Азаттық тілшілерінің көлігі Алматының іргесіндегі Жаңа Шамалғанға жалғаса қоныс тепкен ауылға кіре бере сазға батып қалды. Көлікті шығара алмай әуре болып жатқанда «Мына ми батпаққа машинамен кіргендеріңе қарағанда адасып жүрген адамсыңдар ғой» деп, анадайдан сөйлей келген азаматтың аты-жөні Әлішер Сағиев екен.
БАТПАҚҚА БАТҚАН АУЫЛДАҒЫ 500 ОТБАСЫ
– Ауыл адамдары бұл жаққа машинамен кірмейді. Ауылдың шетіндегі үйлердің жанына қойып, ары қарай үйлеріне жаяу кетеді. Шамасы келгендер ақшасын төлеп ауласына кіргізеді. Келмегендері құдайға тапсырады, – дейді Әлішер Сағиев.
Оның айтуынша, ауыл адамдары өткен жылдың күзінде 20 мың теңгеден ақша жинап, орталық бір көшеге тас төсеген екен. Бірақ биыл сол төсеген тастары түгел жерге сіңіп кетіпті.
– «Жол жасап бер» деп әкімге өтініш айтқан едік, «үй басына 20 мың теңгеден жинаңдар» деді. Оған бірінің шамасы келсе, екіншісінің шамасы келмейді ғой. Осы ауылда 500 отбасы тұрады. Барлығы – Қарақалпақстаннан қоныс аударған оралмандар, – дейді Әлішер Сағиев.
Әлішердің өзі де 2006 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келген. Мамандығы – механик. Екі баласы бар.
– Бәрінен де балаларға қиын. Қосымша аяқ киімдерін мектепке көтеріп барып, көтеріп қайтады. Мына сазға резина аяқ киімнен басқа ештеңе шыдамайды. Ал резина етіктің өзі кем деген де 2000 теңге тұрады, – дей келе, өзінің де сондай бір етікті машинасына салып жүргенін айтты.
Ол бұған дейін базарда сауда жасаған екен. Соңғы кездері саудасы мүлдем жүрмей, екі айдан бері таксист болып кетіпті.
– Міне, машинамызды осылай қалдырып кетеміз. Өзімдікі де емес. Таксопарктен жалға алғанмын. Күндік план – 6 500 теңге. Егер алда-жалда тонап кетсе, не істерімді білмеймін, – дейді Әлішер Сағиев жол жиегінде тұрған көлігін көрсетіп.
Сабақтан қайтқан оқушылардан басқа ауыл арасында жүрген адам да, артық-ауыс көлік те көрінбеді.
Әлішермен сөйлесіп тұрғанымызда 13-14 жасар оқушы жанымыздан өтіп бара жатты. Сабақтан қайтып келе жатқан ол баламен тілдес болып едік – алды-артына қарамай тұра қашты.
– Осыдан бір жыл бұрын осы ауылдың ішінен үшінші сыныпта оқитын қыз бала жоғалып кетті. Кешке сабақтан шығып ауылдың шетіне дейін келгенін сыныптастары көрген. Бірақ үйіне кірмеген. Осы күнге дейін не мүрдесі, не дерегі жоқ. Сондықтан балаларға бейсауат адамдармен сөйлеспеуді тапсырамыз. Мүмкіндік болса, өзіміз сабақтан алып қайтуға тырысамыз, – дейді Әлішер Сағиев.
ЖЫЛ САЙЫН АУЫСАТЫН ӘКІМ
Әлішердің айтуынша, «ауыл әкімі жыл сайын ауысып отырады».
– Жылына бір әкім келеді. Соның салдарынан ауыл тұрғындарының өтініші аяқсыз қала береді. Әйтпесе мына тұтас бір ауылдың түскеніне жеті жыл болды. Не ауыз су жоқ, не жол жоқ. Светті өзіміз өйтіп-бүйтіп тартып алдық, – дейді Әлішер.
Азаттық тілшілері ауыл әкіміне де кіріп шықты.
– Иә, онысы рас, ауылдың іші батпақ. Жол салуға еш мүмкіндік жоқ. Себебі ол жер түгелімен батпақ. Кем дегенде жарты метр биіктікте тас-құм төсеу керек. Сонда ғана ол отырып-отырып, қалыпқа келеді, – дейді Жаңа Шамалған ауылының әкімі Бақытбек Жаншырынов.
Әкім өзінің бұл қызметке келгеніне жарты жыл ғана болғанын айтты. «Маған дейін де талай әкім келіп кеткен. Көптен бері шешілмей, күрделеніп келе жатқан мәселе» дейді ол.
Ауыл әкімі жол салу үшін ауыл тұрғындарынан ақша жинағандарын жоққа шығармады.
– Жолға тас-құм төсеу үшін халықтан ақша жинағанымыз рас. Бірақ 20 мың емес, 2-3 мың теңге ғана. Оны да толық бере алмады, – дейді әкім.
Әкімнің айтуынша, биыл бір көшенің бойына жаяу жүргіншілер үшін тас төсемек екен.
– Ұзындығы бір шақырым болатын Титов көшесіне тротуар жасау үшін плиталарды әкеліп қойдым. Менің қолымнан әзірге келіп отырғаны осы ғана, – дейді Жаңа Шамалған ауылының әкімі Бақытбек Жаншырынов.
Әкім ол тротуардың қашан төселіп бітетінін айта алмады.
«АЮДЫҢ ТІРЛІГІН КЕШКЕН» АУЫЛДАҒЫ ЕКІ МЫҢ АДАМ
Жаңа Шамалған ауылының күнбатысында ірге тепкен келесі бір ауылдың ресми түрде атауы да жоқ екен. Бұрын саяжай болған бұл маң қазір тұтасымен елге толған. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде шамамен 2 мың адам тұрады. Бұл ауыл да тұтасымен оралмандар екен.
– Саяжай деген аты болмаса, бұл тұтас ауыл. Менің бұл жерде тұрғаныма алты жыл болды. Осы уақытқа дейін «бұл жерде де адамдар тұрады екен ғой» деп келген бір басшыны көрмедік. Тіпті Қазақстанға келгелі сайлауға да қатыспайтын болдық, – дейді Мұрат есімді азамат.
«Атажұртқа келгелі өгей ұлға айналдық. Саяжайға тіркеуге алмайды. Ал тіркеу болмаған соң жұмыс та жоқ» деген уайымын айтқан тұрғынның аты Ғарифолла екен. Ол Қарақалпақстанда жолсерік болып қызмет етіпті.
– Осы ауылдың еркек кіндіктілерінің тең жартысы аюдың тірлігін кешіп жүр. Күн жылына салысымен құрылысқа, анда-мында жұмыс іздеп кетеміз де, қыс түскенде үйге келіп тығыламыз, – дейді Ғарифолла.
2 мың адам тұратын бұл ауылдың балалары 10 шақырым жердегі Шамалған ауылындағы екі мектепке жаяу-жалпы барып оқиды екен.
– Осы ауылдың балаларының өзі бір мектепті құрайды. Бір мектепке сыймаған соң екі мектепте бөлініп оқып жүр. Ал алда-жалда ауыра қалсақ қайда барарымызды білмейміз. Қаскелең мен Жаңа Шамалғандағы ауруханалар «Бізге қарамайсыңдар» деп қабылдамайды, – дейді Ғарифолла.
Азаттық тілшілері саяжайға барар жолда өткен-кеткен көлікке қол көтеріп, тұрған бірнеше баланы ала кетті.
– 20-мектепте оқимын, атым – Жансая. Кейде ағалар тегін ала кетеді. Кейде 100 теңге береміз, – дейді оқушы бала.
Жансая күнде осылай өткен-кеткен көлікке мініп, мектепке қатынайтынын айтады.
Бұл саяжай Қарасай ауданының аумағында орналасқанымен, Іле ауданы әкімшілігіне қарайды екен.
Іле аудан әкімінің орынбасары Ерболат Тұрымбетовке барып, саяжайдағы ауыл туралы айттық.
– Қандай ауыл? Қандай? Қай жерде орналасқан? – деп таңырқап, Азаттық тілшісінің өзінен сұрады әкімнің орынбасары. Содан соң: – Бұл іспен Қанат Хасенов айналысады. Соған барыңыздар, – деп шығарып салды.
Іле аудандық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Қанат Хасеновтің айтуынша, олар «саяжайға ауылдық статус берілмегендіктен ештеңе істей алмай» отыр.
– Қоғамдық көлік жүргіземіз бе деп екі мәрте тендер жариялағанбыз, бірақ ешкім қатыспай қойды. Ол саяжай Жаңа Шамалғаннан 17 шақырым қашықтықта орналасқан Междуреченск ауылдық округіне бағынады. Саяжайдан 500 бала мектепке барады. Бірақ олардың барлығы Қарасай ауданының мектептеріне баратындықтан біз ешқандай автобус бөліп бере алмай отырмыз. Ал Междуреченскінің мектебі қашық. Шығын екі есе болып кетеді, – дейді Қанат Хасенов.
Қанат Хасенов «саяжайларға ауылдық статус берсе ғана көмек көрсете алатындарын», әйтпесе «үкіметтен қашан шешім шыққанша солай тұра беретінін» айтты.