Accessibility links

Белсенділер сотында үкімет келісімдерінің жабықтығы айтылды


Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (оң жақтан екінші) пен Талғат Аян (сол жақтан екінші) сот залында. Атырау, 18 қараша 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (оң жақтан екінші) пен Талғат Аян (сол жақтан екінші) сот залында. Атырау, 18 қараша 2016 жыл.

Сотталушы азаматтық белсенді Макс Боқаевтың адвокаты мұнайгаз келісімшарттары мазмұнын халықтан құпия ұстаған билік белсендінің осы жайлы сыни пікірін оған қарсы айыпқа ілік етіп отыр дейді. Азаттық репортажында апта соңына қарай сот процесінде болған кейбір маңызды жайттар баяндалады.

МАЗМҰНЫ ҚҰПИЯ КЕЛІСІМШАРТ

Атырау қаласында әлеуметтік араздық тудыру, жалған ақпарат тарату және митинг өткізу тәртібін бұзу айыптарымен сотталып жатқан азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сот процесінде осы аптада Боқаевтың адвокаты Нұрбике Ескендірова Қазақстанда мұнайгаз секторындағы ірі келісімшарттардың жабықтығы туралы Макс Боқаевтың жеке парақшасына жазған пікірін тергеу тарабы қылмыстық істе «алауыздық тудыру көрінісі» ретінде пайдаланғанын мәлімдеді. Адвокаттың сөзінше, Макс Боқаевтың Қазақстандағы Қарашығанақ мұнайгаз конденсаты кен орнын игеруші компаниялармен арада жасалған келісімшарттар Қазақстанның мүддесін қорғамайтыны туралы жазған пікірі айыпқа негіз бола алмайды.

- Боқаевтың бұлай айтуына инвестиция мен даму министрлігінің инвестициялық келісімшарттарының жабықтығы, министрліктің оны жария етуге талпынбайтыны туралы хаты дәлел. Сондықтан оны Қазақстан азаматтары талқыға сала алмайды, жерді пайдалану туралы жасалатын келісімдер де сондай жабық болуы мүмкін. Жер ресурстары туралы комитет пен облыстық табиғат пайдалану басқармасы да жерді иелікке алып отырған заңды немесе жеке тұлғалар туралы ақпарат бере алмайтындарын, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кеніштерін жалға беру туралы келісімшарт қолдарында жоқтығын айтқан. Бұл табиғи ресурстарды игеруге қатысты келісімшарттардың ашықтығын талап еткен Макс Боқаевтың пікірінің негізді екенін көрсетеді, - дейді Нұрбике Ескендірова.

Адвокаттың инвестициялар мен даму жөніндегі министрліктен, ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетінен, Атырау облысы әкімдігінің табиғат ресурстары мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан келген жауаптарды іске тіркеу туралы өтінішін сот қанағаттандырмады.

МИТИНГІ ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ТҮСІНІКТЕМЕ АЛУДЫ СҰРАДЫ

Сот тергеуі барысында прокурорға берген жауабында сотталушы белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда сәуірдің 24-і күні өткен үкіметтің жер реформасы жоспарына қарсы жаппай митингіге Конституцияда көрсетілген құқықтарын пайдаланып қатысқандарын, бейбіт жиында өз ой-пікірлерін айтқандарын мәлімдеп, өздеріне тағылып отырған айыптарды жоққа шығарды. Қорғаушы Жанаргүл Боқаева соттан митингі өткізу тәртібі туралы заңға қатысты Конституциялық кеңестен түсініктеме алуды сұрады.

- Құрметті сот, қылмыстық істің қозғалуына себеп болып отырған «заңсыз митинг ұйымдастыру» айыбына байланысты сізден Конституциялық кеңеске ресми сауал жолдап, Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстар мен шерулер өткізу туралы заңының 10-бабына түсіндіктеме сұрауыңызды талап етеміз. Егер ол Конституцияға қарсы бап болса, солай деп танылсын, - деді Жанаргүл Боқаева.

Макс Боқаев (ортада) адвокаты Нұрбике Ескендірова (сол жақта) және қорғаушысы Жанаргүл Боқаевамен сот залында. 18 қараша 2016 жыл.
Макс Боқаев (ортада) адвокаты Нұрбике Ескендірова (сол жақта) және қорғаушысы Жанаргүл Боқаевамен сот залында. 18 қараша 2016 жыл.

Прокурорлар бұған қарсылық білдірді. Судья Гүлнәр Дәулешова Конституциялық кеңеске өтініш түсірудің қажеті жоқ деп санайтынын мәлімдеді.

Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заңның 10-бабында жергілікті өкілді органдардың митингілер, шерулер өткізу тәртібін қосымша реттей алатыны айтылған. Атырауда сотқа тартылып жатқан белсенділер өздерінің заң аясында әрекет жасағандарын мәлімдеді.

- Мемлекетті басып алу, тәртіпсіздік жасау, әлеуметтік, ұлттық араздық қоздыру мақсаты болған жоқ. Ондай сөз де айтылған жоқ. Алаңға конституциялық құқығымды пайдаланып өз пікірімді білдіру үшін бардым, ешкімді үгіттеген жоқпын, - деді Талғат Аян.

Алаңға конституциялық құқығымды пайдаланып өз пікірімді білдіру үшін бардым, ешкімді үгіттеген жоқпын.
Талғат Аянның соттағы сөзі

Боқаев пен Аянның биыл сәуір және мамыр айларында Исатай-Махамбет алаңында митингі өткізуге рұқсат сұрап берген өтініштерін Атырау қаласы әкімдігі қанағаттандырмай тастаған еді.

- Әкімдік қаладағы басқа митинг өткізуге белгіленген орындардың бірде бірін ұсынбады. Қайта хат жазуымды талап етті. Не үшін жазуым керек? Оның үстіне Исатай-Махамбет алаңында митинг болатыны туралы ел әлеуметтік желіден біліп отырды, - деді сотта Талғат Аян.

Прокурор Қасым Сыдықовтың сұрағына жауабында сотталушы Макс Боқаев та митингіге заңды құқығын жүзеге асырып, өз пікірін жеткізу үшін барғанын мәлімдеді.

- Конституцияның 32-бабына сәйкес азаматтардың бейбіт митингі, шеру, пикет өткізуге құқығы бар. Мен тек конституцияны басшылыққа алдым, - деді Макс Боқаев.

Прокурор Қасым Сыдықов мемлекет Боқаевтың «өз үйінде отырып пікір білдіруіне тыйым салмайтынын» айтты.

Жиынға қатысушылардың позициясы приницптеріме сай келген соң қарарды дайындадым, оған келісім білдіргендер қол қойды.
Макс Боқаевтың прокурорға жауабы

«Неге елдің атынан митинг қарарын жаздыңыз?» деген прокурор сұрағына Макс Боқаев «жиынға қатысушылардың позициясы приницптеріме сай келген соң қарарды дайындадым, оған келісім білдіргендер қол қойды» деп жауап берді.

Атырауда сәуірдің 24-і күні үкіметтің жер реформасы жоспарына қарсы өткен жаппай митингіге қатысқан Макс Боқаев жиын аяқталған соң көп адам қол қойған қарарды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдағаны туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлаған. Онда жер кодексіне өзгерістер енгізу, Қазақстандағы табиғи байлықтар мен жерді пайдаланушылар туралы ақпарат ашықтығын қамтамасыз ету туралы өтініш айтылған.

АЙЫПТАУ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛҒАН ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБА

Сот отырысында прокурор Қасым Сыдықов Макс Боқаевтың әлеуметтік желідегі парақшасындағы «шетелдіктерге жер беру» туралы жазбасына қатысты сауал қойды.

- Facebook желісіндегі парақшаңызда «жапондарға жер беру» туралы жазыпсыз. Сонда қытайларға болмай ма? – деп сұрады Қасым Сыдықов.

Қазіргі жағдайда жерді ешкімге - жапонға да, қытайға да, ресейлікке де беруге болмайды, бұл - менің көзқарасым.
Макс Боқаевтың соттағы сөзі

- Ол жазбамда күндердің күнінде жапондардың озық технологиясын, роботтарын пайдаланып жерді игеру туралы ойымды айттым. 21-ғасырда адамдар жерді не үшін еңкейіп, қолымен игеруі тиіс? Қазіргі жағдайда жерді ешкімге - жапонға да, қытайға да, ресейлікке де беруге болмайды, бұл - менің көзқарасым, - деп жауап қатты Макс Боқаев.

Оның адвокаты Нұрбике Ескендірова Боқаевтың Facebook-тегі парақшасында жарияланған мәліметтер «әдейі таратылған жалған ақпарат» ретінде танылып, соның негізінде билік оны қылмыстық жауапкершілікке тартып отырғанын айтты. Ол Макс Боқаевтың автор ретінде ешқандай негативті мазмұндағы ақпарат жарияламағанын алға тартып, белсендінің парақшасындағы басқа адамдардың комментарийлеріне негізделген айыптау қорытындысын істен алып тастауды сұрады. Адвокат Facebook әлеуметтік желісінің пайдалану ережесін іске тіркеуді өтінді. Судья Гүлнәр Дәулешова бұл екі өтінішті де негізсіз деп танып, қабылдамады.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты. Телеэкраннан түсірілген сурет. Атырау, 18 қараша 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты. Телеэкраннан түсірілген сурет. Атырау, 18 қараша 2016 жыл.

Судья адвокаттар ұсынған Ресей ғылым академиясы сарапшысы, филология ғылымдарының докторы Галина Трофимованың Макс Боқаевтың Фейсбук парақшасына жасаған сараптамасын іске қосу туралы өтініштерін қанағаттандырды. Онда бұған дейін Макс Боқаевтың Facebook парағындағы жазбалары мен ондағы комментарийлерге сараптама жасаған Алматыдағы сот сараптамасы институтының маманы филиолог Еселбаеваның «әлеуметтік, ұлттық алауыздық қоздырып, жалған ақпараттар таратты, жер кодексіне енгізілген өзгерістер туралы негативтік, дисфункционалдық пікір қалыптастырды» деген қорытындысы толықтай жоққа шығарылған.

Бұдан өзге адвокаттардың соттан филология ғылымдарының кандидаты Рахила Қарымсақованың, саясаттанушылар Досым Сатпаев, Талғат Мамыраймов және Расул Жұмалының сараптамалық талдауларын іске тіркеуді, олардан онлайн арқылы куәлік алуды сұрған өтініштерін сот қанағаттандырмады. Адвокаттардың айтуынша, қылмыстық іс бойынша қазанның 12-інде басталған сот процесінде олардың тарабынан жүзден астам өтініш берілгенімен сот соның санаулысын ғана қанағаттандырған.

Судья Гүлнәр Дәулешова қарашаның 21-і күні таңертеңгі сағат 9:30-да тараптардың жарыссөзі басталатынын хабарлап, сот процесінде үзіліс жариялады.

XS
SM
MD
LG