Бұл – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция президенті Франсуа Олландтың соңғы үш жылдағы бесінші мәрте кездесуі. Назарбаевтың сапары Қазақстан, Ресей және Украина БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовті экстрадициялауға тырысып жатқан және 2010 жылы Франция Қазақстанға сатқан 45 тікұшақ төңірегіндегі жанжал әлі бәсеңдемей тұрған тұста өтті.
Назарбаевтың Франция президентімен өткізген келіссөздері қортындысында ауыл шаруашылығы, машина жасау, химиялық индустрия, энергетика және ғарышты игеру салаларында ынтымақтастық орнату жайлы келісім жасалған. Сапар кезінде Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясына қатысып, Францияның іскер адамдарымен кездескен.
Әйткенмен үлкен қызы Дариғаны ертіп барған Лондон сапарымен салыстырғанда, Назарбаевтың Францияға сапарына ақпарат құралдары онша көп назар аудармады. Беделі әрқилы бағаланатын Назарбаевты 4 қарашада Букингем сарайында Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия патшайымы екінші Елизаветаның өзі қабылдаған еді.
FINANCIAL TIMES ГАЗЕТІНДЕГІ МАҚТАУ
Назарбаев Лондонға келерден бір күн бұрын, қарашаның 3-інде Financial Times газеті «Блог» айдарында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бізге дауыл төніп келе жатыр, сондықтан Қазақстан мен Ұлыбританияның бұрынғыдан гөрі тығыз байланыс орнатуы – өмірлік маңыздылық» деген мақаласын жариялады. Онда Назарбаев «көптеген елдер үшін 2008-2009 жылдың дағдарыс зардаптары алдағы экономикалық қиындықтар ауқымының көлеңкесінде қалатын түрі бар», сондықтан орны толмайтын зардаптарға қарсы алдын ала әрекет ету қажет деп жазады. Сонымен қоса ол жаһандану заманында «ешбір ел бұл қиындықтарды жалғыз еңсере аламын деп үміттене алмайды» деп көрсеткен. Оның пікірінше, бұл «ескі стереотиптерден арылуды немесе Шығыс пен Батыстың бірін өтірік таңдаудан бас тартуды» білдіреді.
Назарбаев сонымен бірге мақаласында Ресей және Қытаймен тату көрші екенін ескерткен, бірақ Қазақстан АҚШ және Еуропа елдерімен «сауда-саттық пен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға бел байлағанын» да атап көрсеткен. Оның пікірінше, «Қазақстанның әлемнің маңызды бөліктерінің арасындағы дәнекерлік рөлін» оның Ұлыбританияға сапары айқын көрсеткен.
Бұдан әрі президент елдің тәуелсіздік жылдары жеткен прогресс туралы жазады. Ол мақаласын «келешекке әрдайым әріптестерімізбен бірге көз тігіп, модернизация, инвестиция, сауда-саттық пен ынтымақтастықты қолдай береміз» деген сеніммен аяқтап, бұл -«болашақтағы өркендеуіміздің кілті» деп түйіндейді.
Financial Times басылымы осы аптада жариялаған «Қазақстан дағдарысқа қарамастан жекешелендіруге қатысты амбициялық жоспарын жариялады» және «Қазақстан экономикалық қатерлерді қарқынды белсенділігі арқылы ауыздықтап отыр» деген екі мақаласы да осы сарындағы мақтауға толы.
БАСҚА ГАЗЕТТЕГІ СЫН
Ұлыбританияның басқа бір танымал басылымы Guardian газеті Лондон сапарына орай Назарбаевты мақтаған комментарийлерден тартынып, оған Қазақстандағы адам құқығына қатысты ахуалды сынаған екі мақала арнапты. Оның бірі «Қазақ президенті Ұлыбританияға екі күндік сапармен келеді» деп аталады, ал екінші мақала авторларының көзқарасын «Ұлыбританияда қазақ басшысын құшақ жая қарсы алудың қажеті жоқ» деген тақырыбынан байқауға болады.
Соңғы мақалада «Қазақстанмен тығызырақ байланыс орнатудан Ұлыбритания бизнесі ұтуы мүмкін», бірақ бұл диктатураны нығайта түсу арқылы елдегі кедейлікті көбейтіп, репрессияны күшейтуге көмектеседі деп жазылған.
Автор мақаласын «британдық құндылықтарды» тарату жайлы сөз еткенде Дэвид Кэмерон мен Джордж Осборн осыны еске ала ма екен?» деген сауалмен түйіндеген.
Express газеті президент Назарбаевты Эдинбург пен Йорк герцогтарымен бірге көл-көсір салтанатпен қабылдағаны үшін екінші Елизавета патшайымның өзін де қатты сынға алған. «Патшайым Эндрюдің үйі үшін туысы 3 миллион фут артық төлеген қазақ диктаторымен бірге түскі ас ішті» деген тақырыппен жарияланған әлгі мақала да алдыңғы екі мақаладағы сияқты, Назарбаевтың режимін диктаторлық деп атап, оны айыптайды.
Басылым патшайымды «тақта отырған 63 жыл ішінде көбінесе министрлерінің ықтияр-қалауымен талай диктатормен кездесті» деп жазады басылым.
Бұдан кейін Назарбаев арасында жақында вице-премьер қызметіне тағайындалған үлкен қызы Дариға бар нөкерлерімен бірге Лондоннан Парижге ұшып кетті.
Мақаланы қазақ тіліне аударған - Айжан Оралғазина.