Алдыңғы шыққандар сияқты, бұл қос ақын да президент Назарбаевты, ЕҚЫҰ саммитіне мадақ жыр айтып өткен соң, 2011 жылы Алматы мен Астанада өтетін Азиада ойындарын тілге тиек етіп, Қазақстандағы жалдамалы спортшылардың жайына тоқталды.
Бұл мәселені бірінші болып бастаған Сара Тоқтамысова Азиада ойындарын ел күтіп отырғанын айта келіп:
– ...Тек қана бір жағдайға көңіл толмай,
Тынысымыз тағы да тарылғаны.
Аспан асты елінде асқақтап тұр,
Аспан көз ағайынның сары ұлдары.
Шетелден спортшыны алдырамыз,
Шарықтаған қыздай ғып қалың малы.
Ал, соған дамытсақ қой ел спортын,
Осыған қосыларсың бәрің дағы.
Тау көтерер Толағай, Қажымұқандар,
Ауылдан мүмкін емес табылмауы.
Тек қана қу жоқшылық қол байлайды,
Жүрегімнің осыған ауырғаны.
Қызбалығы оянып қанындағы,
Тектілігі ойнаса тамырдағы.
Намысты қолдан оңай беред деп ең,
Бекзаттың артындағы бауырлары.
Сенім артып отырмыз халық болып,
Азиада жарысына ағымдағы.
Қапы қалып қоюы мүмкін емес,
Қажымұқанды туған ел қабырғалы.
Көк байрақты көгіңде желбіретсін,
Қазақтың наркескендей нар ұлдары, – деп шырқады.
Өз кезегінде Аманжол Әлтаев та Қазақстан спортындағы легионерлер тақырыбын қозғап, онан соң Қазақстан экономикасында жеңіл өнеркәсіптің жоқтығына тоқталды.
– Бойдағы жылуыңның құнын біліп,
Сара қыз сөз сөйледің түйін қылып.
Ашық-шашық келбеті арулардың,
Көңілді тұрады рас күйіндіріп.
Шығысымның шырайлы сұлуларын,
Еуропа барады-ау, иілдіріп.
Өзімізде ештеңе тікпеген соң,
Түркия, Қытай жатыр киіндіріп.
Қасқа сиыр терісі тулақ болды,
Құрым тон тікпеген соң, иін біліп.
Қара бұйра жүнінде қара қойдың,
Кәдеге жаратпадық бұйым қылып.
Шикізатпен алысқа бара алмаймыз,
Өңдеуді қолға алмасақ тиімді қып.
Мұнай менен темірің біткен күні,
Шетке неңді сатасың бұйым қылып.
Өнеркәсіп дамыған ел болайық,
Әлемді бар жағынан сүйіндіріп, – деп айтыскер Қазақстан экономикасының түйткілді тұстарын айтыскер жырға қосты.
Аманжол мен Сараның айтысын мына жерден тыңдай аласыздар: