Accessibility links

Прокурор жігіт пен прокурор әйелдің төбелесі


Бұрынғы прокурор Бибігүл Әбдірахымова. 2015 жылдың желтоқсаны.
Бұрынғы прокурор Бибігүл Әбдірахымова. 2015 жылдың желтоқсаны.

Жұмыс кезінде бірін-бірі балағаттап, төбелескен екі прокурордың (бірі – әйел, екіншісі – ер адам) кейінгі тағдыры екі түрлі. «Жәбірленуші» әйел «жәбірлеушіні» соттатуға тырысып жүр, әзірше онысынан түк шықпаған.

Жақсы жұмыс істегені үшін алған грамоталары мен наградаларын көз жасын әрең ірке отырып көрсеткен Алматы облысы Талдықорған қаласында тұратын 47 жастағы бұрынғы прокурор, юстиция майор Бибігүл Әбдірахымова «әріптесімнің бетіме тиген соққысынан кейін ушыққан жанжалдың кесірінен қызметімнің шырқы кетті» дейді. Ол «Қазақстанда өз құқығыңды қорғау қандай қиын екенін жұмыссыз қалып, әділдік іздеген кезде ғана түсінгенін» мойындайды.

Куәгер Эльмира Мұқашева. Алматы облысы, 2015 жылдың желтоқсаны.
Куәгер Эльмира Мұқашева. Алматы облысы, 2015 жылдың желтоқсаны.

Бибігүл Әбдірахымованың айтуынша, бұл қырсық 34 жастағы бөлім бастығы, юстиция капитаны Айдос Жұмағұлов оған Талдықорған қалалық прокуратурасы мүлкін тізімдеп, инвентаризация жүргізуді тапсырған 2013 жылдың қарашасында басталған. Бұрынғы прокурор әйел «оған тізімді бірнеше мәрте апардым, бірақ бастығым жұмысымды негізсіз сынай берді, ақыры екеуміздің арамызда жанжал туып, ол маған қол жұмсауға дейін барды» дейді. Кейін жүргізілген тергеу «екі прокурор төбелескен» деген ресми ұйғарым шығарған, яғни екеуі бірдей кінәлі деп танылған. Бірақ Бибігүл Әбдірахымова «әлгі оқиға төбелес емес, мені әріптес жігіт ұрды, соққыға мен ғана жығылдым» дейді.

- Ол әуелі мені балағаттай бастады, сосын бетімнен жұдырықпен қойып қалды. Ауруханаға барып, сот-медициналық сараптама өткізуге тура келді. Құжатта «денсаулығына жеңіл зақым келген» деп жазылған. Бірақ ең бастысы тіпті бұл да емес. Менің пікірімше, мүлікті прокуратура қызметкері емес, шаруашылық меңгерушісі тізімдеуі тиіс. Менің міндетім - тергеу амалдарын бақылау, - дейді Бибігүл Әбдірахымова.

Стажер Эльмира Мұқашева әлгі оқиғаға амалсыз куә болған.

- Екеуінің арасында керіс басталған кезде жандарында мен болдым әрі прокурор жігіттің оны қалай боқтағанын естідім. Жанжал басталған сәтте үстелдің астына еңкейіп, инвентарлық нөмірін жазып жатқанмын. Ал басымды көтерген кезде прокурор жігіттің соққысынан әйелдіңұшып кеткенін көріп қалдым, - деп еске алады Эльмира Мұқашева.

Қадағалау органы қызметтік тексеру жүргізіп, екеуінің де қызметін төмендетіп, өздерін «жер аударған». Алматы облысы прокуроры Ғабит Миразовтың қолы қойылған бұйрықта «Әбдірахымова Б.А. облыс прокуратурасына қарасты 5-ші басқарма басшылығымен бұрын да жанжалдасқан» деп көрсетілген.

Алматы облысы прокуроры Ғабит Миразов.
Алматы облысы прокуроры Ғабит Миразов.

Айдос Жұмағұловқа Ақсу аудандық прокуратурасында қарапайым қызметкер ретінде жұмыс істеу ұсынылған, ол қазір Талдықорғанға қызметі өсіп, қайта оралған. Ал Бибігүл Әбдірахымованы облыстың ең шеткі ауданы Балқашқа жіберген. Бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартып, прокуратурадан жұмыстан шығып кеткен. Бибігүл Әбдірахымова әділдік іздеу жолына түсіп, жәбірлеушісін қаталырақ жазаға тарттыруға тырысып жүр, бірақ бұл әрекетінен әзірше ештеңе шықпаған.

«СОТҚА БЕРУГЕ ТЫРЫСТЫМ»

Биыл көктемде Бибігүл Әбдірахымова моралдық зиянның өтемақысы ретінде Айдос Жұмағұловтан үш миллион теңге өндіріп алуға тырысқан. Ол облыс прокурорының «прокуратурада бұрын да жанжал шығарған» деп айыптаған бұйрығына қатысты да шағымданбақ.

- Жұмағұловтың үстінен Ақсу аудандық сотына жүгіндім. Бірақ олар талап-арызымды қараудан бас тартты. Қазір ол облыстық прокуратурада басқарма бастығы болып жұмыс істеп жүр. Сондықтан желтоқсанда Талдықорған қалалық сотына талап-арыз бердім, - дейді Бибігүл Әбдірахымова.

Бұрынғы прокурор әйел «Әлем» үкіметтік емес ұйымынан кеңес сұраған. Азаматтық белсенділер «жұдырықтасу» ісінен жыныстық кемсітушілік белгілерін байқап, оған жергілікті феминист әйелдердің көмегіне жүгінуге кеңес берген. «Әлем» ҮЕҰ төрайымы Гүлнәр Мұқанова:

«Әлем» ҮЕҰ төрайымы Гүлнәр Мұқанова. Алматы облысы, 2015 жылдың желтоқсаны.
«Әлем» ҮЕҰ төрайымы Гүлнәр Мұқанова. Алматы облысы, 2015 жылдың желтоқсаны.

- Бүкіл прокуратура әлгі жас прокурорды қорғаштап әрі фактілерді оның пайдасына бұрмалап отыр. Тексеру жүргізген прокурорлар мен тергеушілер Әбдірахымованың «мінезі шатақ әрі төбелесті бірінші бастаған» деп бұра тартады. Тіпті «оның өзі бірінші болып ұрғанын әрі тепкенін» көрген куәгерлер де табылған, - дейді.

Талдықорған сотына Бибігүл Әбдірахымованың талап-арызына қатысты жолдаған қарсылығында прокурор Айдос Жұмағұлов «Тәртіптік комиссия шешімі негізінде қызметімнен босатып, әлгі қылығым үшін мені тәртіптік жауакершілікке тартқан. Оның үстіне, Б.А. Әбдірахымованың маған шара қолдануды сұрап жүгінген арызын қараған облыстық ІІД әлдебір заңсыздықты таппай, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдады» деп жазады.

Прокуратура қызметкерлерінің ар-ождан кодексінде қадағалушы орган қызметкерлері «моральдық-психологиялық тұрғыдан ұстамды және төзімді болуға, субординацияны сақтауға, әріптестерімен тілектестік қарым-қатынаста жүруге, азаматтар және заңды тұлғалармен қарым-қатынас жасауда сыпайылық пен ұқыптылық танытуға» деп көрсетілген. Оларға қоғамда жағымсыз пікір тудыратын әрекеттерге жол бермеуге және прокурор беделіне нұқсан келтіретін мінез-құлықтан аулақ болуға кеңес беріледі.

XS
SM
MD
LG