Азаттық радиосы бұдан бұрын хабарлағанындай, бейсенбі күні Алматы облысы Балқаш ауданының орталығы -Бақанаста жол жүру ережесін бұзу салдарынан кісі өліміне себепкер болды деген айып бойынша Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтиске қарсы сот поцесі аяқталып, соттың үкімімен ол төрт жылға бас бостандығынан айрылған болатын.
ҚҰҚЫҚҚОРҒАУШЫНЫ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ
Жовтистің қорғаушылары белгілі құқыққорғаушыға шығарылған сот үкімінің әділетсіз екенін айтып, жоғары сот инстанцияларына шағымданатындықтарын мәлімдеді. Олар сот үкімін сот төрешісі емес, жоғары жақтың шығарғанына сенімді.
Белгілі құқыққорғаушыны 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы Балқаш аудандық соты шығарған шешіммен келіспейтінін жеткізген Евгений Жовтистің қорғаушылары бүгін ақпарат құралдарының назарын негізінен мынадай мәселелерге аудармақ болды: Евгений Жовтиске шығарылған үкімнің жоғары жақтан келгені, сот төрешісінің қорғаушы тараптан жасалған 4 өтініштің ешқайсысын да қанағаттандырмауы, аутотранспорттық жол сараптамасының өз деңгейінде жүргізілмегені, сондай ақ, жол-көлік оқиғасы салдарынан мерт болған жаяу жүргіншінің жол ережесін бұзуы, т.б
Қорғаушы Виталий Воронов сот төрешісінің небәрі 15 минуттың ішінде 4-5 беттік үкімді қалай шапшаң шығарғанына таңданыс білдіреді.
«Сот төрешісі үкім шығару үшін кеңесу бөлмесінде 15 минуттай болды. Сонан соң көзге 4-5 беттік болып көрінетіндей үкімді оқыды. Бұл мүмкін емес. Сот үкімі негізінен кеңесу бөлмесінде жазылуы тиіс. Бұдан біз мынадай қорытынды жасауға мәжбүр болып отырмыз: сот төрешісі шешімді өздігінен шығаратындай тәуелсіз болмаған, сот үкімі кеңесу залынан бөлек жерде құрылған болуы керек. Бұл бір.
Евгений Жовтис (солдан оңға қарай) және оның қорғаушылары Виталий Воронов, Вера Ткаченко және Дос Көшім сот үкімін тыңдап тұр. Бақанас, 03 қыркүйек, 2009 жыл.
Екіншіден, сот төрешісі «жарыссөз бітті» деп жариялай салысымен, жарты сағат бойы залда отырғандар процестен шығарылмай «қамалды». Сот жасауылы мұның себебін түсіндіре алған жоқ. Мұнан бөлек кеше жарыссөздің екінші бөлімі басталғанға дейін сот залына жарақтанған полиция мен тұтқынды алып кету үшін арнайы көлік алдын-ала шақырылды. Бұл кезде сот төрешісінің қандай үкім шығаратынын ешкім білмеуі керек еді. Бірақ мұны «біреу» білген»Оның айтуынша, жол-көлік оқиғасының өзге қатысушыларының әрекеті атап айтқанда, жаяу жүргіншінің жол ережесін сақтамауы, қарсы жолақта келе жатқан көлік жарығын шағылыстыруы т.б жайттар мүлде ескерілмеген.
«СОТ САРАПТАМАСЫ ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ КІТАБЫ НЕГІЗІНДЕ ЖҮРГІЗІЛГЕН»
Евгений Жовтистің қоғамдық қорғаушысы Дос Көшім Жовтистің марқұмның туыстарынан кешірім сұрап, моральдық-материалдық шығындарын төлегенін, туыстарының оны кешіргенін айтады. Десе де, ол үшін кейіннен құқыққорғаушыны жауапқа тарту туралы марқұмның туыстарының өтініші кенеттен пайда болғаны түсініксіз жайт. Осылардың барлығына күмән келтірген Дос Көшім аутотранспорттық жол сараптамасының қажетті деңгейде жүргізілмегенін де атап өтті.
«Қорытындыны жасаған уақыттарда екі сарапшы келді. Сол сарапшылардың қандай әдебиет қолданғанын сұрап алдым. Қолыма екі әдебиет берді. Ол кітаптың біреуі 1980-ші жылы шыққан, біреуі – 1989 жылы шыққан. Ішіндегіні ашып қарап едім. Оның алдында пайдаланған әдебиеттер 1962-64-ші, 70-ші жылдардағы әдебиеттер. Қысқасы, қазіргі кездегі «Джип» көлігіне қатысты мәселенің арасы жер мен көктей. Осы мәселе туралы мен «Неліктен осыны пайдаландыңдар? Және осыны пайдаланып отырып берген қорытындыларыңды объективті шындық деп ойлайсыңдар ма?» деген сұрақ қойдым. Олар «бұл мемлекет үшін ұят» қой деумен шектелді. Сондықтан біз қайталама сараптама өткізу туралы талап-арызымызды ұсындық. Ол арыз қанағаттандырылмады»
«БҰЛ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА ШЫҒАРЫЛҒАН ҮКІМ»
Қорғаушылардың бірі Вера Ткаченко сот шешімін Жовтиске шығарылған үкім емес, Қазақстанның азаматтық қоғамына жасалған үкім десе, «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик Жовтисті «саяси тұтқын» деп атады.
«Евгений Александрович ешқашан қандай да бір партияның құрамына кірген жоқ. Ол азаматтық қоғам майданында күресті. Бірақ ол құқықтық-демократиялық мемлекетті қорғады. Бұл тұрғыда оны саясаткер деп атауға болады. Оны сол үшін де отырғызды. Ол – саяси тұтқын. Біз саяси астардан зардап шеккен барлық азаматтар үшін әділ сот шешімін талап етіп, күресетін боламыз»
Біз осыған қатысты Балқаш аудандық прокуратурасына да хабарласқан едік. Аталмыш істе мемлекеттік айыптаушы қызметін атқарған Алтай Жүнісбеков мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.
«Менің жауап беруге құқығым жоқ. Бізде облыстық прокуратурада баспасөз қызметі бар. Оның үстіне біз үкімді қолымызға әлі алған жоқпыз. Қолымызға тисе, біз өзіміздің көзқарасымызды білдіре жатармыз»
«ФРИДОМ ХАУЗ» ЖОВТИСТІҢ АДАМЗАТ ӨЛШЕМІ БОЙЫНША ӨТЕТІН ЖИЫНҒА ҚАТЫСУЫ ҮШІН КҮРЕСЕДІ
Екі күнге жалғасқан сот отырысын бақылаған халықаралық ұйым өкілдері «біз Қазақстанның ішкі өміріне араласпаймыз» деп сот үкіміне қатысты пікір білдіруден бас тартты. Десе де, сот процесі барысында құқық саласындағы олқылықтардың апелляциялық инстанцияда қайталанбауына үміт еткен «Freedom House» ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Иваннета Добычева Жовтис мырзаның осы жылдың қыркүйек айында Варшавада өтетін адамзат өлшемі бойынша ЕҚЫҰ-ның жыл сайынғы отырысына қатыстыру мүмкіндігін қарастырып жатқандарын айтты.
«Біздің жергілікті құқыққорғаушы әріптестеріміз уақытша қамау изоляторындағы Жовтис мырзаны камераға түсіріп алу туралы өтінішпен хат жазады. Және аталмыш отырыс аясында болатын Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қатысты қосымша шарада Жовтистің өтініші тыңдалатын болады, Жовтис мырза оған қатысады»
Евгений Жовтис қазіргі таңда Талдықорғандағы уақытша қамау изоляторында отыр.