске алған газет конвенцияның Иран мүддесін сақтай алмауы мүмкін екенін айтады. Мақалада Иран мәжілісі «дүмбілез» конвенцияны ратификацияламайтын болса, жағалаудағы өзге төрт ел келісімінің Иранға әсері болмайтыны жазылған.
«Қанун» газеті ең құрығанда конвенция мәтіні бірнеше ай бұрын ақпарат құралдарында жарияланса, оны түзеуге болар еді деген емеурін білдіреді. «Талқыланған мәселеге қарағанда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі соңғы конвенциямен реттелмейтінін білген абзал. Реттелген күннің өзінде бұл Иранның пайдасына шешілмейді. Осының бәрін қорыта келгенде конвенцияға қол қоюдың саяси қыры болғанын байқатады. Ал одан көпшілік әзірге бейхабар» деп аяқталған «Қанун» газетінің мақаласы. Бір айта кетерлігі – осы мақаланы Иранның IrNA ресми ақпарат агенттігі де көшіріп жариялаған.
МӘСЕЛЕНІҢ 30 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ШЕШІЛГЕН БЕ?
«Афтаб» газеті сәрсенбілік санында «Өтірік айтпа» деген мақала жариялап, Иран мәселесі бойынша ресейлік сарапшы Ражаб Сафаровтың пікірін жоққа шығарды. Ол Каспий мәселесі бойынша ВВС-дің Парсы қызметіне берген сұхбатында Иран 1996 жылдан бастап Каспийдегі 50 пайыздық үлесінен бас тартты дегені үшін сынға ұшыраған. Тіпті Иран сыртқы істер министрлігі де оның айтқандарына реакция білдірген. Шын мәнінде Сафаров Ресейде Иранды зерттеу орталықтарында және орыс тіліндегі Иран туралы ақпарат тарататын ресурстарда Тегеранның қазіргі саясатын жақтайтындығымен көзге түскен.
«Қанун» газеті өзінің бейсенбі, 16 тамыз күнгі санында «Роуханидың арғы беті» деген мақала жариялап, онда президент Роуханидың Каспийге қатысты мәселенің 30 пайызы шешілгені туралы хабарлағанын баяндаған.
Қысқасы, Иранның Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы бір аптаның ішінде Иран БАҚ-ы мен парсы тіліндегі әлеуметтік желіде қызу тақырыпқа айналды.
Каспий туралы келісімдер әуелде Ресей мен Иран арасында ғана жасалған еді. 1813 жылғы Гүлстан, 1828 Түркіменчай келісімдерінде Ресейге үстемдік беріліп, ирандықтар кеме қатынасы құқығынан да қағылған. Алайда 1921 жылы және 1940 жылы жасалған келісімдерде Каспий Совет Одағы мен Иран арасындағы ортақ теңіз ретінде бекітілді. Одан кейінгі келісім өткен аптада қол қойылған Ақтау конвенциясы болып отыр.
ПІКІРЛЕР