Accessibility links

Ресей мектептерінде Путинге қарсы флешмобтар жиіледі


Российские школьники пишут в классах "Путин вор" и делятся фото в соцсетях. Вот как они это объясняют
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:47 0:00

"Путин - ұры" флешмобы туралы "Настоящее время" сайтының видеосы

Ресей мектептерінде президент Владимир Путинге қарсы флешмобтар жиіледі. Флешмобтың мәні мынада: оқушылар мен студенттер тақтаға немесе дәптерге "Путин - ұры" деп жазып, әлеуметтік желілерде таратады. Оқушылардың флешмобқа қатысты пікірлері әртүрлі.

"СОВЕТ КЕЗІНДЕ МҰНДАЙ ҮШІН АТЫП ТАСТАР ЕДІ"

Акцияның таралуына Красноярск өлкесінің Таёжный ауылындағы №20 мектепте болған оқиға себеп болған. 10 "А" сыныбының тақтасына біреулер "Путин - ұры" деп жазып кетіп, соңы айғай-шуға ұласқан. Тарих пәнінің мұғалімі Евдокия Ковалева оқушыларды жинап алып, Путинді "қатты қорлағаны" үшін сөккен. "Путиннің күзетшілерімен кездесесіңдер" деп қорқытып, "совет кезінде мұндай үшін атып тастар еді" деп ашуланған.

"Кім жазса, соған айтарым: мына сөзді жазып, конвертке салып, жіберіңдер. Мекен-жайын да айтайын: Мәскеу, Кремль, президент әкімшілігі. Ондағылар бірден ұшып келіп, мәселелеріңді "майшаммен қарайды". Путиннің оққағарлары бар! Оны күзетеді.10 "А" сыныбының бәлен деген оқушысы оны ұры деп айыптаған. Дәлелдерің бар ма? Тағы қайталап айтам: мына істі тып-тыныш жауып, полицияға арыз түсірмегенім үшін маған рахмет айтыңдар. Олар кімнің жазғанын тез-ақ тауып алатын еді. Бірақ мен мектептің атына кір келтіргім келген жоқ" деген Евдокия Ковалева.

Красноярск өлкесіндегі білім министрлігінің өкілдері Таёжный ауылындағы мектеп мұғалімінің оқушыларға қоқан-лоқы жасап жатқаны туралы видеоны зерттеп, ақыр соңында мектеп мұғалімін қызметінде қалдырған. Бірақ оқиға мұнымен біткен жоқ.

АКЦИЯНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Мұғалімнің оқушыларды ұрсып жатқаны туралы видео әлеуметтік желіге шыққаннан кейін өзге мектеп пен колледж студенттері жаппай "акцияны жалғастыра жөнелді". Олар тақтаға немесе дәптер бетіне "Путин - ұры" деп жазып, әлеуметтік желілерде тарата бастады.

Акцияға қатысқандардың арасында Бурятияның Гусиноозерск қаласындағы №4 мектеп, Краснодардағы мектеп, Нижний Новгородтағы Лобачевский университеті де болған.

Коми республикасындағы мектептердің бірінде оқитын Дмитрий есімді оқушы Азаттықтың Настоящее время сайтына флешмоб туралы әлеуметтік желіден білгенін, "қазір совет одағы заманы болмағандықтан" акцияға қосылғанын айтқан.

"Құрдастарым бұған аса қатты таңқалған жоқ. Мұғаліміміз әр адам өз өмірін қалағанша жасайды деді. Бірақ оған қарсы ештеңе деген жоқ" деді Дмитрий. Бұл сөзді жазғаны үшін оқушыға ешкім ештеңе демеген. Бірақ мұғалім тақтадағы сөзді өшір деп айтқан.

"Әрине, өшірген жоқпын. Керісінше тақтаға шығып, бізде осындай акция өтіп жатыр деп түсіндірдім. Біздің мектепте "Путин патриоттары" жоқ. Көбі міндетті түрде Путин президент болуы керек емес. Егер басқа біреу келсе, бұдан да жақсы болуы мүмкін деп есептейді" дейді Дмитрий.

"Ертең не болады деп алаңдайсың ба?" деген сұраққа ол:

- Не үшін қорқуым керек? Экстремизм үшін соттауы мүмкін екенін білем, бірақ өз көзқарасыңды айтқаның үшін қорқуға тиіс емессің. "Тұрақтылықтың" мәні неде? Бұл экономиканы талап-тонау ма? - деді Дмитрий.

Бурятиядағы мектептердің бірінде оқитын акцияға қатысқан оқушы "мұғалім қоқан-лоқы жасаған балаларды қолдағым келді" дейді.

"Сыныптастарым акцияны елеген жоқ. Олар "біз мектеп оқушыларымыз, жасөспірімбіз, салық төлемейміз, мұның бізге қатысы жоқ" деді. Мұғалімдер де бәлендей ештеңе деген жоқ. Мен Таёжный ауылындағы жағдайды көріп, ондағы оқушыларды қолдағым келіп кетті. Бәріміз кішігірім қалаларда тұрамыз. Ресейді ішінен жақсы білеміз. Бізде бәрі керемет емес" деді ол.

Таёжный мектебінің басшылығы жауап беруден бас тартты. Ал Гусиноозерск мектебінің мұғалімдері 15 қарашада мектепке тергеу комитетінің өкілдері келіп, тексергенін айтты.

Әйткенмен Бурятия республикасындағы тергеу комитетінің баспасөз қызметі "Путин - ұры" сөзіне байланысты мектептерді тексермегенін айтты.

Барнаулдағы мектептердің бірінде оқитын, Ресей билігін ашық сынап жүрген 9-шы сынып оқушысы Алексей Линник "мектеп - мәлімдеме жасайтын орын емес" дейді.

Видео: Алексей Линниктің пікірі (Орыс тілінде)

"Школа - это для того, чтобы получать знания": школьник-оппозиционер - о флешмобе "Путин вор"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:15 0:00

"Мектеп - бұл білім алатын орын, ал пікірін білдіргісі келетіндер үшін митингтер, акциялар, пикеттер, әлеуметтік желілер бар" деді ол.

Ол сонымен бірге "Путин - ұры" деп жазған оқушыларды "шынайы оппозиционер деуге келмейді" дейді.

"Путинді ұнатпайтындықтан осы сөзді жазған жасөспірімдер бар. Мұндай сезім бәрінде бар. Бәрі де жуық арада институтқа түсіп, жұмыс істейтінін жақсы біледі. Ал бізде істейтін жұмыс жоқ: ересектерден естігенімізді айтайын, зауыттарды жауып жатыр, адамдарды қуып жатыр. Ал бұл қорқынышты нәрсе. Бірақ нақты жағдайда адамдар мұғалімнің әрекетіне ашуланса керек. "Мұндайды жазса, ату керек" деген сөз мұғалімге жараспайды" деді Линник.

Жастардың белсенділігіне тіке немесе жанама қатысы бар осы сияқты кикілжіңдер Ресей мектептерінде болып тұрады.

2017 жылы 26 наурызда "Он нам не Димон" атты митингісінен кейін бірнеше аймақтағы мектептер мен жоғары оқу орындарында психологтар, директорлар оқушылармен "түсіндіру жұмыстарын" жүргізді. Онда оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйға не үшін сенбеу керектігі, оппозиция жиындарына бармау жайлы айтылды. Мұндай "түсіндіру жұмыстары" 2018 жылғы президент сайлауынан кейін де қайта өріс алған.

Осы тәрізді лекциялардың кейбірі интернетте де пайда болды. ​Солардың бірі:

"При ком тебе жилось лучше?" Брянским школьникам объяснили, почему у них нет права на недовольство
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG