Accessibility links

Еуразия Одағы туралы іс-шаралар жиілеп барады


Астрахань облысындағы Ресей мен Қазақстан арасындағы Қараөзек-Котяевка шекара бекеті. 24 мамыр 2009 жыл
Астрахань облысындағы Ресей мен Қазақстан арасындағы Қараөзек-Котяевка шекара бекеті. 24 мамыр 2009 жыл
Қарашаның 9-ында Алматыда саясаттанушылар мен журналистер «Еуразиялық ынтымақтастық БАҚ көзімен» атты дөңгелек үстел өткізді.

Шара барысында интеграцияны құруға Қазақстан, Ресей, Беларусь баспасөзінің көзқарасы талқыланды. Мамандар еуразиялық ынтымақтастықты Қазақстандағы мемлекеттік БАҚ қолдап, ал оппозициялық басылымдардың қарсы шығып жатқанын айтады.

«Ұлттық және халықаралық жобаларды дамыту институтының» директоры Светлана Ушакова:

- Қазақстанда бұл жобаны тек мемлекеттік басылымдар қолдап отыр. Түсінікті жайт. Мысалы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан «Бұл интеграция еш мемлекеттің тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейді. Бұл – тек экономикалық одақ» деген сөзін қазір билікшіл басылымдардан жиі кездестіреміз. Бұл – халықтың қарсылығын тудырмас үшін айтылып жатқан сөздер. Ал оппозициялық басылымдар «Ресейдің отарлау жобасы», «СССР-дің оралуы», «Қазақстанды тәуелсіздігінен айыру жобасы» деп бағалап жатыр, - дейді.
Светлана Ушакова, саясаттанушы. Алматы, 9 қараша 2012 жыл
Светлана Ушакова, саясаттанушы. Алматы, 9 қараша 2012 жыл

Журналист Ярослав Разумовтың айтуынша:

- Қазақстандағы мемлекеттік БАҚ «Ресейдегі бүкіл саяси элита, журналистер тіпті халық Еуразия Одағын қолдайды» деген материалдар жариялап жатыр. Халықтың көзі ашық екенін ұмытпау керек. Ресей қоғамы да бұл жобаны әртүрлі қабылдады. Беларусь қоғамы да екіге жарылды. Ал қазақстандық ресми басылымдардың сөзі «Ресей қолдап жатыр, сіздер де қолдаңыздар» дегенге саяды.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ ӨМІРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖОБАСЫ»

«Егемен Қазақстан» газеті жыл басынан бері «еуразиялық интеграцияның пайдасы» туралы материалдар циклін жариялап келеді. Басылым 2012 жылғы қыркүйектің 22-сі күнгі санында:

«Еуразия Одағының алдына қойған мақсаты – тәуелсіз Қазақ¬станның әріптес мемлекеттермен мүдде біріктіріп, қол ұстасып, әлемдік қиындық-қыспақтардан әрі өтуі. Мақсат та, мүдде де – осы» деп жазды.

Газеттің жазуынша, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың бас хатшысы Тайыр Мансұров – «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан жобасы» деген кітап та жариялап үлгерген. Кітаптан келтірілген үзіндіде:

«Еуразияшылдық – бұл болашақтың идеясы. Бұл бүгінгі күні жаһандануды қажет етіп отырған интеграциялық үдерістердің тәжіндегі алмас» деген жолдар бар.

«Кітапта келтірілген ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осы ұлағатты сөзі Қазақстанның, қазақ халқының тағдыр таңдауын, тарихи таңдауын білдірсе керек» деп түйіндейді «Егемен Қазақстан».

«ЭКОНОМИКАСЫ АЛА-ҚҰЛА ЕЛДЕРДІҢ АРАСЫНДА ТЕҢ ОДАҚ ҚҰРУ МҮМКІН ЕМЕС»

Ал оппозициялық «Общественная позиция» газеті қарашаның 8-і күнгі 41-санында:

«Шын мәнінде, Ресей үшін Еуразия Одағы экономикалық тиімділік тұрғысынан жасалған жобадан гөрі, геосаяси тұрғыдан жоспарланған жоба деуіміз керек. Саясаткерлер де, саяси сарапшылар да мұны Ресейдің аймақтық державалық пиғылы дегенді жарыса айтады. Өйткені Орталық Азия бойынша Қазақстанның империя құруын Мәскеу қаламайды-мыс... Оның үстіне, Медведев ортақ валютаны ойластыруды тездету туралы тапсырма беріп, асықтырып-ақ жатыр! Ресей өз тарапынан: «Егер Кеден Одағы болмаса, Ресей мен Қазақстан Қытай экономикасының колониясына айналады» дегенді ауыз жаппай жеткізіп жатыр...

Экономикалық жағдайлары өзара тең емес елдердің арасында өзара тең одақ құрылуы мүмкін бе?! Басқа сөзбен айтқанда, бәсекелестікке төтеп бере алмайтын ел мен бәсекелестікке қабілетті елдер арасында қандай болсын тең бірліктің орнауы мүмкін бе? Әрине, жоқ!» деп жазды.

«ЕКІ ОРТАДА БЕЛАРУСЬ КҮЙЕДІ»

Саясаттанушы Ярослав Разумов мемлекеттік басылымдардағы материалдарда нақты дәлел мен дәйек аз дейді.

- Қазақстандық бірде-бір басылымнан еуразиялық интеграцияның пайдасы туралы нақты дәлел оқыған жоқпын. Бәрі ұрандатып жатыр. Ал Ресей басылымдары нақты дәйектер мен деректерге толы. Мәселен, ресейлік «Независимая газета» басылымы «еуразиялық аймақ елдерінің алдына қойған нақты мақсаты, даму жоспары жоқ» деп мәлімдеді, - деді ол дөңгелек үстел кезінде.
Ярослав Разумов, журналист. Алматы, 9 қараша 2012 жыл
Ярослав Разумов, журналист. Алматы, 9 қараша 2012 жыл

Беларусьтегі «Народная газета» басылымында ТМД елдері институты директорының орынбасары Владимир Жарихин:

- Ресей мен Қазақстан – ТМД елдері арасындағы интеграциялық жобаларды бастаушы елдер. Екі елде де экономикалық мақсат бар. Олар қаржыларын қайда жұмсау керектігін біледі. Ал Беларусь бұл одақтағы «Грекия» рөлін ойнап, дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Солай бола қалған жағдайда Қазақстан мен Ресей Беларусь экономикасын көтеру үшін ақша шығармайды. Сондықтан асығыспайық, - деген пікір білдірді.

«80 ПАЙЫЗ»

Бірақ мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар. Мысалы, ресейлік қоғам белсендісі Модест Колеров интернет беттерінде: «Егер еуразиялық қауымдастық жоспары жүзеге аспай қалса, Қазақстан мемлекет ретінде жойылады. Ал Ресей бірнеше мемлекетке бөлініп кетеді» деген болжам жасаған.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қарашаның 8-і күні Мәскеуде өткен «Қазақстан және Ресей еуразиялық интеграция жобасында» атты дебатта «Қазақстан халқының 80 пайызы еуразиялық интеграцияны қолдайды» деп мәлімдеді. Ертісбаев бұл зерттеуді президент әкімшілігі жанындағы аналитикалық орталық жасағанын айтты.
Мұхтар Тайжан, оппозициялық белсенді. Алматы, 23 қазан 2012 жыл
Мұхтар Тайжан, оппозициялық белсенді. Алматы, 23 қазан 2012 жыл

Ал қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан бұл статистикаға сенбейді.

- Бұл зерттеу туралы естімедім. Халық та білмейді. Қазақстан халқының 80 пайызы, яғни он миллионнан астам адам зерттеуге қатысса, бүкіл ел білер еді. Мысалы, менен сұрау алынған жоқ. Таныс, туысқандарымнан да алынбады. 80 пайыздық нәтиже ойдан шығарылған...

Қазақстанға Евразия Одағының керегі жоқ. Одақ пайда болса, Қазақстан азаттығын жоғалтады. Кеден Одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік те Қазақстан экономикасына зиянын тигізіп жатыр. Еуразия Одағы құрылса, Қазақстанға тиімсіз осы қарым-қатынастарды саяси түрде бекітіп алу болып шығады. Ондай одақ бір мемлекет дегенді білдіреді. Біз ондай мемлекетте болғанбыз. Қажет емес, - деді ол Азаттыққа.
XS
SM
MD
LG