Accessibility links

«Бүкіл Ресейде жалғыз қазақ мектебі бар»


Новосибирск қаласындағы қазақтар айт мерекесін атап өтті. Ресей, 2010 жылдың қыркүйегі. (Көрнекі сурет)
Новосибирск қаласындағы қазақтар айт мерекесін атап өтті. Ресей, 2010 жылдың қыркүйегі. (Көрнекі сурет)

«Ресейдегі қазақтар баласының орысша оқығанын қалайды» дейді осы елдегі қазақ қауымы жайлы кітап жазған Серікқали Байменше. Автордың пікірінше, ресейлік қазақ оқушыларға ана тілін пән ретінде оқыту тиімді.

Жуырда дүниежүзі қазақтары қауымдастығына қарасты «Атажұрт» баспасынан Ресейдегі қазақтар туралы «Дәнекер» атты кітап жарық көрді. Кітап авторы – Қазақстан сыртқы істер министрлігі мемлекеттік тіл басқармасының басшысы, зерттеуші Серікқали Байменше.

Бұған дейін Ресейде бірнеше жыл дипломатиялық қызмет атқарған Байменше ол елдегі қазақ диаспорасының тарихы мен мәдениетіне қатысты түйген ойларын ортаға салып, Азаттыққа сұхбат берді.

Азаттық: – Ресейдегі қазақтардың бүгінгі ұлттық-мәдени ахуалын қалай бағалар едіңіз?

Серікқали Байменше: – Ресей қазақтарының қазіргі жағдайы жаман емес деуге болады. Ол елде дипломатиялық қызмет атқарған кезімізде қоғамдық ұйымдар құрылып, кейін федералдық деңгейде үлкен ұлттық мәдени автономия
Зерттеуші Серікқали Байменше.
Зерттеуші Серікқали Байменше.
болып бірігіп, орталығы Самарада ашылды. Қазір барлық жұмыс федералдық мәдени автономия арқылы жүзеге асып отыр. Жалпы, тіл мәселесі де қолға алынды.

Азаттық: – Ресейдегі қазақ жастарының қазақ тілін меңгеру мәселесі қай деңгейде? Мысалы, ол елде қазақ тілді жалғыз ғана шағын орта мектеп бар екені белгілі. Оның өзі – шеткері Алтай өлкесі Құлынды ауданындағы Қаракөл орта мектебі.

Серікқали Байменше: – Ресейдегі қазақ мектебінің жалғыз екені, шағын мектеп екені рас. «Мәскеуден, Санкт-Петербургтен, ірі қалалардан қазақ мектебін ашайық» деген сөз көп айтылады. Бірақ ашқанымызбен сол мектеп бүгінгі талапқа сай бола қоя ма, балаларын мектепке беретін ата-ана табыла ма? Сонымен қатар орыс мектептерінде қазақ тілін тереңдетіп оқыту туралы ұсыныстар болды. Мәселен, Челябинск облысындағы қазақтар мекен ететін өңірлердегі мектептерде қазақ тілін пән ретінде енгізу бастамасы қолға алынған. Қазіргі жағдайда мектеп ашудан гөрі осындай тәжірибені көбірек жетілдіру керек.

Азаттық: – Ресейде қазақ мектептерін ірі қалаларда емес, қазақтар көп тұратын Орынбор, Омбы мен Астрахан сияқты облыстарда ашуға болмай ма?

Серікқали Байменше: – Ол жерлерде қазақ мектебін ашуға мүмкіндік бар. Тек оған Қазақстан жағынан аздап қолдау керек. Бірақ Ресей қазақтарының бір ерекшелігі деуге болады – ата-аналар айтуын айтқанымен, баласының қазақшадан гөрі орысша оқығанын қалайды. Себебі өмір сүріп отырған мемлекеті Ресей ғой. Сол себепті кейде біздің айтқан идеямыз нақты іске аспай қалуы мүмкін.

Азаттық: – Ресейде қазақ жастарының мемлекеттік қызметке қамтылу жайы қалай?

Серікқали Байменше: – Қазақтар көп қоныстанған Астрахан облысында басшылық қызметте қазақ жігіттері өте көп. Губернатордың аппаратында басшылық қызметте отырғандар да бар.

Азаттық: – Ал мемлекеттік деңгейде қызмет атқаратын қазақ жастары бар ма?

Серікқали Байменше: – Ондайды естіген жоқпын. Тек аудан, облыс деңгейінде басқарып жүрген жігіттер бар. Бірақ бұл ұлттық ерекшелікке қатысты емес.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.
XS
SM
MD
LG