Кельн қаласында тұратын этникалық қазақ Шұғайып Ерол Германиядағы қазақтардың өмірі және өзінің Қазақстанда басынан кешкен жағдайы туралы әңгімелейді.
Германияның Кельн қаласында тұратын 60 жастағы Шұғайып Ерол «Ford» компаниясының Германиядағы зауытында 40 жылдан артық уақыт жұмыс істеп, таяуда зейнет демалысына шықты. 1958 жылы Түркияның Ниде қаласына жақын орналасқан Алтай ауылында дүниеге келген ол 1974 жылы ата-анасымен бірге Германияға қоныс аударады. 1976 жылдан 2018 жылға дейін Кельн қаласындағы автокөлік құрастыратын зауытта «тасымалдаушы» болып жұмыс істеген ол Кельн қазақтары мәдени орталығының жетекшілігін де атқарған. Екі ұл, бір қыз өсіріп отыр. 16 жасында Түркиядан Германияға барып, орнығып қалған ол Азаттық сұрақтарына жауап берді.
ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ЖӘНЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ
Азаттық: – Германияда ерлердің зейнет жасы 60 болып белгіленген бе?
Шұғайып Ерол: – Жоқ, заң бойынша алпыс бес жастан кейін ғана зейнетке шығасың. Одан ерте шығу үшін 45 жыл үзбей зейнетақы қорына қаржы аударып тұруың керек. Болмаса, белгіленген зейнетақыңның 10 пайызынан бас тартасың. Яғни, «зейнетақының он пайызынан бас тартатының» туралы келісімшартқа қол қойып, уақытынан бұрын шыға беруіңе болады. Мысалы, мен 2 мың 330 еуро зейнетақы аламын. Бұл - маған тағайындалған жалпы зейнетақының он пайызын алып тастағандағы мөлшері. Зейнеттің қызығын ертерек көрейін деп шығып кеттім.
Алдымен 1974 жылы Германияға әкем келіп осында жұмысқа тұрды да кейін бізді - отбасын көшіріп алды. Түркияда жалпы білім алғаныммен арнайы бір мамандықты оқыған жоқпын. Содан осында келіп екі жыл тіл үйрендім. Ол кезде зауыттарда еңбек күші аз еді. Сондықтан мені бірден автобөлшектерді жеткізуші - тасымалдаушы етіп қабылдады. Ол тұста жалақы орта мөлшерден сәл жоғары болатын. Мысалы, мен зейнетке шыққанға дейін 2 мың 800 еуро жалақы алып тұрдым. Содан табан аудармай 42 жыл қызмет етіп, алпыс жасымда зейнетке шықтым. Жұмыс ауыр болмады. Жақсы болды. Сол кезде бір бөлімде жиырмаға жуық мұсылман жұмыс істедік. Бізге намаз өтеп тұратын арнайы бөлме де берді. Жұмыс істеуге өте қолайлы болды.
Азаттық: – Қазір зейнет демалысына шықтыңыз. Зейнетақыңыз өзіңізді толық қамтамасыз ете ала ма?
Шұғайып Ерол: – Иә, өзімді толық қамтамасыз етіп, жылына бір-екі мәрте шетелге барып келгенге де жетеді. Өйткенің менің жеке басымда үйім бар. Артық шығын жоқ.
Азаттық: – Кельндегі басқа да қазақтардың кәсібі қандай?
Шұғайып Ерол: – Мұнда 200-ге жуық қазақ отбасы тұрады. Олардың ішінде 140 шамалы жанұя - Түркиядан, Түркия арқылы Ауғанстан пен Пәкістаннан көшіп келгендер. Осында Түркиядан алғаш жұмыс іздеп келген қазақтардың 80 пайызы автозауытта түрлі жұмыстар істеді. Олардың арасында жоғарғы қызметте де, қара жұмыста жүргендері де болды. Әлі де істеп жүр. Біз үшін офисте отырып жұмыс істегеннен жай жұмысшы болып жүрген жақсы. Өйткені офис жұмысы ауыр ғой.
ТҮРКИЯДАН – ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕЙІН
Азаттық: – Балалық шағыңыз Түркияда, әйгілі «Алтай» ауылында өтіпті. Сол кездерден есіңізде қандай естеліктер қалды?
Шұғайып Ерол: – Кішкентай кезімізде түрік тілін білмейтін едік. Мектепке бірыңғай қазақ балалары бірге бардық. Сонда бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімізде түрік тіліне тезірек жаттықсын, үйренсін деп қазақша сөйлегенге он тиын айыппұл салатын. Сол кезде қазақтың «ақсүйек», «асық ату» секілді ойындарын жиі ойнайтын едік. Онан кейін саба пісіп, аналарымыз құрт қайнатып жататын еді. Қозы жайып, қой қайырдық. Жергілікті үкімет қазақтарға жақсы көмектесті ғой. Үй салып, егіндік жер бөліп берді. Әр үйдің 30-40 қойы болды. Он алты жасыма дейін сондай ортада өстім. Қазіргі балалар ондай өмірді көрмеді ғой. Бірақ өткенді ұмытпасын деп аталарымыздың Алтайдан ауа көшкен кездегі басынан кешкен тағдыры мен тарихын үнемі айтып отырамыз.
Азаттық: – Әкеңіз бен аанаңыздың хал-ахуалы қалай?
Шұғайып Ерол: – Әкем Алтайдан ауа көшкен кезде жеті жаста болған екен. Қазір 88 жасқа келді. Өмірдің бар теперішін көрген адам ғой. Сонда да мойымаған. Өзінің жеке көлігі бар. Әлі күнге дейін өзі жүргізеді. Бізден бөлек тұрады. Үйден үш шақырым қашықтықта мешіт бар. Күніне бір рет соған велосипедпен барып келеді. Анам 84 жасқа келді. Ол кісі де тың, өте жақсы.
Азаттық: – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін сауын айтып, сырттағы қазақтарды шақырды. Өзіңіздің Қазақстанға ат басын бұру ойыңызда жоқ па?
Шұғайып Ерол: – Қазақстанға жиырма неше рет барып қайттым. Осында тұратын іні-қарындастарым бар. Соларды бастап осыдан оншақты жыл бұрын «Қазақстанға қайтсақ, шетте азып-тозып жүрмесек» деген ниетпен Алматыға жақын жерден кірпіш зауытын да салдық. Сол үшін осы жақтан 600 мың еуро кредит те алдық. Бірақ Қазақстан мына жаққа ұқсамайды екен, жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Көп зиян шектік. Түрлі сылтаулар айтылды. Ақыры «құтырғаннан - құтылған» деп бәрін тастап Германияға қайттық.
КЕЛЬН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ӨМІРІ
Азаттық: – Кельнде «200-ге жуық қазақ отбасы бар» деп отырсыз. Бір-бірлеріңізбен қаншалықты араласасыздар? Әлде тек мерекеде ғана көрісесіздер ме?
Шұғайып Ерол: – Иә, жиын тойлар мен мерекелерде ғана кездесеміз. Өйткені барлығы жұмыста ғой. Үнемі бас қосу қиын. Сонымен бірге арамызда Қазақстаннан кейін көшіп келгендер де бар. Олардың денін Қазақстанда тұрған кезінде қазақтарға үйленген неміс ұлтының өкілдері құрайды. Олар да кейде «қазақпыз» деп біздің мейрамдарға келіп, Қазақстан жайлы жақсы сөздер айтып кетеді. Кельн қазақ мәдени орталығына мүше болған азаматтар да бар. Араларында Қазақстанда ұнатпайтындар да бар, әрине.
Азаттық: – Сіз Кельн қазақ мәдени орталығын біршама уақыт басқардыңыз. Мәдени орталық қандай жұмыстармен шұғылданады?
Шұғайып Ерол: – Мен мәдени орталықты жеті жыл басқардым. Жақында ғана басқа бір жігітке орнымды босатып бердім. Орталықтың басты мақсаты-жергілікті қазақтардың бірлігін сақтау ғой. Сондықтан осындағы жиын-тойларды қазақша өткізу, жастарға қазақтың дәстүрін музыкалық аспаптарын үйрету, қазақ жастарының басын қосып кеш өткізу секілді жұмыстарды ұйымдастырады. Өйткені жастардың көпшілігі қазақ тілін аз біледі.
Қазір қазақ жастарына ана тілін үйрететін жексенбілік мектепті ұйымдастыруға мүмкіндік болмай тұр. Мен өзім орталықтың жетекшісі болып жүрген кезде Қазақстанның консулдығы арқылы қазақ тілін үйрететін кітаптарды да алғызған едім. Балаларды тілге және домбыраға үйрететін бір оқытушымыз да бар еді. Өкінішке қарай ол кісі денсаулығына байланысты жұмысын тоқтатты да қазір жексенбілік мектебіміз тоқтап қалды.
Азаттық: – Жалпы, жергілікті қазақ жастарының білімге деген құлшынысы қандай?
Шұғайып Ерол: – Бұрынғы біз секілді емес, қазіргі жастардың жоғарғы білім алуға деген құлшынысы да жақсы. Оған себеп те бар. Өйткені кейінгі кездері Германияда да жұмыссыздық белең ала бастады. Арнайы мамандығы жоқ адамдардың жұмыс табуы қиындап кетті. Сол себепті міндетті түрде оқу қажет. Осындағы қазақ жастарының 70 пайыздан астамы жоғарғы оқу орындарында білім алып жүр. Қазақ жастары саясатқа араласпаса да офистік қызметтерде істеп жүр.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!
ПІКІРЛЕР