Accessibility links

Биылғы бюджетке 2,88 триллион теңге трансферт бөлінбек


Мұнай бағасының құлдырауы. (Ғалым Смағұлұлының карикатурасы).
Мұнай бағасының құлдырауы. (Ғалым Смағұлұлының карикатурасы).

Сенаторлар бюджет қаржысын үнемдеу құрылыс саласында ғана болатынын айтады. Сарапшылардың пікірінше, бюджетке бақылау болмаса, үнемдеу мүмкін емес.

Қазақстан парламенті сенаты бүгінгі пленарлық отырысында 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізуді талқылады.

Биылғы бюджетке трансферт бөлінбек
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:27 0:00
Жүктеп алу

Сенаторлар алдында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баяндама жасап, ел бюджетіне өзгеріс енгізу жайын айтты. Оның сөзінше, бюджет өзгерістері «АҚШ долларының айырбас бағамы 360 теңге, мұнай баррелінің бағасы 30 доллар болады, металл бағасы 2015 жылғымен салыстырғанда 15 пайызға төмендейді» деген болжамға негізделген.

– 2016 жылы бюджет кірістері 3 триллион 365 миллиард теңге көлемінде бағаланып отыр, бұл бекітілген жоспардан 300 миллиард теңгеге аз, – деді Ерболат Досаев.

Министрдің уәждерін тыңдаған сенаторлар «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы және «Ұлттық қордан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт» туралы заң жобаларын бірауыздан мақұлдады. 2016 жылдың бюджетіне ұлттық қордан 2 триллион 880 миллиард теңге трансферт бөлінетін болады.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ұлттық қордан алынған қаражат тұрғын үй құрылысы саласына, «Тұрғын үй жинақ банкі» салымшыларына өтемақы ретінде, инфроқұрылымдық салаға, «Бизнестің жол картасы», «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» сынды мемлекеттік жобаларды аяқтауға жұмсалады.

Министрлердің сөзінше, бюджеттің әлеуметтік бағыттағы жоспарлары қысқармайды.

«ҚАРЖЫ ҚҰРЫЛЫСТАН ҮНЕМДЕЛЕДІ»

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы бүгін мақұлдаған бюджет өзгерістерін «әлеуметтік негіздегі бюджет» деп санайды.

Мұрат Бақтиярұлы, парламент сенатының депутаты. Астана, 3 наурыз 2016 жыл.
Мұрат Бақтиярұлы, парламент сенатының депутаты. Астана, 3 наурыз 2016 жыл.

– Металл, мұнай бағасына байланысты салық табысы азайды. Экспорттық баж салығын 40-тан 20 долларға түсірдік. Мұның өзі бюджетке түсетін салық түсімін азайтады. Әлеуметтік бағыттағы білім беру, денсаулық сақтау сынды салаларға байланысты қаржы қысқарған жоқ. Бюджеттік қызметкерлердің айлығы 29-30 пайызға дейін көбейді. 2016-2018 жылдарға арналған үш жылдық бюджетті әлеуметтік негіздегі толыққанды бюджет деп айтуға болады, – дейді ол.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, бюджет қаржысын үнемдеу бағытында да бірқатар қысқарту шаралары жасалған.

– Мысалы, ЭКСПО-2017-ге байланысты қаржы қысқарды. Алматыдағы Олимпиада қалашығы сияқты тиімді салынбаған ғимараттар қаржысы қысқартылады. Ол қысқартылған қаржы бюджетке әлеуметтік салаға жіберілді, – дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Ал сенатор Владимир Редкокашин «бюджет дефициті артқан қазіргі кезде үнемдеу қазір мүмкін емес» дейді.

Министр шығын 600 миллиард теңгеге артқанын мәлімдеді. Яғни үнемдеу мүмкін емес.
Сенатор Владимир Редкокашин.

– Бүгін министр шығын 600 миллиард теңгеге артқанын мәлімдеді. Яғни үнемдеу мүмкін емес. Керісінше жоспарлы шығын мөлшерін арттырып отырмыз. Бюджет дефициті пайда болып отыр. Сондықтан шығынды азайту үнемдеу емес, – дейді сенатор Владимир Редкокашин.

Ол да шығынды қысқарту құрылыс есебінен жүретінін айтады.

– Аяқталуы 80 пайызға жетпеген құрылыс нысандарын қаржыландыру тоқтатылады. Ондай бюджеттік қаражатқа салынып жатқан мектеп, аурухана, балабақша сияқты нысандар көп. Бұл шығын мөлшерін кәдімгідей қысқартады, – дейді сенатор Владимир Редкокашин.

«ҮНЕМДЕЙТІН САЛА – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АППАРАТЫ»

Экономист Оразалы Сәбден «дағдарыс кезінде ұлттық қор есебінен бюджет шығынын өтеу дұрыс, бірақ оны әдетке айналдырмау керек» деп біледі. Оның пікірінше, басқарудағы реформаларсыз бюджет қаражатын үнемдеу мүмкін емес.

Қазір үнемдейтін сала – басқару аппараты. Мемлекетімізде басқару аппараты үлкен, бастық көп.
Экономист Оразалы Сәбден.

– Қазір үнемдейтін сала – басқару аппараты. Мемлекетімізде басқару аппараты үлкен, бастық көп. Кез келген министрлікте министр, вице-министрлер, жауапты хатшы, комитет, басқарма бастықтары, олардың орынбасарлары және тағы басқа 12-13 саты қызмет түрлері бар. Облыстарда да сондай. Тиімділігі нашар. Халықаралық тәжірибеде тиімді басқаруға жеті саты жеткілікті. Осы жерде қомақты үнем жасауға болады, – дейді экономист Оразалы Сәбден.

Ол «бюджет қаражатын игермеген салаларға келер жылы бөлінетін ақшаны қысқартып, қайтарымы бар салалардың бюджеттік демеуін күшейткен абзал» деген ақыл айтады.

Экономист Олег Егоровтың пікірінше, бюджет қаражатына бақылаудың жоқтығы да залалын тигізіп отыр.

Экономист Олег Егоров.
Экономист Олег Егоров.

– Жалақысы аса көп мемлекеттік қызметкерлер, қымбат көліктерді сатып алу – осының бәріне бюджеттен ақша кетеді. Бюджет қаражатын бақылаудың жоқтығынан көп жоғалтып отырмыз. Бақылау болмаса, үнемдеу мүмкін емес, – дейді Олег Егоров.

Қазақстанның парламенті «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын» былтыр күзде мақұлдаған. Бюджет 1 баррель мұнайдың бағасы 2016-2017 жылдары – 40 доллар, 2018 жылы 50 доллар болады деген болжамға сүйеніп есептелген. Үш жылдық жоспарда республикалық бюджеттің кірісі (ұлттық қордан келетін трансфертті есептемегенде) 2016 жылы – 3 триллион 665 миллиард 300 миллион теңге, 2017 жылы – 3 триллион 866 миллиард 900 миллион теңге, 2018 жылы – 4 триллион 195 миллиард теңге болатыны жазылған. Ол кезде «Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер туралы» заң жобасы бойынша, 2016-2018 жылдардағы кепілді трансферт көлемі, доллардың айырбас бағамы 300 теңгеге сай болады деген болжаммен алғанда, жыл сайын 2 триллион 400 миллиард теңге болады деп белгіленген.

XS
SM
MD
LG