«Сәби саудасы» ісіне қатысты атышулы процеске төрағалық еткен Алматының кәмелетке толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы Жеңіс Кәрібаев бүгін іске қатысты айыпталған 32 адамның үкімін жариялады. Сотта 27 сәбиді саудалау ісі қаралды.
Сот өтіп жатқан залға БАҚ өкілдерін кіргізбеді. Олар үкім жариялауды монитормен жабдықталған өзге бөлмеден бақылады.
«Баланы заңсыз асырап алды» деп айыпталған әрі ақтайтын үкімнен үміттеніп келген Алматының 39 жастағы тұрғыны Гүлмира Сауытова да өзге бала асырап алушылар сияқты «қылмысына шын өкіну» бабы бойынша қылмыстық жазадан босатылды.
БАЛА АСЫРАП АЛҒАН ӘЙЕЛДІҢ ҮМІТІ
Алматының 39 жастағы тұрғыны Гүлмира Сауытова үкім жариялауға екіұдай сезім – бір үміт, бір күдікпен келген. Оны соттың «қылмысына шын өкіну және тергеу ісіне көмектесу» бабы бойынша Сауытованы ақтап шығаруы үшін қолынан келген мүмкіндіктің бәрін жасаған адвокат Айман Омарова үміттендірген. Ал прокурордың тараптар жарыссөзіндегі қалған заңсыз бала асырап алушылар сияқты оны да 6 жыл 8 айға (шартты) соттауды сұраған сөзі шарасыз күйге түсірген. Оның шарасыз күйін іске қатысты кей айыпталушылар мен олардың туыстарының «егер Сауытова бәрін жария етіп мойындамағанда, жұртты шулатқан бұл іс болмас еді» деген сөздері күшейте түскен.
Адвокат Айман Омарованың айтуынша, іске қатысты кей айыпталушылар мен олардың туыстары клиенті Гүлмира Сауытова екеуіне өшігіп алған. Оның айтуынша, олар «сәби саудасы» ісін тергеу КТК телеарнасындағы ток-шоу кезінде Сауытова бұрынғы күйеуі жаңа туған нәресте сатып алғанын әрі мұны білгені жайлы ақпаратпен бөліскеннен кейін басталған деп санайды. Бірақ адвокат Омарова клиентіне бұлай соқтығуды орынсыз деп санайды әрі Сауытованы «қылмысына шын өкіну» бабы бойынша және тергеу ісіне көмектескені үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатуы тиіс еді деп мәлімдейді.
АЯҚТАЛМАҒАН ДРАМА
Сот іске қатысты «негізгі» 15 айыпталушыны түрме жазасына кесті. Судьяның түсіндіруінше, медицина мекемесінің бұл қылмыста ең белсенді роль атқарған қызметкерлері 5 жылдан 9 жылға дейін, мекеменің өзге қызметкерлерінің әрқайсысы 2 жылға сотталды. Сот «жаңа туған сәбилерін әдейі сатқан» деп таныған әйелдер 2 жылға сотталды. Тараптар жарыссөзінде прокурор әрқайсысын 6 жыл 8 айға дейін шартты жазаға соттауды сұрағанымен, бала асырап алушылар «қылмысына шын өкіну» бабы бойынша қылмыстық жазадан босатылды.
Үкім жарияланатын күнге дейін іске қатысты айыптаушыларға бас бостандығынан айырмайтын бұлтартпау шарасы қолданылған. 18 сотталушыға кепіл ақша түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, қалғандары ешқайда кетпеу қолхатпен жүрген.
Сотталушылар үкім жариялауға өздігінен келді. Бірақ 15 адамға түрме жазасы кесіліп, олардың бұлтартпау шарасы қамауға ауыстырылғаннан кейін олардың қолдарына тікелей сот залында кісен салынды. Олардың түрмеде өтейтін жаза мерзімі 2016 жылдың 5 шілдесінен бастап есептеледі.
Іске қатысты айыпталушылардың бірінің жағдайы нашарлауына байланысты үкім жариялау біраз кідірді. Сот залында отырған жедел жәрдем бригадасы оған дереу көмек көрсетті.
Судья Кәрібаев жарияланған үкімге қатысты Алматы қалалық сотына апелляциялық тәртіппен шағымдануға немесе қарсылық білдіруге болатынын хабарлады. Үкім жарияланғаннан кейін залдағы жұрт шулап, қолдарына тікелей сот залында кісен сала бастаған әйелдердің жылаған дауыстары естілді. Оларды сот ғимаратынан шығарып, автозакқа тиеген кезде де еңіреп жылаған үндер естіліп жатты.
Соттан кейін сотталғандар мен олардың адвокаттары (адвокат Айман Омарова мен оның клиенті Гүлмира Сауытовадан өзгесі) «Үкімге қатысты шағым бересіздер ме?» деген сұраққа жауап беруден бас тартты. Адвокат Айман Омарова клиенті Гүлмира Сауытова екеуі үкімге қатысты шағымданбайтынын мәлімдеді.
– Үкімге қарағанда, бала оның жанында қалады деп үміттенуге болатын сияқты, – дейді Айман Омарова.
Соттан видеосюжет (орыс тілінде)
«Сәби саудасы» істі қараған атышулы сот процесі Алматыда қаңтардың 29-ы күні басталған. Іске қатысты айыпталғандардың көбі аты-жөндерін ақпарат құралдарында жарияламауды сұрап, өтініш берген. «Сәбилерді жаппай саудалау» деп атауға болатын атышулы істі қараған сот процесі ғана емес, үкім жариялау да жабық режим жағдайында өтті.
Қазақстанда жабық режимде қаралған «бала саудасына» істеріне қатысты мұндай процестер бұрын да болған. Бірақ бұл іс алдыңғы мұндай істерден криминалдық ауқымы жағынан ерекшеленеді, яғни бұл жолы жаңа туған сәбилерді саудалау жаппай сипат алған.
Адвокат Айман Омарованың мәлімдеуінше, бұл істі қараған сот аяқталды, бірақ Қазақстанда бала асырап алу проблемасы әлі бар.