Байырғы целиноградтықтар "Бұрын қаланы бір күнде аралап шыға салатынбыз, қоғамдық көліктер нашар жүретін, жұмысқа, мектепке, балабақшаға ылғи жаяу баратынбыз. Қазіргідей ағылған көлік жоқ, көше мен үйлер де аз болатын. Бұрын жергілікті тұрғындардың бәрін танитынбыз. Ал қазір көшені Интернет-навигатордың көмегінсіз таппайсың, бәрі үлкен қарқынмен салынып жатыр" дейді. Астананы көшіргенге дейін қала халқының саны 290 мың адам болған, қазір бір миллионнан асады. Астана тұрғындарының саны 20 жылда бес есе көбейді. Кей астаналықтар өз естеліктерін Азаттық тілшісімен бөлісті.
"ШАҢЫ БҰРҚЫРАҒАН ҚАЛА ӨРКЕНИЕТТІ ҚАЛАҒА АЙНАЛДЫ"
Смағұл Жұмабеков: - 1936 жылы осы қалада, ескі шағын шіркеу жанындағы саманнан соғылған үйде дүниеге келдім. Ақмолада, тың өлкесінде, Целиноградта тұрдым, ал қазір Астанада тұрып жатырмын. 1994 жылы астана ауысады дегенді естігенде, қатты қуандық. Әуелде бұл мүмкін еместей көрінген еді. 1946 жылға дейін Куйбышев, Авдеев көшесінде - қазіргі Уәлиханов көшесінде тұрдым. Кейін Пушкин - қазіргі Республика көшесіндегі бір бөлмелі пәтерге көштік. Ары қарай пәтеріміз екі, үш, төрт бөлмелі болып кеңейе берді. Қазір 1980 жылдары "Целинстрой" салған төрт бөлмелі пәтерде сол күйі тұрып жатырмын...
Сол заманда қалада жалғыз саябақ, жалғыз көпір болған. Теміржолшылар күні қалада ең маңызды мереке болатын. Бұрын "Родина" кинотеатры болған Тың игерушілер сарайына қуана-қуана баратынбыз. ЦУМ (орталық әмбебап дүкені) тұрған жерді бұрын "Зеленый ряд" деп атайтынбыз. Неге екенін білесіз бе? Өйткені ол жерде дүкендер тізіліп тұратын әрі бәрінің темір есігі жасыл бояумен сырланған болатын. Әлгі дүкендерде жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын, мата, шаруашылық заттарын сататын.
Победа даңғылы бойымен темір жол вокзалынан Ленин даңғылына (қазіргі Абай даңғылы) дейін электр пойыз жүретін. Автобус аз болатын. Қалада жұрт көбінесе жаяу жүретін. Бүкіл қаланы жаяу аралап шығуға болатын. Сол кездегі әдетімнен жаңылмай жұмысқа әлі күнге дейін жаяу барамын. Ескі қаржы министрлігінің ғимаратынан Самалға дейін (Астанадағы "Самал ықшам ауданы – ред.) жаяу барамын. Жағалаудың бойымен жүремін, ол жақ әдемі. Өсіп келе жатқан қаланы сүйсіне тамашалау маған күш-қуат береді.
Біздің Целиноград жасыл желек жамылған қала болатын, ағаштарды көп егетінбіз. "Родина", "Октябрь", "Заря" және кейін опера театрына айналған Теміржолшылар сарайында төрт кинотеатрымыз болған. Орталық саябақ. Қала тұрғындары бос уақытын осы жерлерде өткізетін.
Қаламыздың шаңы аспанға шығып жататын. Тың жерлерді жыртып тастағаннан кейін шаң бұрқырайтын болды, жыртқан кезде қателік жіберіпті, кейінгі жылдары түзетті. Аймақ астық алу үшін жанталасатын.
Целиноградтықтардың бәрінде саяжай болды, әр мекеме алты сотықтан жер беретін. Сондықтан қала тұрғындары қызанақ, қияр, картоппен өз-өздерін қамтамасыз ететін, сырттан әкелетін көкөніс қымбат болатын. Демалыс күндері жұрт саяжайына қуана-қуана ағылатын. Жұрттың бақшасында неше түрлі көкөніс өсетін. 1980 жылдары "Садовод" журналы ең жақсы саяжайлар Целиноградта деп жазғаны есімде. Ол кезде қала бұлай өсіп кетеді деп, әрине ешкім ойлаған жоқ, қазір қала бұрын саяжайлар болған территорияны жайлап алды, тіпті одан да ары кеңейіп барады.
Шаңы бұрқырап жататын қала көркем қалаға айналды. Тәртіп те жақсарды, егер әлдебір қаладан қызғылт сары жұмыс киім киіп жүргендерді көрсеңіз, демек бұл қаланы тазалап жатыр, тазалық пен тәртіпті бақылауда ұстайды деген сөз. Бет қаратпайтын қақаған аяз болатын, қар шатырға дейін жауып қалатын. Сондайда жарты айлап сабаққа бармайтынбыз. Жазда ыстық су болмайтын. Электр жарығы да жиі өшіп қала беретін. Ал қазір мұның не екенін ұмыттық. Қаламыз тамаша, әркім тұруды армандайтын қалаға айналды. Ол әлемдік деңгейдегі қалалардың біріне айналды. Қаламызға әлем басшыларының бәрі дерлік, көптеген мемлекет басшылары келді, бұл жақта түрлі халықаралық оқиғалар өтіп тұрады, ОБСЕ (ЕҚЫҰ - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы – ред.) де жиындарының бірін осында өткізді, әлем діндері съезі сияқты әлемдік деңгейдегі талай маңызды шаралар өтті.
"ТҮЗ ДАЛАДАҒЫ ЕРТЕГІ-ҚАЛА"
Алевтина Новикова: - Мен 1938 жылы Ақмолада теміржолшылар отбасында дүниеге келдім. Мектепті осы жақта бітірдім, Алматыдағы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін оралып, тұрмысқа шықтым, балаларым осында өсті, қазір немерелерім осы жерде өсіп келеді.
Кісі ең көп жүретін жер орталық базар мен темір жол вокзалы болған. Көлік жоқтың қасы болатын. Қаламызда жұрт атпен жүретін, автобустар мүлде болмаған заман есімде қалыпты. Бір кездері мектебімізде үш қазақ қана болған, қазақша бір сөз сөз естімейтінбіз. Ал қазір бәрі орысша да, қазақша да сөйлейді. Жастар тіпті үш тіл біледі, ағылшын тілінде еркін сөйлеп, әлемді оңай аралап жүре береді. Бұған қоса, бізде алғашқы тың игерушілерге қойылған ескерткіш болғаны есімде, жігіттер мен қыздар кездесуді соның жанына белгілейтін.
Победа даңғылын жергілікті тұрғындар "Геологтар даңғылы" деп атап кеткенбіз. Неге екенін білесіз бе? Өйткені оны үнемі қазатын да жататын. Енді ғана қазып, оны көміп, жаңа асфаль төсейді, ал біраздан кейін тағы қазып жатқанын көресің, жыл сайын әрі жыл бойы осылай болатын. Өйткені жылу трассасы да, су құбыры да, кәріз құбырлары да әлгі даңғылдың астынан өтетін. Сондықтан коммуналдық қызметтер біресе біреуін, біресе екіншісін жөндейтін де жататын.Қазір әрине, ондай жоқ. Шамасы, қала билігі инфрақұрылымды басқаша – дұрыстап әрі тиімді етіп салатын болуы керек.
Қазір арада жылдар өткенде айналаны көзбен шолып, қандай әсем астана салып алғанымызды көремін, мұндай астана жер бетінде жоқ. Бұл президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана емес, жергілікті ақмолалықтардың да, бүкіл Қазақстан халқының еңбегі, еліміздің жаңа астанасын салуға адамдар елдің әр түкпір-түкпірінен ағылды ғой. Бұрынғы целиноградтықтар Ресейден, Германиядан келген кезде қаланы мүлде танымай қалады. Таңдай қағып, "мұндай болуы тіпті гипотетикалық тұрғыдан мүмкін емес" деп сенбейді. Қала шырайын өзгертіп, ешқандай ерекшелігі жоқ кәдімгі провинциялық қаланы бүкіл әлем білетін астанаға айналдыру деген... Кейінгі 20 жылда қаламыз ертегіге бергісіз өзгерді.
"ӘЛДЕБІР ЭЙФОРИЯ БОЛДЫ..."
Николай Тихонюк: - 1949 жылы Ақмолада тудым. Ол кезде халық саны 160 мың адам болған. Ең биік ғимараттар вокзал жанында, Монин көшесі бойындағы үш қабатты үйлер болған. Мен Қазақ көшесі бойындағы саманнан соғылған үйде, ескі базардың жанында тұрдым. Айтпақшы, ол көшеннің атауын неге өзгертіп тастағандарын сол күйі ұқпадым. Бұл атау несімен ұнамай қалды? №6 мектепте оқыдым, ол әлі күнге дейін бұрынғы орнында тұр.
Қаржы министрлігінің бұрынғы ғимараты жанынан жаңа үйлер салынған кезде оларды элиталық үйлер санап, "қызыл кірпіштен салынған сондай үйде тұрсақ қой, шіркін" деп армандайтынбыз. Халық әлгі үйлерді "Дворяндар ұясы" деп атайтын. Ал кейін әлгі үйлерді бұзған кезде ол жаққа әдейі барып, оларды ішінен көрдім. Бөлмелері тар, ерекше ештеңесі жоқ екен, бірақ олар бізге элиталық үйлер болып көрінетін. Көпестердің сақталып қалған үйлері бізге зәулім болып көрінетін, қазір ол жерде мұражайлар мен Конгресс-холдың (қазір - "Астана" концерт залы) қарсы бетінде елшіліктер орналасқан.
Бала кезімде Хрущевті екі рет көрдім. Оның кортежі өткен кезде бүкіл қала жұрты жалау ұстап көшеге шыққан. Оны бірінші көргенде алты жаста, екінші келгенінде тоғыз жаста болатынмын. Бұл бала мен түгілі, бүкіл қала тұрғындары үшін үлкен оқиға болған.
Кейін Мир көшесі бойында "ленинградтық" жобамен салынған үйлер пайда болды. Бұған дейін Мир көшесі бойы батпақ болатын, адамдар ол жерден кейде сал байлап алып өтетін. Хрущев келер алдында оны асфальттап қойды, ал ол кеткеннен кейін асфальт ойылып қалды. Сондықтан қайта жасап, әуелі бетон құйып, үстінен асфальт төсеген болатын.
Бізде Целиноград шойын құятын зауыты болған, мен сол жерде жұмыс істедім, бірнеше жыл партия ұйымының хатшысы, сосын 10 жылдай қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болдым. Біз үшін қайта құру жылдары ең қиын кезең болды. Кәсіпорындар тоқтап қалды, ақша жоқ. Адамдар атой салып қалалық атқару комитеті мен облыстық партия комитетіне келеді, біз оларға көмектесуге тырыстық. Ал дүңгіршек, базарлар қаптағанда жұртқа жұмыс табылатын болды деп қалай қуанғанымыз есімде. Бірақ кейінірек әлгі дүңгіршектерді күш салып жабуымызға тура келді, ал бұл әлдеқайда қиын болды.
Астананы Целионградқа көшіруді ұйғарған кезде қала жандана бастады. Келіп жатқан мамандарды күтіп алып, оларды орналастыру қиын болды. Қонақүй жоқтың қасы болатын, қалада небәрі үш мейрамхана, төрт асхана болды, қысқасы, Целиноград кәдімгі провинциялық қала болатын.
Жағалауды абаттандырып қойғаннан кейін ол жер жаңа қала тұрғындары бос уақытын өткізетін орынға айналды. Бұл жер - әлі күнге дейін қаладағы ең жақсы көретін орындарымның бірі. Тоғызыншы ықшамауданды салған кезде халық оны бірден "Красная деревня" ("Қызыл ауыл") деген атап кетті. "Миллениумды" (Есіл өзені жағасындағы көрме өткізетін және сауық кешені – ред.) бұзып тастағандарына әлі ішім ашиды, ол да сол жылдардан қалған құрылыстардың бірі еді.
Бізге өте қиын болды, бірақ мен үшін бұл Целиноградта жұмыс істеген ең қызық кезең болды. Көптеген әрі түрлі жобаларды іске асырып жатқанымызды ойлағанда, әлдебір эйфориялық сезімге бөленетінбіз. Түбінде осындай тамаша астана болып шығады деп тіпті елестете де алған жоқпыз ғой. Әйтеуір күнде жұмыс істеп, ағымдағы тапсырмаларды орындадық. Эскиздерді көрген кезде ешқашан іске аспайтын дүниелерге тыраштанып жатқандай көрінген. Құдай-ау, мынаның бәрі салынып біткенше қай заман, оған дейін өмір сүрмейтін шығармыз деп ойлағанбыз. Ал қазір айналама қарап, мынаның бәрін шынымен өзіміз салып шықтық па, қиялдағы қала туралы арманымыз шынымен орындалды ма, сонда деп ойлаймын.
"АҚМОЛА МЕН АСТАНА – МҮЛДЕ ЕКІ БӨЛЕК ҚАЛА"
Эбенғаппас Ахметов: - Мен де Астананың байырғы тұрғынымын. Соғыстан кейін Ақмолада тудым, орта мектепті осында бітіріп, жоғарғы оқу орнына түстім. Хирург-травматолог болып жұмыс істедім, кейін 20 жыл бойы Целиноград медициналық училищесін басқардым.
Ақмола, Целиноград және Астана - бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі бөлек қалалар. Қыста қалың қар жауатыны, қасат қардың биіктігі адам бойынан асатыны, мүлде жол болмайтыны, адамдар таптап тастаған жолмен жүретініміз, көліктердің де өз сүрлеуі болғаны есімде. Ол кезде қалада жеңіл көлік аз болатын. Қарды күремейтін, қалалық коммуналдық қызметтің оған шамасы жетпейтін. Қазір қыстың өзінде асфальт жылтырап жатады. Жауған қарды түнімен күреп, көкшелерді тазалап қоятын болды ғой. Қазір көшелерді қардан тазалайтын техниканың небір түрін көреміз.
Заманында үйлердің бәрі сұп-сұр әрі біркелкі болатын. Ал қазір тұрғын үй кешендерінің түр-түрі бар, архитекурасы да ерекше, әр үй өзінше ерекше. Қазіргі инфрақұрылымдар ерекше ғой, біздің заманымызда дұрыс автобус та болған жоқ, маршруттық автобусты сарыла күтіп тұратынбыз. Адамдар "Енді бес тиынға жылжыңдар" деп бір-бірін итеріп, сығылысып алатын. Бірақ көңілді болатын, адамдар ештеңені уайымдамайтын, бәріміз ашық-жарқын, мейірімді болатынбыз.Үйлену тойлары қарапайым, тіпті пәтерде немесе үйдің ауласында өтетін. Ал қазір Астанадағы тойлар қандай сән-салтанатпен өтеді, көріп жүрсіздер ғой?! Неше түрлі мейрамхана бар, тек талғамың, қалтаң білсін. Ал Целиноградта бірер қоғамдық тамақтану орны бар болатын, оларды солай деп атайтынбыз. Ерекше жағдайларда болмаса, мейрамханаға мүлде бармайтынбыз,.
Қазір қала тұрғындарға жайлы қалаға айналды, бәрі бар, мүмкіндік те мол. Бұрын қыста біз көшеде ғана емес, пәтерімізде де тоңып отыратынбыз, өйткені дұрыстап жылытпайтын. Бір күні Жастар сарайында концерт өтіп жатқанда жарық өшіп қалғаны есімде. Сөйтсек, ЖЭС (жылу электр станциясы – ред.) су алатын Нұра-Есіл каналының суы қатып қалыпты. Ал қазір ондай болуы мүмкін еместей, сарайда мыңдаған адам қараңғыда қалып қойғаны фантастика сияқты болып көрінеді.
Әрине, тұрмыс әлдеқайда жақсарды. Бәрі қарқынмен дамып келеді. Денсаулық сақтау саласында қандай серпін болғанын дәрігер ретінде айта аламын. Осы жылдары жабдықталуы жағынан әлемдік стандарттарға сай қаншама медициналық орталық ашылды. Білікті медициналық кадрлар ғана жетіспейді. Бірақ жастар оқып, тіл үйреніп, біліктілігін арттыру үшін әлемнің үздік клиникаларына барып жатыр. Сондықтан көп ұзамай бізде де халықаралық деңгейдегі медицина болатынына сенемін.
"ҚАЛА ТАҒДЫРЫ 180 ГРАДУСҚА БҰРЫЛДЫ"
Қуандық Елжанов: - Мен 1950 жылы Ақмолады туғанмын. Балалық шағым осында өтті. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын тәмамдағаннан кейін туған қалама оралдым. Республика астанасында өтетін жарыстар біз үшін ғаламат оқиға болатын. Бәріміз әсем Алматыға ынтық болып, жас кезімізде шіркін, астанада тұрсақ қой деп армандайтынбыз. Бірақ ғажап нәрсе болып, астана бізге өзі көшіп келді, бәріміз астаналық тұрғынға айналдық. Астананы біздің қалаға көшіреді екен деген жаңалықты алғаш естігенде бәріміз қатты қуанып, қанаттанып қалдық. Қаламыздың тағдыры 180 градусқа бұрылды.
Спортқа қатысы бар адам ретінде айтайын - бұрын қалада жалғыз стадион бар еді. Адамдар жаттықтырушы болып қоғамдық негізде жұмыс істеген түрлі спорт қоғамдары болған. Одақтың (СССР) өзге қалаларында өтетін жарысқа бару үлкен жетістік болатын, ал халықаралық жарыстарға қатысуды тіпті армандамайтынбыз да. Ал қазір қаламызда қаншама халықаралық және республикалық жарыстар мен турнирлер, Азия, әлем чемпионаттары, президент кубогы, Хопман кубогы, Дэвис кубогы өтеді. Бұрын қазіргі "Дәулет" спорт кешенінің барак үйлер, сосын ВДНХ (теміржол вокзалы маңындағы көрме кешенін жергілікті тұрғындар осылай атайтын) болған, ал қазір ол жерде ел басшысының тапсырмасымен халықаралық деңгейдегі спорт кешені салынған. Былтырдың өзінде ғана ЭКСПО аясында халықаралық деңгейде сегіз спорт шарасын өткіздік. Әлем чемпионаттары халықаралық стандарттар бойынша өтеді. Астанаға спорт әлемінің қаншама жұлдызы келіп кетті. Осындай оқиғалардың арқасында Астананы әлемнің көптеген спортшылары біледі.
"ЕЛІМІЗДІҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ"
Галина Храпатая: - 1960 жылы Ақмолада дүниеге келдім, ал бір жылдан кейін қала Целиноградқа айналды. Целинники даңғылында тұрғанмын, ол үй әлі бар, қазір ол жерде "Есіл" деген телефон сататын дүкен. №1 орта мектепті бітірдім, ескі болғанымен, әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр, қаладағы ең үздік мектептердің бірі саналады. Целиноград медициналық училищесін бітірдім. Балалық шағым өткен қала шағын болды, мектепке де, училищеге де жаяу баратынмын. Балалық және жастық шағым өткен қала қазір естелік болып қана қалды. Қыстың күні мұз қалашығын жасап қоятын. Жағалауда серуендегенді жақсы көретінбіз, ол жақта ағаштан қиып жасаған үйшіктер мен ағаш пішіндердің қалашығы болған. ЦУМ - ең жақсы көретін дүкенім болған, жұрт кезекте тұратын. Тың игерушілер сарайы мен драма театры бәріміздің ең жақсы көретін демалыс орнымыз болған. Ақмолалықтар мен целиноградтықтардың ең сүйікті орны болған шығар, өйткені барып, демалатын өзге ештеңе болған жоқ. Ал қазір? Қалада қаншама тамаша, керемет орындар ашылды. Жасыл түсті мүсіндер өзіме қатты ұнайды, сол жерде немерелеріммен ылғи фотоға түсеміз. Мереке сайын қаланы әр түрлі етіп безендіреді. Бәрі сондай әдемі, эстетикалық талғаммен жасалған. Бәрін аралап, жанында тұрып фотоға түсіп үлгермейміз. Қазір қаламызда ондаған сауда үйі мен ойын-сауық орталығы бар, көптеген мерекелер, халықтық серуендер өтеді.
Немере қыздарыммен серуенге шыққан кезде қайда барсақ екен деп көп ойланамыз, өйткені баруға болатын, демалатын орын көп. Біздің балалық және жастық шағымызды еске түсіретін орындар аз қалды. Қазір бұл -халықаралық стандарттарға сай етіп салынған сәнді әуежайы мен вокзалы бар мүлде басқа қала. Бізде халықаралық деңгейде салынып жатқан дүниелер көп, өйткені қаланы астана деп текке атамайды ғой. Бұл еліміздің бет-бейнесі ғой.
"200 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ҚАЛА"
Асқар Жапаров: - 1975 жылы Целиноградта дүниеге келдім. Осындағы №1 мектепті, Целиноград автожолдар техникумын бітірдім. Жергілікті қызға ғашық болып, үйлендім, қазір үш баламыз бар. Біздің Жапаровтар отбасы бұл жақта шамамен 1900 жылдардан бері тұрады. Сүйікті қалам туралы көп нәрсе айта аламын.
Амал нешік, Ақмола, Ақмолинск, тіпті Целиноградтың тарихы туралы жазылған кітаптар онша көп емес. Ал қазір Астана шежіресін минут сайын тіркеп отыру керек, өйткені қала тез салынып, дамып барады. Егер қаланың әлдебір ауданына алты ай бармай кетсең, кейін жаңа үйлер, көшелер пайда болғанын көресің. Өте қарқынмен салынып жатыр. Астана өткен 20 жыл ішінде көп өзгергенімен, даму қарқыны мен астананың инфрақұрылымын жақсарту қарқыны баяулаған жоқ. 200 жылдай тарихы бар қала ертегідегідей көркейіп кетті.
"ҚАЛА КҮН САЙЫН ШАБЫТТАНДЫРАДЫ"
Илья Никитин: - 1988 жылы Целиноградта дүниеге келдім. Бала кезімде қазіргі "Самал" ықшам аудан территориясында тұратын тракторға қарағанды жақсы көретінмін. Тіпті әдейілеп барып қарайтынмын. Оның қандай трактор болғаны қазір есімде жоқ. Шамасы, тыңның символы болған шығар. Әйтеуір ол маған сұрқай тіршіліктің ортасындағы ерекше жарқын нәрсе болып көрінетін. Ал қазір Астанада қаншама жарқыраған, ерекше, үйреншікті емес, әлем-жәлем орындар бар. Туған қаламда жаяу серуендегенді қатты жақсы көремін. Өзім тұратын қаланы, ғимараттарды, мүсіндерді, ескерткіштерді, астаналықтарды фотоға түсіргенді қатты жақсы көремін...
Бұл - мені құр өсіріп, тәрбиелеп шығарған қала ғана емес, маған қалған бүкіл әлемді ашқан қала. Иә, қысы Эверестке шығу алдындағы сенің рух-жігеріңді тексеріп, иммундық жүйеңді шыңдайтын жаттығу базасы деуге болатын қала. Ал жазда шабыт іздеген кез-келген шығармашылық адамын қуантпай қоймайтын жасыл желек жамылған бақ-қала. Бұл - өзінің сүйікті ісімен айналысып жатқан мыңдаған адам тұратын, бұл - арасында асфальт жолдар орналасқан жүздеген саябақтан тұратын, бұл – күн сайынғы тәжірибең бүкіл әлемде ештеңеге ұқсамайтын жаңа болашақ құрып жатқан жаңа мүмкіндіктер қаласы. Бұл – көкпеңбек, тап-таза үлкен аспаны бар қала. Жаздың күні оның аспанындағы шарбы бұлттардан неше түрлі бейне көруге болады, ал түнде сенің сәлеміңе көзін қысып, жымыңдайтын жұлдызаралық жиханкездермен кездесуді елестетуге болады. Бұл - мені күн сайын жаңалық іздеуге шабыттандыратын қала.
Астананың тарихы 1830 жылдары патшалық Ресей құрған Ақмола бекінісінен басталады. 1862 жылы қала мәртебесіне ие болған Ақмоланың атауы 1961 жылы "Целиноград" деп өзгертілді. Ал 1992 жылы қайтадан "Ақмола" атанған қаланың атауы 1998 жылы тағы да өзгертіліп, "Астана" атауы пайда болды.
ПІКІРЛЕР