Accessibility links

Расул Жұмалы: Тәжікстанның ЕАЭО-ға мүше болуы күмәнді


Қазақстан мен Тәжікстан президенттері Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) пен Эмомали Рахмон (сол жақтан үшінші) келісімдерге қол қою шарасында. Душанбе,14 қыркүйек 2015 жыл.
Қазақстан мен Тәжікстан президенттері Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) пен Эмомали Рахмон (сол жақтан үшінші) келісімдерге қол қою шарасында. Душанбе,14 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстандық сарапшы Астана мен Душанбенің стратегиялық әріптестік келісімі Орталық Азияның қауіпсіздігі үшін маңызды екенін айтады.

Душанбеде ертең өтетін Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы (ҰҚШҰ) саммитіне барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, бірнеше құжатқа қол қойды. Олардың арасында Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық әріптестігі туралы келісім де бар.

Қыркүйектің 14-індегі келіссөз кезінде президент Назарбаев «Тәжікстан –ТМД-ның оңтүстіктегі қамалы» екенін айта келе: «Тәжікстан терроризм және экстремизммен күрестің өтінде тұр. Бұл ел Ауғанстанмен шекаралас. Соңғы оқиғалар сыртқы әсердің ықпалынсыз болмағанына сенімдімін» деді.

Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, стратегиялық әріптестік жайлы келісім жасауға екі елдің арасындағы бірнеше мәселе себеп болған.

Азаттық: – Астана мен Душанбенің арасындағы стратегиялық серіктестік қай салаларда маңызды болмақ?

Саясаттанушы Расул Жұмалы.
Саясаттанушы Расул Жұмалы.

Расул Жұмалы: – Тәжікстан – Қазақстанмен аймақтас әрі тағдырлас ел. Екі ел арасында аймақтық қауіпсіздік, Орталық Азиядағы су мен энергетика ресурстарын ұтымды пайдалану сияқты ортақ мәселелер бар. Сондықтан бұл мәселелерді шешу үшін стратегиялық әріптестік керек. Ең бастысы, бұл келісім – Ауғанстандағы террористердің Орталық Азияға енуіне, есірткі саудасына тосқауыл қоюға септігін тигізсе, бүкіл аймақ үшін үлкен жетістік. Алайда бұл стратегиялық әріптестік туралы келісімді тарихи оқиға деп бағалауға келмейді. Себебі Қазақстан Ресеймен, Қытаймен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен де дәл осындай келісімдерді бұрыннан жасасқан.

Азаттық: – ҰҚШҰ құрамындағы елдердің Тәжікстанның өзгесі (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей) – Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) да мүшелері. Болашақта Тәжікстанның да ЕАЭО-ға енуі мүмкін бе?

Расул Жұмалы: – Тәжікстанның ЕАЭО-ға ену ықтималдығы қазіргі қаржылық жағдайда қиын. Себебі Ресей Қырғызстан мен Арменияны бұл ұйымға тарту үшін көмек көрсеткені жасырын емес. Дәл қазір Ресей экономикасындағы дағдарысты ескерсек, Мәскеудің Душанбеге берер қаржысы жоқ. Сондықтан алдағы бірнеше жылда Тәжікстанның ЕАЭО-ға мүше болуы күмәнді.

Қазақстанның мүддесі тұрғысынан қарасақ, Тәжікстанның ЕАЭО-ға енуінен пайда шамалы.

Қазақстанның мүддесі тұрғысынан қарасақ, Тәжікстанның Ресей бастаған интеграциялық ұйымға – ЕАЭО-ға енуінен пайда шамалы. Себебі Тәжікстан – импорт және экспорты төмен кедей ел. Сондықтан Тәжікстанды [ЕАЭО-ға мүше] Қазақстан экономикасына пайдалы елдердің қатарына қоса алмаймыз.

Азаттық: – ЕАЭО-ға мүше Қазақстан мен ол одақта жоқ Тәжікстанның қарым-қатынасы бұл ұйым шартына сай келе ме? Бұл әріптестікте Ресейдің ықпалы қандай?

Расул Жұмалы: – Қазақстан мен Тәжікстан президенттері арасындағы әңгімеде бұл мәселе көтерілуі мүмкін. Ресейдің қазіргі мақсаты – бұрынғы Совет Одағы елдерін ЕАЭО-ға тарту және оны мейлінше тездету. Армения мен Қырғызстанның ЕАЭО-ға енуіне Ресейдің ұмтылысы жоғары болды. Ресейдің жоспарын жүзеге асыруда Қазақстанның да ықпалы бар. Демек, Ресей «Орталық Азия елдеріне Қазақстан арқылы шығу» стратегиясын қолдануы мүмкін.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG