Accessibility links

Желтоқсаншыларды ақтау сот арқылы шешіледі


«Желтоқсан ақиқаты» ұйымының жетекшісі Бейсенғазы Сәдуұлы. Алматы, 24 ақпан 2011 жыл.
«Желтоқсан ақиқаты» ұйымының жетекшісі Бейсенғазы Сәдуұлы. Алматы, 24 ақпан 2011 жыл.

«Желтоқсан ақиқаты» ұйымы Желтоқсан оқиғасында жәбір көрген азаматтардың ақталуын сұрап отыр. Мамандар «бұл мәселенің түп-тамырында Желтоқсан шындығының ашылмауына мүдделі биліктің ықылассыздығы жатыр» деп есептейді.


Ақпанның 24-і күні «Желтоқсан ақиқаты» ұйымы мүшелері Алматы қалалық прокуратурасына келіп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан зардап шеккен азаматтарды ақтау туралы арнайы хат тапсырды.

ТАЛАП

– Өткен жылы желтоқсанның 28-і күні он адам келіп, арыз тапсырғанбыз. Осы уақытқа дейін бірде-бір жауап келген жоқ. Сол жауапты білуге келгенбіз. Қала прокурорының өзі жоқ екен. Бізді оның орынбасары Мақсат Қожабаев қарсы алды. Ол кісі: «Сіздердің берген хаттарыңызға орай барлықтарыңызға бір шешім шығарамыз. Егер ол шешімге қанағаттанбасаңыздар, онда сотқа жүгініңіздер. Егер ол шешім де көңілдеріңізден шықпаса, онда қайта бізге келіңіздер. Біз Астанадағы бас прокуратурамен келісе отырып, ортақ шешім шығарамыз» деді. Сондықтан енді барлығына құжаттар жинау қажеттігін айтып отырмыз, – деді ұйым жетекшісі Бейсенғазы Сәдуұлы.

Оның айтуынша, қазір 800-ге тарта мүшесі бар «Желтоқсан ақиқаты» ұйымында 200-ге жуық азаматтың қолында ақталуға негіз беретін арнайы құжат немесе кезінде жәбірленгендігін растайтын куәләрдың түсініктемесі бар. Ұйым жетекшісі азаматтардың ақталуы үшін бұл дәлелдер жеткілікті деп есептейді.

– Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың бірде-біреуі Саяси қуғын-сүргін туралы заңда айтылған жеңілдіктерге қол жеткізген жоқ. Неге десеңіз, біздегі азаматтардан «милицияға қамалды», «оқудан, жұмыстан шығарылды» деген қағаз сұрайды. Ал ол кезде отырған азаматтар ақымақ емес қой. Олар жұмыстан шығарған кезде «86-жылы алаңға барғаны үшін» деп жазбаған. «Өз еркімен кетті» деп жұмыстан шығарып жіберген. Бізге қолымызға қандай қағаз берсе, сол қағазбен кете бердік. 24 жылдан кейін бізден ондай қағазды сұрау қателік деп есептеймін, – дейді Бейсенғазы Сәдуұлы.

ЖОҚ ҚҰЖАТ

Хат тапсыру рәсіміне ақпарат құралдарынан бөлек, өздерін желтоқсаншы деп таныстырған жиырмаға жуық азамат қатысты. Солардың бірі талдықорғандық Жақсылық Тұсайұлы әлі күнге дейін Желтоқсан оқиғасының жәбірленушісі екенін дәлелдей алмай жүргенін айтады.

– 1987 жылы мамыр айында мені Желтоқсан оқиғасына қатысқаным үшін арнайы бап бойынша жұмыстан қуып жіберді... Жалпы архивтегі
«Желтоқсан ақиқаты» ұйымы мүшелері Алматы прокуратурасына хат тапсырды. Алматы, 24 ақпан 2011 жыл.
құжаттардың бәрін құртып жібергенге ұқсайды. Сейфуллин көшесіндегі орталық архивке барып, өтініш жазсақ, «прокуратурада» деп кіргізбейді.

Ал мұндағылар «архивте» деп кері сілтейді. Сол архивте құжаттардың жоқтығына байланысты бізді ақтағысы келмейді, – деді Жақсылық Тұсайұлы.

Прокуратураның жауабын естіген желтоқсаншылар шамамен екі сағаттан кейін тарап кетті.

«БИЛІКТІҢ КІНӘСІ»

Саясаткер Жасарал Қуанышәлин бұл мәселені Желтоқсан оқиғасына байланысты шындықтың ашылмауымен байланыстырады.

– Бұл азаматтардың әлі күнге дейін ақталмауының себебі – биліктің тікелей кінәсі. Өйткені, өзге елдерде мұндай жағдай болған кезде, ел билігі оған үлкен мән беріп, түрлі шара қолданады. Сол азаматтарды атымен атап, керек десеңіз, тіпті батыр атағын да береді. Бізде жалғыз Қайрат Рысқұлбековке ғана осындай шара қолданды. Тіпті ол кезде қаза болған азаматтарды анықтау мәселесі де күні бүгінге дейін күн тәртібінде тұр. Қанша адам қаза болды - зерттелмейді. Өйткені билік мұны керек қылмайды. Егер мұны жасап жатса, тек қана жекелеген азаматтар ғана, – дейді Жасарал Қуанышәлин.

1990 жылдардағы арнайы құжаттарда Желтоқсан оқиғасына шамамен 18 мың адамның қатысқаны айтылады. Бірақ қанша адамның жәбірленгені туралы арнайы есеп жоқ.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG