– Гедмин мырза, Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен Астанада болған кездесуде сіз Азаттық радиосының Қазақстанда FM-жиілікте таратылуына мүдделі екенін білдірдіңіз. Сонымен бірге сіз Азаттық радиосы Қазақстандағы қоғамдық теледидардың құрылуына қатыса алады дедіңіз. «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» Қазақстанға тағы нені ұсына алады?
– Астанада Қазақстан премьер-министрімен өте қызықты кездесу болды. Өте ашық түрде пікір алмастық. Егер үкімет біздің үш ұсынысымызды қарастыратын болса, ризашылығымызды білдіретінімізді анық байқаттым.
Біріншіден, бұл FM жиілігінде хабар тарату мүмкіндігі. Біз осы елдегі үлкен аудиторияны қамтымақ ойдамыз. Екіншісі, Қазақстанда қоғамдық теледидарды құруда әріптес болу немесе оған қатысу мүмкіндігі.
Үшіншісі, журналистер үшін аймақтық тренинг орталығын ұйымдастыру мәселесі. Жергілікті ынтымақтасу аясында үкіметке осы үш ұсыныс немесе өтініш жасалды. Және премьер-министр де ашық-жарқын ниетте болды.
«ҚАЗАҚСТАНДА СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ МӘЗ ЕМЕС»
– Жергілікті журналистермен кездесу барысында Қазақстандағы сөз бостандығы жайында қандай әсер алдыңыз?
– Өкінішке қарай, Қазақстандағы сөз бостандығы жағдайына керемет деген баға бере алмаймын. Және бұл жағдай журналистерге байланысты емес. Мен кездескен журналистер өте байсалды, кәсіби және көп жағдайда шығармашыл екен.
Менің бұлай деп баға беруім үкіметтік қадағалау мен еркін баспасөзге қырын қарайтын заңнамалармен байланысты. Вашингтон мен Нью-Йоркте орналасқан байсалды «Фридом Хауз» халықаралық ұйымы елдердің баспасөз бостандығына байланысты рейтингін даярлайды.
Олардың берген бағасы барынша әділетті, адал және объективті деп есептеледі. Егер сіз Қазақстанның рейтингіне қарайтын болсаңыз, баспасөз бостандығы бойынша бұл елдің, өкінішке қарай, алғашқы ондыққа да, жиырмалыққа да, отыздыққа да енбейтінін байқайсыз.
Баспасөз бостандығы тұрғысынан қарағанда Қазақстан рейтингтің төменгі жағында тұр. Бірақ осы жерде біздің әріптестеріміз – Азаттық радиосының журналистері кеңістіктің ашылуына орасан үлес қосып жатқандықтарыңыз үшін қуанамыз. Бұдан да үлкен еркіндік үшін уақыт қажет.
– БАҚ-тарда жарияланып жатқан даулы материалдар жайында қоғамда көп пікірталас болды. Мысалы, «Уикиликске» қатысты жағдай. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев жоғары шенді шенуніктердің өмірлерінің өзгеше қырын ашатын телефон әңгімелерін интернетке жариялаған кезде «Рахатгейтке» қатысты осындай проблема болған.
Биліктегілер мұндай материалдарды құпия ақпараттарға жатқызады. Бірақ, баспасөз оны қоғамға жеткізу қажет деп есептейді. «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының журналистері қандай принципті ұстанулары қажет?
– Бұл журналистер үшін қиын, маңызды мәселе. Менің жеке пікірім мынадай, қалай болғанда да жария шенеуніктердің жеке өмірлері принципті түрде жеке өмір болып қалуы керек.
Бірақ, қандай да бір жеке бас өмірі туралы мәлімет жалпы қоғамға, қоғам сеніміне ықпал етсе, осы сенімді сатып кетсе немесе әңгіме қызмет жағдайын немесе халық қаржысын пайдалану жайында болса, онда оны жарыққа шығару қажет. Мен үшін бұл айқындағыш сипат болып табылады.
«ӨТЕ ӘДІЛЕТТІ ЖӘНЕ СЫНШЫЛ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК»
– Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығын аяқтағаны белгілі және сіз Астанада ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы бойынша өкілі Дуня Миятовичпен кездестіңіз. Саммит қарсаңында ол Қазақстанды сынға алды. Ол елде адам құқы, сөз бостандығы саласында кемшіліктердің болып жатқандығын, баспасөзге қысымның жалғасып жатқандығын атап өтті. Төрағалықтан соң Қазақстан ЕҚЫҰ алдында алған міндеттемелерін орындайтын болар деген үміт білдірді ол.
Сонымен бірге, 2013 жылы бұл ұйымға Украиннаның төрағалық жасағалы отырғанын білдік. Бұл ел де саяси тұрақтылық жағынан аса ерекшеленіп тұрған жоқ. ЕҚЫҰ-на кіретін елдердің энергетикалық қауіпсіздігі үшін бұл ұйым өз принциптерінен тайып, Қазақстан, Украина сияқты елдердегі сөз бостандығы мен адам құқына қатысты кемшіліктерге көз жұма қарап отыр деген сезім пайда болмайды ма?
– Жоқ деп үміттенемін мен. Біз негізгі бостандықтар, адам құқығы және баспасөз бостандығы туралы айтқан кезде, менің ойымша, Қазақстанға көңіліміз толмай қалады. Әлбетте, бұл бір тамаша ұлт, һәм мемлекет. Бұл ел ұлттар қауымдастығында өзіне лайықты орын тапқысы келеді. Бұған қол жеткізу үшін сіздерде мұнайдан да артық әлдене болуы керек. Сіздер заңның жоғарылығы мен адам құқығына сәйкес өздеріңізді ықыласты, мейірбан түрде ұстауларыңыз керек.
Премьер-министрмен кездесу барысында талқылаған мәселелердің бірі – шынайы өмірмен байланысты үзіп алу әлемдегі кез-келген елдің басында бар. Біз артымызға жалтақтамай, тек алдыға қарауымыз керек. Біз қазақ үкіметінен баспасөз бостандығын қамтамасыз ететін нақты қадамдар жасауын сұрауымыз қажет. Жағдай жақсаруы да, нашарлауы да мүмкін, бұл спецификалық мәселе.
Және оның үстіне біз адам құқығы және баспасөз бостандығы жайында айтқан кезде, ең соңында үкіметке сенім білдіру дәрежесін анықтаймыз. Бұл өте қиын шығар, бірақ халық үкіметке сенім білдірген жағдайда ол ашық болады. Егер қоғам үкіметке сенім білдірмесе, үкімет қоғамды үнемі бақылаумен болады.
Бірақ, менің ойымша, АҚШ және «Азат Еуропа/Азаттық радиосы», диалогқа дайын болуымыз керек, өте әділетті және сыншыл болуымыз қажет. 2011 жылы [Қазақстан үкіметімен] қарым-қатынас біршама жақсарады деп ойлаймын. Ал 2010 жылы аздап көңіл қалдырған жайттар болды.
– Сұқбатыңызға рақмет.
Джеффри Гедминнің сұқбаты жазылған видеодан үзіндіні қараңыз: