Accessibility links

Азаттық радиосы «Қазақстанның балама тарихын» шығарды


"Қазақстанның балама тарихы" кітабының мұқабасы. Алматы, 5 желтоқсан 2011 жыл.
"Қазақстанның балама тарихы" кітабының мұқабасы. Алматы, 5 желтоқсан 2011 жыл.

Желтоқсанның 5-інде Алматыдағы баспасөз клубында Азаттық радиосы шығарған «Қазақстанның балама тарихы» деп аталатын қазақ және орыс тіліндегі жинақтар жұртқа таныстырылды.


Азаттық радиосы сайтында 2008 жылдан бері жарық көрген мақалалардан іріктелген бұл жинаққа Қазақтан қоғамы түрлі кезеңдерде бастан өткерген елеулі оқиғалар жайлы очерктер мен зерттеу, сараптамалық мақалалар енген.

«20 ЖЫЛДЫҚҚА ТАРТУ»

– Бұл басылымды Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына жасаған Азаттық радиосының тартуы деп санауға болады, – дейді Азаттық радиосы Алматы бюросының бас редакторы Қуанышбек Қари.

Кітап мазмұнымен танысып шыққан журналистердің бірі «Бұл басылым тыйым салынған кітап емес пе?» деп күдіктенді. Қуанышбек Қари тыйым салынған кітап еместігін, Қазақстанның кітап палатасында заңды түрде тіркеліп, ашық таратылып отырғанын айтты.

– Азатық радиосының сайтында жарияланған мақалаларды арнайы кітапқа топтастырғандағы мақсат – интернетке, оның ішінде тәуелсіз БАҚ-тардың сайттарына қолы жете бермейтін оқырмандарды объективті ақпараттармен қамтамасыз ету, – деді Азаттықтың редакторы.

Азаттық радиосының комьюнити менеджері Артур Нығметовтің айтуынша, жинақта беймәлім жағдайда көз жұмған Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқаділов, Оралғайша Омаршанова, Нури Муфтах сияқты
Азаттық радиосының комьюнити менеджері Артур Нығметов. Алматы, 5 желтоқсан 2011 жыл.
Азаттық радиосының комьюнити менеджері Артур Нығметов. Алматы, 5 желтоқсан 2011 жыл.
белгілі саясаткерлер, диссидент, журналистердің, қылмыстық жауапкершілікке тартылған басқа да адамдардың саяси бет-бейнесін түсінуге сеп болатын мақалалар бар.

- Кітапта саяси өлімдердің елеусіз қалған құрбандары - Бауыржан Байбосын, Василий және Ольга Журавлевтердің тарихи бейнелері де сөз болады, - дейді Артур Нығметов.

Естеріңізде болса, 2006 жылы ақпан айында Алматы маңындағы таудан кісі қолынан қаза тапқан оппозицияшыл саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының, оның екі көмекшісі Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтің сүйегі табылған еді. Осы оқиғадан кейін Василий Журавлевтің әйелі Ольга да көз жұмған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ҚАУІПТІ» ТАҚЫРЫПТАР

«Қазақстанның балама тарихына» да негізінен Қазақстанның ресми ақпарат құралдарында айтыла бермейтін бұдан басқа да мәселелерді қозғаған мақалалар іріктелген.

Қазақстанның саяси келбеті мен тыныс-тіршілігі, сөз бостандығы мен адам құқығына қатысты деректер де осы кітаптан табылады.

Қазақстан президентінің билікке ие болуы мен оны ұстап тұру жолындағы амалдары, Назарбаев отбасы мүшелерінің республика саясатындағы, экономикасындағы орны, бүгінгі саясатқа ықпал етіп отырған күштердің астыртын тартысы жөніндегі мақалалар да – өз алдына бір бөлек тақырып.

Алаш қозғалысының беймәлім беттері, 20-ғасырдың бас кезінен бері қарайғы ірі оқиғалар тұсындағы саяси партиялардың рөлі, олардың ұстанымдары мен талас-тартыстары, Желтоқсан оқиғасының айтылмаған қырлары, советтік кезеңде мадақталып, тәуелсіздіктен кейін мансұқтала бастаған тұлғалар және осыған ұқсас тенденцияларды сипаттайтын туындылар да «Қазақстанның балама тарихына» қосылды.

Сонымен қатар, 1990 жылдары халық қолдауына ие болған, алайда уақыт өте абырой-беделін авторитарлы билікке қызмет етуге бейімдеген, бүгінгі күннің қаһармандарына айналған белгілі тұлғалардың құбылмалы саяси портреттері де осы басылымға енгізілді.

«Қазақстанның балама тарихы» – Азаттық радиосының екінші кітабы. Былтыр осы уақытта «Блогстан» деп аталатын кітап жарыққа шыққан еді. Ол жинақта қазақ блогшыларының, Азаттық радиосы оқырмандарының түрлі мазмұндағы еркін жазбалары жинақталған.

Азаттық радиосының жаңа кітабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:49 0:00
XS
SM
MD
LG