Accessibility links

Қазақстанда сотқа SMS арқылы да шақырады


SMS хабарлама оқып тұрған адам. (Көрнекі сурет)
SMS хабарлама оқып тұрған адам. (Көрнекі сурет)
Қазақстанда қыркүйек айынан бастап азаматтарды сотқа ұялы телефоннан SMS (қысқа хабарлама) жіберу арқылы шақыра бастайды.

Жоғарғы сот өкілінің айтуынша, жоғарғы сот төрағасының бұйрығына сәйкес, бұл жоба әуелі бір ай бойы сынақ ретінде жүргізіліп көрмек.

«SMS ЖЕТПЕСЕ, ҚАҒАЗ ШАҚЫРТУ ЖІБЕРЕМІЗ»

Сұқбаттасымыздың сөзіне қарағанда, азаматтардың ұялы телефонына түсетін SMS хабарламада соттың өтетін күні, мекен-жайы жазылады.

– Бұл сотқа дайындықты жеделдетеді. Қажетті кезде іске қатысушылар, сонымен бірге куәгерлер, сарапшылар, мамандар, аудармашылар телефонына қысқа мәтінді хабарламалар алу арқылы сотқа шақырылуы мүмкін, – деді Азаттық тілшісіне сұхбат берген, есімін атамаған жоғарғы сот өкілі.
Қазақстанның жоғарғы сотының ғимараты. Астана, 17 қазан 2011 жыл.
Қазақстанның жоғарғы сотының ғимараты. Астана, 17 қазан 2011 жыл.

Жоғары сот өкілінің айтуынша, «Шағым беруші сотқа арыз тастаған кезде міндетті түрде ұялы телефонын, үйінің мекен-жайын, т.б. мәліметтерді қалдырады Заңның инструкциясында сот қызметкерлерін процеске қатысушылардың телефонын алып қалу туралы талап бар. Бұл заңда көрсетілгендіктен сотқа шақырылатын адамның SMS арқылы құлағдар болу-болмауға келісімі қажет емес».

«Егер абоненттің телефоны сөндірулі тұрса ше? SMS-хабарламаның жеткен-жетпегенін қайдан білесіздер?» деген сауалға:

– Егер телефоны сөндірулі тұрса, бізге міндетті түрде хабарлама келеді. Тіпті мұндай нәрсе қарапайым қолданушыларда да бар ғой. Егер біреуге жіберген SMS-іңіз жетпесе, «хабарлама жетпеді» деп келеді. Мұнда да сол сияқты, – деп жауап берді жоғарғы сот өкілі.

Ол «SMS жолдаған кезде процеске қатысушылардың мүмкіндігін ескеретінін» де айта кетті.

– Электронды хабарламаларды қолдану процеске қатысушыларды дәстүрлі тәсілдер қолданып шақырумен қатар жүзеге асырылады. Егер процеске қатысушылардың телефоны бар болса, SMS жіберуге мүмкіндік болса, онда жібереміз. Кейде кейбір адамдар телефондарын қалдырмай кетеді немесе канцелярия білмей қалады. Мұндай кезде шақырту қағаз жібереміз, – деді өкіл.

«БӘРІНЕ ОРТАҚ»

«Бұл қандай істерге қатысты?» деген сұраққа жоғарғы сот өкілі «Біз істерді азаматтық немесе қылмыстық, әкімшілік деп бөліп отырған жоқпыз. Бұл бәріне ортақ» деп жауап берді.

Бұл жоба жайында пікірлерін білмек болып, Қазақстандағы бірнеше сотқа хабарластық.

Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық Бостандық сотына хабарласқанымызда телефон тұтқасын алған сот қызметкері:

– Мұндай жүйе, білуімше, тек азаматтық істерге ғана қатысты. Біздің қатысымыз жоқ, – деп жауап берді.

Маңғыстау облыстық соты баспасөз қызметінің айтуынша, қазір бұл жобаны жүзеге асыру үшін дайындықтар жүріп жатыр.
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

«Пилоттық жобаны ағымдағы жылдың қыркүйек айының 1-і мен 30-ы күндері аралығында «Қазақтелеком» көмегімен және сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесін қолдану арқылы жүзеге асыру көзделуде» деп жазылған баспасөз қызметі жіберген хабарламада.

Бұған дейін Орал қалалық сотында және Солтүстік Қазақстан облыстық сотында осындай жоба басталатыны туралы ақпарат шыққан.

– Адамдар шақырту қағазын алмағандықтан сотқа келмейтіні белгілі. Бұл проблеманы ұялы байланыстың көмегімен шешеміз деп үміттенемін. Бұрын шақырту қағазын жеткізумен еңбек биржасындағы адамдар айналысатын, – деді журналистерге Орал қалалық сотының төрағасы Ғалымжан Ищанов.

«ТЕЛЕФОНЫМДЫ ЖОҒАЛТЫП АЛСАМ ҚАЙТЕМІН?»

Бұл жоба Орал қалалық сотында жүзеге асатыны туралы ақпарат жарияланған кезде интернет-қолданушылар әртүрлі пікір айтты.

«Бұл сандырақ қой! Егер аяқ астынан телефонымды жоғалтып алсам немесе байланыс аясынан тыс жерде болсам немесе техникалық себептерден SMS жетпесе ше?» деп сұрайды «Ақтөбелік».

«Қонақ» есімді оқырман өзінің хабарламаны алған-алмағанын соттың қалай дәлелдей аларына қызығады.

«Егер телефоным сөндірулі тұрса ше? Өз телефоным болғандықтан оны қалаған кезде өшіремін, қалаған кезде қосамын. Ал оператор клиенттің коммерциялық құпиясын сақтауға тиіс. Бұл – қандай да бір электронды әрекет электронды қол қойған кезде ғана жарамды болғанымен пара-пар, дәлелдей алмайтын нәрсе. SMS-тің құжат екені қай жерде жазылған?» дейді ол.
Соттан қашып жүрген адамға бұл тиімді болады. «Телефон сөніп тұрды» немесе «SMS-ті көрмедім» деген сылтау көбейеді. Бұл жерде түйткіл көп.

Нұржан Сәдірбекұлы есімді белсенді интернет-қолданушының ойынша, «бұл – сотқа барғысы келмейтін азаматтар үшін сылтауратуға жақсы мүмкіндік».

– Соттан қашып жүрген азаматтарға бұл жоба тиімді болады. Өйткені «телефоным сөніп тұрды» немесе «SMS-ті көрген жоқпын» деген сияқты сылтаулар көбейе түседі. Бұл жерде түйткіл өте көп. Мысалы, адам алыста, телефон байланыс жоқ ауылда жүрсе қайтеді? Жауапкершілігі мол адам үшін сот жайлы білмей, бармай қалу орны толмас шығын ғой, – дейді ол.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG