Accessibility links

Алматының кейбір мектептері қайта жөндеуді қажет етеді


Алматыдағы №111 мектеп-гимназиясының құлаған шатыры. Алматы, 18 қаңтар 2013 жыл.
Алматыдағы №111 мектеп-гимназиясының құлаған шатыры. Алматы, 18 қаңтар 2013 жыл.

Алматының кейбір мектептерінің шатыры опырылып ортасына түсіп жатыр. Тексерудан анықталғаны - ғимараттар сапасыз жөнделген.

Алматыдағы №111 гимназияның 4-сынып оқушысы Кирязь Мусаев мектеп асханасының шатыры құлап түскенін айтты.

«ТӨБЕСІ БАР ДА, ШАТЫРЫ ЖОҚ»

- Шатыр Жаңа жыл мерекесінен кейін құлады. Қазір асхананың төбесі бар да, шатыры жоқ. Бірақ біз асханада тамақтанып жүрміз, - дейді бала.

«АГС Пласт» компаниясының Марат деген жұмысшысы:

- Жазым болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Шатырдың қираған аумағы - 450 шаршы метр, қазір «АГС Пласт» компаниясының он жұмысшысы екі техниканың көмегімен жабындыларды ашып жатырмыз. 1966 жылы салынған гимназияның бір қабатты ғимаратының шатыры профматериалмен және металлошифермен жабылған - дейді.

№111 гимназияның директоры Үмітжан Матақова «Алматы қаласы білім басқармасынан сұраңыздар» деп Азаттық тілшісінің сауалдарына жауап бермеді.

- Асхананың ескі шаруашылық бөлмесінің темір жабындысы иіліп кеткен. Комиссия шаруашылық ғимаратының бұл бөлігін алып тастауды ұйғарды. Оны осыдан 20 жыл бұрын тұрғызыпты. Оның жеңіл қаңқасы иіліп, асхананың жаңа бөлігін де іле кеткен, - дейді Алматы қаласы Әуезов аудандық білім беру бөлімінің бастығы Айгүл Нүспекова.

Нүспекованың айтуынша, балалар бұрынғысынша асханада тамақтанып жүр.

«ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ САБАҒЫ БОЛМАЙДЫ»

Алматының Медеу ауданында да осындай жағдай. Медеу аудандық прокуратурасы тексеру барысында аудан мектептеріндегі көптеген техникалық олқылықтарды анықтады.

- Медеу ауданының жеті мектебін тексердік. Бәрінің жағдайы мүшкіл. Күрделі жөндеуді қажет етеді, - дейді Медеу ауданы прокурорының көмекшісі Нұрдәулет Қарымсақов.
Алматыдағы №4 мектептің ғимаратындағы сызат. Алматы, қараша 2012 жыл.
Алматыдағы №4 мектептің ғимаратындағы сызат. Алматы, қараша 2012 жыл.

Оның айтуынша, 1939 жылы салынған ескі ғимарат пен 2006 жылы оған жапсарлас салынған қосымша бөлмелерде орналасқан №4 орта мектептің ескі ғимараты пайдалауға берілгелі толық жөндеуден өтпеген.

- Мектептің кәріз, су құбырлары жөнделмеген. Мектеп жыл сайын өз күшімен ішінара жөндегенімен, тозған коммуникациялық жүйені бүтіндей алмайды. Ғимараттың қабырғалары, төбесі, баспалдақ бойлары мен іргетасы жарылып кеткен, - дейді Нұрдәулет Қарымсақов.

- Былтыр №47 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, барлық коммуникациялық жүйе ауыстырылып, ғимараттың сейсмоқауіпсіздігі күшейтілді. Алайда күрделі жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілмеген, сапасы нашар, - дейді прокурордың көмекшісі.

Нұрдәулет Қарымсақовтың айтуынша, жөндеу жұмыстарының сапасына құрылыс компаниясы жауап беруі тиіс.

- Қазір компанияға заң талаптарын бұзуды жою туралы ұйғарым тапсырылды. Прокуратура «ПГС Виктория» серіктестігін мемлекеттік тапсырысты дұрыс орындамаған жауапкер деп тану туралы талап-арыз берді. Тексеру жүріп жатыр, - дейді Нұрдәулет Қарымсақов.

Азаттық тілшісі Медеу ауданы №33 мектепте де болды. Мектептің 2000 жылы тұрғызылған спорт залының төбесі опырылып ортасына түскен. Спортзалдың қабырғалары жылытқыш материалдары салынбай металл профильмен жабылған.

- Қыс мезгілінде спортзалда жаттыға алмаймыз, дене шынықтыру сабағы болмайды, - дейді №33 мектептің оқушысы Бекзат Тұрсынбек.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG