Accessibility links

Шымкент мұғалімдері айлыққа картоп алғандарын айтты


Көкөніс базары. (Көрнекі сурет)
Көкөніс базары. (Көрнекі сурет)

Жергілікті кәсіподақ «ұжымдық келісім-шартта жазылмағандықтан бұл мұғалімдердің құқығын бұзу» десе, облыстық білім басқармасы оқиғаның «әзірге дәлелденбегенін» айтып отыр.

Осы аймақта таралатын жергілікті «Отырар» телеарнасының сайтында сәуірдің 10-ы күні «Төле би ауданының мұғалімдеріміз» деген азаматтардың атынан жазылған:

«Қазіргі кезде бізді нарық бағасынан жоғары бағамен шіріген картоп пен пиязды айлыққа алуды мәжбүрлеп отыр. Жалақының өзін бөліп-жарып, толық бермей жатқанына екінші айдың жүзі болды. Енді шіріген көкөністерді алуға мәжбүрлеп жатыр. Бас тартқандарға «жұмыстан шығарамыз» деп қоқан-лоққы көрсеткен» деген хабар жарияланған еді.

Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім болып істейтін Әлібек Сұлтанбеков осыдан екі күн бұрын мектеп әкімшілігінің мұғалімдерге картоп таратып бергенін, өзінің де 34 килограмм картоп алғанын растады.

– Нормальный картошка алдым. Бірақ арасында шірігендері де бар екен. Екі-ақ тонна келген бізге. Жеткенінше алды адамдар. Картошка арзан - базарда 70 теңге болатын болса, бізге 35 теңгеден беріп жатыр. Онда тұрған не бар екен? Бізге таратқан соң осы айлыққа ала салдым. Бұл бірінші рет. Бүкіл мектеп алып жатыр, – дейді Әлібек Сұлтанбеков.

«МҰҒАЛІМДЕР ӨЗ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ»

Оңтүстік Қазақстан облысы мұғалімдері тәуелсіз кәсіподағының жетекшісі Сағира Нұрбекованың сөзіне қарағанда, тек Шымкент қаласында ғана емес, облыстағы кейбір мектептерде де мұғалімдердің айлықтарына картоп таратып беріп жатыр.
Шымкенттегі №49 мектеп. (Көрнекі сурет)
Шымкенттегі №49 мектеп. (Көрнекі сурет)
Оның айтуынша, бұған байланысты жақында кәсіподаққа облыстағы бірнеше мұғалімнен арыз-шағым түскен.

– Мамыр айының айлығы есебінен картоп, сәбіз және пияз беріп жатыр. Бұл тек Шымкент қаласында ғана емес, бүкіл облыс бойынша жүріп жатыр. Қазір ақпараттар Сайрам, Қазығұрт, Төле би ауданы, Түркістаннан келіп түсіп жатыр, – дейді Сағира Нұрбекова.

Оның айтуынша, Төле би ауданында тұратын мұғалімдерге көкөніс бірінші рет наурыз айының басында, екінші рет осы сәуірдің басында берілген екен.

Кәсіподақ жетекшісі 30-40 теңгеге бағаланып, беріліп жатқан картоптардың сапасыз екенін айтады.
Әкім айтты – бітті, бастық айтты – бітті, директор айтты – бітті...

– Картоптар өніп, шіріп жатыр. Жеуге жарамсыз. Кеше журналистер ол картоптардың осы жердегі шенеуніктердің біріне тиесілі екенін айтты. Енді соны мұғалімдерге таратып жатыр. Әкім айтты – бітті, бастық айтты – бітті, директор айтты – бітті: мұғалімдер оны орындайды орындағысы келсе де, келмесе де. Жас ұрпаққа тәрбие беріп отырған білім беріп отырған ұстаздар өздерінің құқықтарын қорғай алмайды, «алмаймыз» деп айта алмайды, – дейді Сағира Нұрбекова.

Оның айтуынша, көкөніс ұжымның көлеміне қарай таратылып жатыр. «Мұғалімдер көбірек жерде бір мұғалімге 20-30 килодан тисе, адам азырақ жерде бір қаптан тиген».

– Бір үйден үш-төрт адам мұғалім болып істейтіндер бар. Бір мектепте істемесе де, екінші мектепте істейді. Немесе сол мектепте аула сыпырушы, немесе еден
Шымкент қаласындағы №66 орта мектептің оқушылары жиналыста отыр. 4 мамыр, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Шымкент қаласындағы №66 орта мектептің оқушылары жиналыста отыр. 4 мамыр, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
жуушы болып істейді. Міне, солардың барлығы алып жатыр ол картопты. Сонда бір үйдің адамы 60 немесе 80 кило картошканың бәрін не істейді? – дейді мұғалімдердің облыстық тәуелсіз кәсіподағының жетекшісі Сағира Нұрбекова.

Сағира Нұрбекованың айтуынша, «бұл – жұмыс беруші мен қызметкердің арасында жасалатын ұжымдық келісім-шартте көрсетілмегендіктен заңсыз».

– Бұл мұғалімнің құқығын шектеу, мәжбүрлеу. Кейбір мұғалімдер «Неге қайта-қайта ала береміз?» деп сұраса, оларға «Егер осы мектепте жұмыс істеп, келесіде өздеріңізге тиесілі сағаттарыңызды алғыңыз келсе, әкелген заттың бәрін аласыздар. Алмайды екенсіздер, онда қош айтыса беріңіздер» деген, – дейді Сағира Нұрбекова.

Кәсіподақ жетекшісі «мұны ашық айтқан мұғалімдер қуғындау көріп жатқанын», мысалы жергілікті арналардың біріне сұхбат берген информатика пәнінің мұғалімі Меруерт Сұлтанбекованы директоры қайта-қайта шақырып жатқанын айтты.

Сәуірдің 18-і күні Меруерт Сұлтанбековаға хабарласқанымызда, ол кісі телефонға жауап бермеді.

«БӘРІ ДӘЛЕЛСІЗ»

Сәуірдің 18-і күні Төле би ауданындағы бірнеше мектепке хабарластық. Бір мектептегі телефон тұтқасын көтерген хатшы мұндай жайтты жоққа шығарды. Директорды шақыруды өтінген кезде «облыстық білім басқармасындағы жиналысқа кетті» деп жауап берді.
Жоғары жақтан ешқандай тапсырма берілмеген.

Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының өкілі Азат Әміртаев:

– Бұл – бір аптадан бері бар мәселе. Бірақ бәрі дәлелсіз болып жатыр. Жоғары жақтан ешқандай тапсырма берілмеген. Біз сұрастырып, тексеру жүргіздік. Әзірге ештеңе табылған жоқ, – деді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG