Су ресурстары және ирригация министрлігі 84 елді мекенді тасқыннан қорғайтын жалпы ұзындығы 310 шақырым болатын бөгеттер салынып жатқанын хабарлады. Осы жұмыстар аясында 56 жоба 40 пайызға аяқталған.
Бөгет салу жұмыстары шамамен 580 мың адам тұратын Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы елді мекендерде жүріп жатыр.
"Министрліктің бассейндік инспекциялары төтенше жағдай министрлігі және әкімдіктермен бірлесіп, еліміз бойынша 1502 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізді. Тексеріс қорытындысы бойынша гидротехникалық құрылыстардың иелеріне анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді. Көктемгі қызыл суды қабылдайтын бос орын болу үшін еліміздің солтүстігі, батыс, шығыс және орталық аймақтарындағы су қоймаларынан су жіберу жұмысы жалғасып жатыр" деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Былтыр көктемде Қазақстанның бірнеше аймағында үлкен су тасқыны болды. Ресми мәлімет бойынша, тасқыннан 200-ден астам елді мекен зардап шеккен. 17 мыңнан астам үйге су кірген немесе су астында қалған. 120 мыңнан астам адам өз баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болған. Үкімет мәліметінше, тасқыннан жалпы 300 млрд теңге шығын келген.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Қазақстанда 1800-ден астам гидротехникалық жабдық бар. Олардың 600-ге жуығы республика меншігінде, мыңға жуығы коммуналдық меншікте, 200-ден астамы жеке меншікте, 25 нысан қараусыз қалған деп айтылады. Елде 500-ден астам нысан жөндеуге зәру.
ПІКІРЛЕР