29 жасында төртінші баласын өмірге әкелген Марал (толық аты-жөнін айтқысы келмеді) бала көтеруді тоқтатты. Жеті жыл бұрын қабылдаған бұл шешімі ешкімді таңғалдырмайды. Қырғызстанның солтүстік-батысындағы Талас облысында тұратын ол жүктілікті болдырмайтын дәріні гинеколог маманнан алып жүрді. БҰҰ-ның халық саны жөніндегі қоры (UNFPA) әзірлеген бағдарлама арқасында Марал дәріні тегін алып келген еді.
Енді бағдарламаның аяқталатын уақыты таяғанға ұқсайды. Марал қазір сапалы әрі тегін контрацептивтердің (жүктіліктен сақтандыратын дәрінің – ред.) бұдан ары берілмейтінін біліп жатыр. Ендігі жерде Марал бұл дәрілерді дәріханадан сатып алуы керек, бірақ оған шамасы жетпейді.
- Біздің ауылда әйелдердің көбі жүктіліктен сақтандыратын дәрі ішетін. Қазір бұрын алған дәрілерімді ішіп жатырмын, ол ай соңында бітеді, - дейді Марал.
UNFPA Қырғызстандағы жұмысын тоқтатпайды, отбасын жоспарлау және аналардың денсаулығын жақсарту жолында еңбек ете береді, бірақ бала туу мәселесіне арналған бағдарламасы аяқталды.
Қырғызстанның денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, UNFPA қаржыландыратын бағдарлама жақында мүлдем тоқтайды. Бішкектегі UNFPA деректеріне сүйенсек, агенттік соңғы бес жылда 3 миллион доллар қаржыны тегін контрацептивтер тарату үшін жұмсаған.
Денсаулық сақтау мамандары жағдайы төмен әйелдер жүктіліктен сақтандыратын дәріні сатып ала алмайтынын айтады. Үкімет тегін контрацептивтер тарататын қорларды қолдауға онша назар аудара бермейді.
Қырғызстан депутаттарының халық саны және даму жөніндегі комитетінің төрағасы Осмонбек Артыкбаев мемлекеттік бюджеттен бұл мақсатқа қаржы бөлінбейтініне қынжылады. Ол «көптеген жылдар бойы донорларға иек артқан үкіметтің өз бетімен күн көретін сәті жеткенін» айтады.
Үкімет БҰҰ бағдарламасының орнын басу үшін медициналық сақтандыру құжаты барларға 50 пайыз жеңілдік жасауды қарастырады, бірақ ауылда тұратын мыңдаған әйелге оның қатысы жоқ. Артықбаев бұл шараның жеткіліксіз екенін айтады.
Ол Қырғызстан билігінің отбасын жоспарлау және ана мен бала денсаулығын сақтау ісінде көптеген «мәселелерді шешуге тырысып жатқанын», бірақ әлі діттеген мақсатына жетпегенін айтады.
Отбасын жоспарлау жөніндегі Ыстықкөл облыстық орталығының жетекшісі Салтанат Акунова «жүктіліктен сақтанатын дәрілер - бала көтергісі келмеген жандар үшін ең ыңғайлы әдіс» екенін айтады.
- Оларды қолдану да оңай. Қырғыздар - әдетте көп балалы болғанды ұнататын халық, бірақ әйелдер кем дегенде үш жыл үзіліспен ана болуды қалайды, - дейді.
Акунованың айтуынша, Ыстықкөл өңіріндегі отбасылы әйелдердің 40 пайызы жүктіліктен сақтанатын дәрі қолданады.
Бішкектегі UNFPA кеңсесі өкілі «бірнеше жыл бойы қырғыз үкіметіне ескерту жасағандарын» айтады. Бішкектегі UNFPA өкілі Медер Өмірзақов «бағдарламаның күндердің күнінде бітетінін, сондықтан үкіметтің өз бағдарламасы болуы керек екенін айттық» дейді.
- UNFPA Қырғызстанды жүктіліктен сақтанатын дәрілермен қамтамасыз етуді 2015 жылы тоқтатты, биыл соңғы дәрілерді жеткіздік, Қырғызстан үкіметі жобаның аяқталғанынан хабардар, - деді Медер Өмірзақов.
Қырғыз үкіметі ана мен бала өлімін азайту жөніндегі ұлттық бағдарламасын 1990 жылдардың басында жасаған. Бірақ қырғыз әйелдері бағасы қымбат әрі тұрақты келіп тұрмайтын дәрілерді сатып ала алмайды.
Жатыр ішіне қойылатын құрылғылар мен жасанды түсік жасату көбейді, әсіресе ауыл тұрғындары соған жүгінді. 2000 жылдары UNFPA жүктілікті бақылау әдісін үйретіп, тегін дәрі ұсынды. Қырғызстан үкіметінің деректері бойынша, соңғы жылдары ана мен жаңа туған сәби денсаулығы жақсарған, бұл елдің премьер-министрі Сооронбай Жеенбеков сәуір айында 2015 жылдан бері ана мен бала өлімі 30 пайызға азайғанын айтты. 1992 жылдан бастап әйелдер контрацептив қолданғалы жасанды түсік жасату да азайған.
Қырғызстан отбасын жоспарлаудың халықаралық серіктестігі бағдарламасына мүше. Жоба мақсаты – 2020 жылға қарай әлемдегі 120 миллион әйелдің қолын жүктіліктен сақтану құралдарына жеткізу.
Жобаға UNFPA, Билл және Мелинда Гейтс қоры, АҚШ және Ұлыбритания үкіметтерінің халықаралық даму агенттіктері және тағы басқа ұйымдар жетекшілік етеді. UNFPA Қырғызстанда 1992 жылдан бері ана мен жаңа туған сәбиге сапалы қызмет көрсету, гендерлік теңдік туралы хабарландыру, отбасын жоспарлау және репродуктивтік денсаулық, жыныстық сауаттылық сияқты мәселелер бойынша жұмыс істеп келеді.
Ал Таласта тұратын Маралдың отбасы ауыл шаруашылығы кәсібімен күн көреді, сондықтан оның дәрілерді сатып алуға жағдайы жоқ. «Бұрындары бала көтергісі келмеген әйелдер жатырға арнайы құрал салдыратын, бірақ оның денсаулыққа кері әсері болды. Мен де соны салғызармын, әзірге нақты шешім қабылдағаным жоқ» дейді ол.