Адам құқықтарын қорғаушы белсенді Элла Памфилова наурыз айында Ресейдегі сайлау комиссиясының басшысы болып тағайындала салысымен бұл мекемені тазалап, ашық әрі демократиялық сайлау өткізуге уәде берген. "Біз көп нәрсені, әсіресе орталық сайлау комиссиясының жұмыс жүйесін, түбірімен өзгертеміз. Уәде беремін" деген еді Памфилова.
«11 МИЛЛИОН ДАУЫС ҰРЛАНҒАН»
Алайда сарапшылар қыркүйектің 18-індегі дума сайлауының алдын ала ресми қорытындыларына статистикалық талдау жүргізу арқылы науқанның бұрынғы сүрлеумен жүргенін байқаған. Биліктегі «Единая Россия» партиясына жеңіс әперу үшін жаппай бұрмалау жөнінен бұл сайлау 2007 және 2011 жылғы сайлаулардан еш кем түспей тұр.
– Бұл жолғы дума сайлауының нәтижелері 2011, 2008 және 2007 жылдардағы дума және президент сайлауларындағы деңгейде бұрмаланған. Біздің болжауымызша, бұлар – постсоветтік кезеңдегі ең көп бұрмаланған сайлаулар. Менің жобалауым бойынша, бұл жолғы сайлауда «Единая Россияны» қолдау мақсатында шамамен 11 миллион дауыс ұрланған, – деді физик Сергей Шпилькин.
Орталық сайлау комиссиясының алғашқы қорытындылары бойынша, сайлаушылардың 48 пайызы дауыс берген, олардың 54,2 пайызы (шамамен 28 миллион 272 мың адам) «Единая Россияны» қолдаған. Демек, билік партиясы мемлекеттік думадағы партиялық тізім бойынша үлестірілетін 225 орынның 140-ын иеленеді. Бұған қоса 225 бір мандатты округтің 203-інде «Единая Россия» өкілдері жеңіске жетті. Сонда думадағы жалпы 450 орынның 343-і билік партиясына тиесілі болмақ.
2011 жылғы сайлауға жасаған статистикалық талдауының арқасында тәуелсіз «Политпросвет» жүлдесін жеңіп алған Сергей Шпилькин бұл жолғы сайлаудың қорытындыларын 19 қыркүйекте блогында жариялады.
Орталық сайлау комиссиясының веб-сайтындағы мәліметтерді пайдаланған ол барлық 95 мың 800 сайлау учаскесінде дауыс берген адамдардың санына қарай графика жасады.
Әділ сайлаудың графигі парабола пішіндес болады, яғни күндіз халықтың белсенділігі біртіндеп артып, кешке қарай бәсеңдей бастайды. Шпилькиннің графигі бастапқы кезде қалыпты болып келеді, сайлаушылардың белсенділігі ең жоғары дегенде 36 пайыздан аспайды. Бірақ кешке қарай парабола сызығы құлдилап, содан соң күрт жоғары көтеріледі. Сайлау учаскелерінің көпшілігі сайлаушылардың 70 пайыздан астамы келді деп есеп бере бастайды.
Шпилькиннің айтуынша, орташа көрсеткіштен көп кісі дауыс берген сайлау учаскелерінде «артық» дауыстардың барлығы «Единая Россияны» қолдаған. Мәселен, әсіреұлтшыл Владимир Жириновский басқаратын ЛДПР партиясы сайлаушылардың 95 пайызы қатысқан учаскеден де, 65 пайызы қатысқан учаскеден де шамалас дауыс жинаған. Ал «Единая Россия» сайлаушыларының 95 пайызы дауыс берген аймақтарда төрт есе көп дауысқа ие болған.
– Көп шығынды, интеллектуалдық жұмысты талап етпейтін ең оңай бұрмалау әдісі – өзің қалаған кандидат не партия белгіленген бюллетендерді жәшікке салу. Бірақ бюллетенді салғанда халықтың сайлауға қатысу көрсеткіші де орташа шамадан асып кетеді. Бұл сайлаудың ерекшелігі – бір партияға берілген дауысты екіншісіне алып беру әрекеті байқалмайды. Бәлкім, мұнда Элла Памфилованың ықпалы болса керек, – дейді Сергей Шпилькин.
ВИДЕО: Ресейдегі сайлауда бюллетеньді топтап салу
Оның үстіне Шпилькиннің графикасында дауыс беруге қатысқандардың көрсеткіштері 5 не 0 (75, 80, 85 пайыз) сияқты дөңгелектенген сандармен бітетін сайлау учаскелері өте көп болды, сондықтан араның тісі сияқты үшкір бейне шықты. Сарапшы Шпилькин өткен сайлауларда байқалған бұл «құбылысты» Ресей Орталық сайлау комиссиясының сол кездегі төрағасы Чуровтың «құрметіне» «Чуровтың арасы» деп атаған.
Сергей Шпилькин 2008 жылы «Единая Россияның» думадан ресми хабарланғандай 315 емес, 277 орынды иеленгенін айтқан.
«Единая Россия» 343 орынды иеленсе, конституцияны қалағанынша өзгерте алатындай басым күш болмақ.
Бұл жолы бұрмалаудың нәтижелері депутаттық мандаттарды бөлісуге қаншалық әсер еткенін нақты айту қиын, себебі депутаттардың жартысы аймақтардағы бірмандатты округтерден сайланды әрі олардың көбінде «Единая Россия» жеңді. Шпилькиннің болжауына қарағанда, «Единая Россия» партия тізімі бойынша 40 пайыздай дауыс жинады. Демек, тізім бойынша олар 140 емес, 110 орынға ие болуы тиіс. Алайда барлығы 343 орынды иеленсе, онда «Единая Россия» конституцияны қалағанынша өзгерте алатындай басым күш болмақ.
Элла Памфилова "сайлау нәтижелерін бұрмалау фактілерінің барлығы тексеріледі" деп уәде берді. Қазірдің өзінде үш сайлау учаскесіндегі сайлау нәтижелері жоққа шығарылды. Бірақ оның айтуынша, сайлауда жүйелі түрде бұрмалау болған жоқ, сондықтан сайлау заңды өтті деп саналады. Қыркүйектің 20-сында Ресейдің бас прокуратурасы дауыс беру кезінде айтарлықтай заң бұзу болмағанын, ал арыз-шағымдардың алдыңғы сайлаулармен салыстырғанда анағұрлым азайғанын айтты.
Бірақ бірнеше сайлау учаскесіндегі ресми камералар түсірген бейнетаспадан басқа көріністі байқаймыз. Видеоларда көбіне жергілікті сайлау комиссияларының мүшелері бақылаушыларға көрсетпей жәшіктерге бюллетендерді топтап салып жатыр.
Памфилова мұндай видеолар дауыстардың бұрмаланғанына дәлел бола алмайды деді, ал Шпилькин 2012 жылы соттардың осы сияқты видеоларды айғақ еткен арыздарды қанағаттандырмағанын еске салды.
Сергей Шпилькин Ресейдің сайлау жүйесін «төменнен жоғарыға қарай жаулаған бұрмалаушылыққа» Элла Памфилованың енді көзі жетер деп үміттенеді. Бірақ ол оппозициялық партиялар жаппай бұрмалау болмаса да думаға өте алмас еді дейді.
– Мәскеуде, Санкт-Петербургте жергілікті деңгейде, бірмандатты округтерде аздаған өзгерістер болған шығар. Бірақ партия тізімі деңгейінде оппозицияның позициясы өте төмен болды, – дейді сарапшы.
Александр Барышников пен Роберт Коалсонның материалы ағылшын тілінен аударылды.