Accessibility links

Есенберлин романдары сыйға әлі жиі тартылады


Түркі академиясындағы кітапханадан көрініс. Астана, 15 қаңтар 2015 жыл.
Түркі академиясындағы кітапханадан көрініс. Астана, 15 қаңтар 2015 жыл.

Биыл туғанына 100 жыл толған жазушы Ілияс Есенберлиннің совет кезінде Қазақ хандығы жайлы жазған тарихи романдары әлі сұранысқа ие. Бірақ сыншылар оның «тарихи маңызы ескірді» дейді.

Астанадағы «Еуразия» сауда орталығындағы кітап дүкенінде күнделікті қарбалас сауда жүріп жатыр. Апта соңындағы демалыс күндерінде осы дүкенге жиі соғып тұратындардың бірі – 39 жастағы мемлекеттік қызметкер Асқар бұл жолы сатып алған бірнеше кітаптың арасында Ілияс Есенберлиннің 2004 жылы қайта басылып шыққан «Көшпенділер» трилогиясы да бар екен.

«Тарихымызды танытатын кітап қой. Жуырда бір ағамызға мерейтойына орай сыйламақпын, осы нұсқасын әдейі таңдап алдым» дейді Асқар суретші Есенғали Садырбаевтың иллюстрациясы түскен әдемі мұқабаны көрсетіп.

Қазақ хандығының тарихы туралы мәлімет тарих оқулықтарының өзінде тым мардымсыз жазылатын 1960-70 жылдары Ілияс Есенберлин есімді көпке белгісіздеу тау-кен байыту саласының инженері һәм әдебиет саласының нұсқаушысы «Көшпенділер» атты трилогия жазып шықты. «Қаһар» (1969 жыл), «Алмас қылыш» (1971 жыл) және «Жанталас» (1973 жыл) деген үш кітаптан тұратын трилогия Алтын Орда мен Қазақ хандығы кезеңіндегі оқиғалардың негізінде жазылған тарихи романдар еді. «Қаһар» романында патшалық Ресей әскерімен соғысып жүріп өлген қазақтың соңғы ханы Кенесарының өмірі суреттеледі. Шығарманың кейбір тұсында хан совет идеологиясына сәйкес жағымсыз бейнеде сипатталса да, оның атының көркем шығармада аталғаны, Алтын Орда мен Қазақ хандығындағы көптеген ұлықтар өмірі мен қызметінің әсерлі баяндалғаны сол кездегі көпшілік үшін үлкен жаңалық еді. Трилогия шыққанға дейін «Айқас» атты басқа бір романы үшін 1968 жылы ҚазССР мемлекеттік сыйлығын алып үлгерген Есенберлиннің «Көшпенділері» СССР мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, негізгі үміткерлердің бірі саналды. Автор қайтыс болған соң үш жыл өткенде, 1986 жылы бұл кітапты орыс тіліне аударған қазақстандық жазушы Морис Симашко осы тәржімесі үшін республиканың мемлекеттік сыйлығын иеленеді. Трилогияның тек орыс тіліндегі тәржімесі 12 мәрте қайта басылып, жалпы тиражы 1,5 миллионнан асып түседі.

Жазушының шығармашылығын жоғары бағалайтын әдебиет өкілдерінің бірі ақын Несіпбек Айтұлы бұл романның өз кезеңі үшін маңыздылығы туралы:

Ақын Несіпбек Айтұлы (сол жақта), әдебиеттанушы Құныпия Алпысбаев (ортада) және Ілияс Есенберлиннің немересі Мағжан Есенберлин (оң жақта). Астана, 15 қаңтар 2015 жыл.
Ақын Несіпбек Айтұлы (сол жақта), әдебиеттанушы Құныпия Алпысбаев (ортада) және Ілияс Есенберлиннің немересі Мағжан Есенберлин (оң жақта). Астана, 15 қаңтар 2015 жыл.

«Ілияс Есенберлин өз еңбектері арқылы сол кездері халықтың мұқалып қалған жігерін, тапталып қалған намысын оятты. Кенесары жеңілген күннің өзінде өз қаруымен қандай сілкініс тудырса, Ілияс Есенберлиннің «Қаһары» да ұлттық сананы соншалықты сілкіндірді» деді Азаттыққа.

«Хрущевтің жылымығы» мен «Брежневтің кеңдігі» кезеңінде басқа да совет-қазақ зерттеушілері мен жазушылары Қазақ хандығы дәуірі туралы жазбаларын жариялай бастады.

Есенберлиннің Қонаев туралы романы

Есенберлиннің Қонаев туралы романы

Жазушы Ілияс Есенберлиннің кітаптарын жариялауына ешқандай шектеу қойылмаса да, оның 1970 жылдардың бас кезінде жазған «Мұхиттан өткен қайық» романын жарыққа шығару қиынға түсті.

Зерттеушілердің сөзінше, «Мұхиттан өткен қайық» романында жазушы партиялық номенлатурадағы белгілі басшылардың көпшілігін жағымсыз кейіпкерге айналдырған. Оның ішінде советтік Қазақстанның әр кезеңдегі жетекшілері Левон Мирзоян, Жұмабай Шаяхметов, сол кезде көзі тірі Пантелеймон Пономаренколардың аты-жөндері ашық аталған. Сонымен қатар 20-ғасырдың бас кезіндегі Алаш-Орда қайраткерлері жағымды образда көрсетіліп, 1931-33 жылдардағы ашаршылық пен 1950 жылдардағы тың игерудің теріс салдары бейнеленген.

Бірақ естелік авторларының жазуынша, ұзақ жылдар дауға айналып, автор бірнеше рет түзеткен романның оның көзі тірісінде жарық көрмеуіне «бас кейіпкер А.Ахметжанов образының прототипі – Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың асыра мадақталуы негізгі себеп» болған. Сол кезеңде орталық комитеттің мәдениет бөлімін басқарған Михаил Есенәлиев бұл жөнінде автормен сөйлесіп, «романда тек Қонаевтың прототипі ғана ақылды, қалғандары ақымақ ретінде көрсетілгенін, кітап шыға қалса Қонаев ыңғайсыз жағдайда қалатынын Есенберлинннің өзіне ескерткенін» жазады.

Алдыңғы тарихи романдары жоғары бағаланып, жұртшылыққа кеңінен танылған Ілияс Есенберлин жаңа романының жарияланбауына көне алмай, 1974 жылы КПСС Орталық комитетінің бас хатшысы Леонид Брежневке дейін хат жазып, «Мұхиттан өткен қайық» романына араша сұраған.

Бұған қатысты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Саттар Имашевтің «Есенберлиннің қолжазбасы туралы» 1979 жылғы тұжырымында роман туралы: «Оңтүстік Қазақстандағы үш ауданды көрші республикаға беру экспериментін көрсеткен, ол біздің Одақтың мызғымас бірлігіне, халықтардың шынайы достығына күмән келтірген. Ұлтшыл-буржуазиялық «Алаш» партиясының тарихымыздағы орны мен бағасы дұрыс берілмеген. Оған қоса «Алаш Орда» әдебиетшілері А. Байтұрсынов пен М.Жұмабаевты ақтауға тырысқан» деп жазылған.

«Мұхиттан өткен қайық» 1991 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланып, 2001 жылы ғана жеке кітап болып басылып шықты.

Бірақ 1958 жылға дейін төңірегі өлең жазатын тау инженері ретінде таныған Ілияс Есенберлиннің кенеттен біржола әдеби ортаға ауысуының және шығармаларын еш кедергісіз бастыра бастауының бір себебін сыншылар оның сол кездегі ҚазССР-інің бірінші хатшысы «Дінмұхаммед Қонаевпен жақындығынан» көреді. Геология министрлігінде қызмет атқарып келген Есенберлин әуелі «Қазақфильмге», сосын мемлекеттік әдеби баспаға («Казгослитиздат» - ред.) редактор болып қызметке тұрады. 1967 жылы сол замандағы маңызды «Жазушы» баспасының директоры болып тағайындалады да, 1971-1975 арасында Жазушылар одағын басқарады. Одан соң 1983 жылы дүниеден озғанша шығармашылық демалыста болып, тағы бірнеше роман жазады. Оның есімі өзі туған Ақмола облысының Атбасар қаласындағы мектепке, Алматыдағы бір көшеге берілген.

«Ілияс Есенберлиннің қысқа ғана уақытта көп шығарма жазып шығуына оның Дінмұхаммед Қонаевпен арадағы адами жақын қатынасы әсер еткені анық» дейді Несіпбек Айтұлы.

Әйткенмен жазушының өмірбаянындағы фактілер мен оның замандастарының естеліктері Есенберлинді «қайратты», «шешімтал» және «әділетсүйгіш» етіп көрсетеді. Жазушы бір естелігінде «Көшпенділер» трилогиясын 1945 жылы-ақ жоспарлағанын жазады. Есенберлин 1940 жылы Қазақ тау-металлургия институтын бітіріп, Жезқазғанда жұмыс істеп жүрген жерінен әскерге алынып, Ригадағы әскери-саяси училищені бітіреді. 1942 жылы соғыста қатты жараланып, бір жылдан соң мүгедек ретінде Қазақстанға қайтарылады. «Ұрыстағы қайраты үшін» және «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарының иегерін Алматыдағы партияның орталық комитеті аппарат инструкторы етіп жұмысқа алады. Соғыстың соңына қарай ол 1937 жылғы сталиндік репрессия кезінде атылып кеткен қайраткер Хамза Жүсіпбековтің қызына үйленіп, АЛЖИР-де қамауда жатқан енесінің босап шығуына себеп болады. Сол кезде өзі де НКВД-ның қудалауына ұшырап, 1949 жылы 10 жылға сотталады да, Қарақұм каналының құрылысына инженер ретінде жұмысқа салынады. Сотталарынан бұрын «Адамгершілік туралы жыр» атты өлеңдер жинағын шығарып үлгерген Ілияс Есенберлин бес жылдан соң қамаудан ерте босап шығады да, прозаға ден қояды.

Астанадағы Түркі академиясындағы кітапханадан көрініс. Астана, 15 қаңтар 2015 жыл.
Астанадағы Түркі академиясындағы кітапханадан көрініс. Астана, 15 қаңтар 2015 жыл.

​Прозаик Есенберлиннің тарихи романдары совет кезеңінде қазақ оқырмандары үшін жабық тақырыпты көркем әдебиет формасында қайта жаңғырту сияқты қабылданды. Бірақ қазіргі тарихшылар «Көшпенділердің» өз заманындағы саяси идеологияға сәйкес бұрмалаулары бар, тарихи шындық ретінде қабылдауға келмейтін көркем шығарма екенін ашық айтуға шақырады.

Астанадағы Халықаралық Түркі академиясы қаңтардың ортасында ұйымдастырған «Көркем шығармадағы тарихи шындық» атты дөңгелек үстелге қатысқан тарихшы Жамбыл Артықбаев Ілияс Есенберлинге 1940 жылдары Қазақ хандығының тарихын жазғаны үшін қуғынға ұшыраған тарихшы Ермұхан Бекмахановтың еңбектері көп ықпал еткенін айтады.

Ал тарихшы Дархан Қыдырәлі: «Қазір тарих туралы сөз көп. Кейбір адамдар тарих ғалымдарымен сөз таластырады. Сөзінен байқасаң, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділеріндегі» деректерді алға тартып отырады. Бұл жазушыға деген ел құрметінің белгісі болса керек. Себебі кезінде барымыз айта алмайтын заманда қазақтың да тарихы бар екенін Ілияс Есенберлин көрсетіп берді. Бірақ бұл – әдеби шығарма. Өкінішке қарай, көпшілік осыны ескермейді. Ілияс Есенберлиннің әдебиеттегі орны, халықтық рух пен санаға берген сілкінісі қашанда жоғары бағаланбақ» деді.

Бірақ «Көшпенділер» трилогиясының «қазақ тарихын танытушы кітап» ретіндегі даңқы халық санасында әлі ұзақ жасайтын сияқты. Сол себепті бұл кітапты астаналық Асқар сияқты сыйға тартушылар саны азая қоймас. Қазақстандағы ірі кітап желілерінің бірі «Меломан» «2014 жылы сатылған ең танымал 10 кітап» деп жариялаған тізім ішінде «Көшпенділер» 3-орында тұр.

(Материалды жазуға Руслан Ботайұлы мен Асылхан Мамашұлы қатысты).

XS
SM
MD
LG